27 Сәуір, 2019

Елордада шетелдегі қазақ жастарының футбол турнирі өтіп жатыр

2350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында көрші елдерде тұратын қазақ жастары және тарихи Отанына оралған қандастарымыздың, сондай-ақ республикамыздың әр аймағынан келген 200-ден аса аяқ доп шеберінің қатысуымен шағын футболдан халықаралық турнир басталды.

Елордада шетелдегі қазақ жастарының футбол турнирі өтіп жатыр

Биыл бесінші рет өтіп жатқан жарыс Жастар жылына орайластырылған. Екі күнге жалғасатын доп додасының жүлде қоры – 3 млн теңге. «Отандастар қоры» КЕАҚ және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырған турнирде бұл жолы Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Иран және Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан келген 22 команда ойын көрсетуде. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Сарбасов мұндай басқосулардың шетелдегі жастардың атажұртына келіп, елді танып-білуіне, жастар өзара тығыз байланыс орнатуына мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол спорттық іс-шара бұқаралық спортты дамытып, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге оң ықпал ететінін айтты.

«Отандастар қоры» құрылғаннан бастап мәдениет, спорт, кәсіпкерлік сияқты бірнеше сала бойынша қарым-қатынасты дамытуға білек сыбана кірісіп жатыр. Соңғы жылдары көптеген себептермен көш саябырсып қалғаны рас. Бұл жарыс бір жағынан қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына ықпал етсе, екінші жағынан шетте туып-өскен қазақ жастарының еліміздің жетістіктерін танып-білуіне мүмкіндік сыйлайтыны сөзсіз», дейді «Отандастар қоры» Байланыс орталығының жетекшісі Марат Тоқсанбаев.

Жарысқа төрт жылдан бері үзбей қатысып келе жатқан биылғы Футзалдан өткен Моңғолия чемпионатының жеңімпаздары екенін атап өткен жөн. «Ulgii city» құрама командасының бапкері Ертай Оралұлы шәкірттері Моңғолия тарихында ең көп гол соққан аяқ доп шеберлері екенін мақтанышпен айта келіп, бұл жолы  «үздік ойыншы» атанған 16 жастағы Балғын Кәдірханұлы өнер көрсететінін жеткізді.

Өзбекстан жастарын бастап келген Еркебұлан Елмұратов аталған турнирге тұңғыш рет қатысып отырғандарын айтып, қуанышын жасырмады. «Жарысқа шақыру алғанымызға өте қуаныштымыз. Мұндай басқосулар біздің Қазақстанды тануымызға, жаңа достар тауып, байланыс орнатуымызға үлкен септігін тигізері сөзсіз», дейді ол.

Ала доп додасында шетелден келіп Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дайындық бөлімінде оқып жатқан жастар да бақ сынасуда. Команда капитаны Рамазан Асылбек «бұл біз үшін үлкен сайыс. Жасымыз кіші болса да өз күшімізді сынап көруге келдік», дейді.

Соңғы жаңалықтар