Президент • 29 Сәуір, 2019

Өндірісті өңір әлеуеті қашанда жоғары

991 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің бірқатар әлеуметтік және индустриялық нысандарын аралап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті.

Өндірісті өңір әлеуеті  қашанда жоғары

Кездесу алдында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамының жұмысымен таныс­ты. Президентке кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна алюминий шығаруға қауқарлы екені мәлімделді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Павлодар облысы елі­міздің дамуына зор үлес қо­сып отырған ірі өндірістік өңір­лердің бірі екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдары Ер­тіс өңірінің экономикалық әлеуе­ті едәуір нығайды. Сіздердің облыстарыңыз Қазақ­стан­ның өнеркәсіптік және энер­ге­ти­­калық флагмандарының бірі­не айналды. Елбасы ұсын­­ған индустрияландыру бағдар­ла­масының арқасында өңірде құны 988 миллиард теңге бола­тын 90 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар жанармай-энерге­тикалық кешенін, мұнай-химия, метал­лургия және басқа да салалар­ды қамтиды, – деді Қазақ­стан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшыларының назарын ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруға байланысты мәселелерге аударды.

– Павлодар облысы ауылдар­ды ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінен еліміз бойынша көрсет­кіші ең төмен өңірлердің бірі. Бұл мәселені жүйелі түрде жедел шешу керек. «Өңірлерді дамы­ту­дың 2020 жылға дейінгі бағдар­ламасы» аясында 2018 жылы сумен жабдықтау және су тар­ту жүйелерін жаңғырту үшін рес­пуб­ликалық бюджеттен 2,7 мил­лиард теңге қаржы бөлінді. Үкімет пен әкімге әрбір бөлінген теңгеге қатаң бақылау жасауды тапсырамын. Сонда ғана халықты сумен қамтамасыз ету ісін уақтылы және тиімді шеше аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті аталған өңір үшін экология мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті.

– Біз ұлт денсаулығына, саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударамыз. Алайда, кәсіпорындардың қалдықтарына бақылаудың жоқтығынан біздің өндірістік орталықтарымызда күр­делі экологиялық ахуал қа­лып­тасып отыр, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы облыс әкі­міне Үкіметпен бірлесіп, Жастар жылы аясындағы Жол картасында қарастырылған шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

– Бізге жұмыспен қамту са­ла­сындағы іс-қимылдарды жан­дандыру керек. Сондай-ақ жұмыс күші көп аймақтардан көшіп келетін халықты қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Бүгінде облыстың жыл сайынғы жұмыс күшіне деген қажеттілігі 25 мыңнан астам адамға жетті. Мұны шешудің жолы қолайлы инфрақұрылымдар, қолжетімді және жалға берілетін баспаналар құрылысы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Соңында Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру әрдайым ерекше бақылауда болатынын айтып, соттардың қызметі мен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталды.

– Әділеттілік – қызметтік жағдайы мен әлеуметтік мәрте­бе­сіне қарамастан, барша азаматтың заң алдындағы тең болуы. Заңның үстемдік етуі дегеніміз осы. Бұл соттар қызметіне араласпауды көздейді. Дегенмен, кей кездері құқық бұзушылықтарға қатысты олардың шығарған үкімдері азаматтарымыз үшін оғаш және ақылға қонымсыз болып көрінеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі кезекте Пав­лодар мұнай-химия зауытына барып, аталған өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Қазақстан Президентіне кәсіп­­орынның қазіргі уақытта автомобиль жанармайын, реактивті қоз­ғалтқыштарға арналған жанар­май отынын, дизельді және қазандық отынын, өзге де мұ­най өнімдерін, сон­дай-ақ ком­муналдық-тұрмыс­тық мақсатта газ өндіретіні туралы баяндалды. Зауыттың жыл­дық қуаты – 5,1 миллион тонна. Оның өнімдері ішкі нарыққа жет­кі­зі­леді, сонымен қатар Ресейге, Өз­бек­станға, Қытайға, АҚШ-қа, Ни­дерланд еліне, Италияға және Украинаға экспортталады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында өндірістік қуатына ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген Пав­лодар мұнай-химия зауыты­ның ел экономикасындағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

Кәсіпорын жұмысшылары отандық өндіріске қолдау көр­сет­кені үшін Қазақстан Пре­зи­дентіне алғыс білдірді.

Бұл Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев Жастар баста­ма­­ларын дамыту орталығына бар­ды.

Бұл «бір терезе» қа­ғидаты бойынша жастарға қызмет көрсететін республикадағы ал­ғаш­қы мекеме саналады. Орталық аймақ жастарына жұмысқа орналасу, мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламаларына қа­ты­су, кәсіпкерлікті дамыту мәсе­ле­лері бойынша ақпараттық-консуль­тациялық көмек көрсетеді. Жас­тарды құқықтық, психо­логиялық тұрғыдан қолдау және кәсі­би бағдар беру орталық жұ­мы­сының негізгі бағыттарының бірі. Мұнда айына 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жас­тарға айтқан сөзінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Ел­басының өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Мем­лекет басшысы жастардың бар­лық бастамасына қолдау көрсете беретінін жеткізді.

Сапарының соңында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Мектеп директоры Ринат Жұмабаев Президентті мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. «2013 жылы ашылған мектепте қазір 644 оқушы білім алуда, – деді Р.Жұмабаев. – 60 оқу ка­бинетінің 11-і зертхана, екі спортзал, жаттығу залы, 378 орын­дық мәжіліс залы, 305 орындық асхана мен кітапхана, психологтың кабинеті, баспасөз орталығы, медициналық блок, музыкалық және хореографиялық кабинеттер бар. Мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлығы 131 педагог жұмыс істейді». 

Мектептің 11-сынып оқу­шысы Дияр Төленов Назарбаев зият­керлік мектебіне 7-сынып­та оқуға түскенін айтты. «Ин­­до­незияда, Ресейде, Португа­лияда, Вьетнамда және Аус­тра­лияда өткен халықаралық пән олим­пиадаларының жүл­де­гері атан­дым, – деді ол. – Бұл – менің ұста­зымның, жаттық­ты­рушымның бірлескен жұмы­сының және мектептегі бүкіл қолдаудың нәтижесі. Физикадан олимпиада – мен үшін өзін өзі дамытудың тәсілі және менің болашақ ма­мандығым. Болашақта физика саласының ғалымы болсам дей­мін». 

Президентке облыс орта­лы­ғындағы №34 мектептің физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаев өңірдегі білім саласында қандай жаңашылдықтар қолданылатынын айтып берді. «Көбі физиканы қиын пән деп ойлағанмен, мен үшін олай емес – деді педагог. – Сабақтарымда шынайы өмірде болған жағдайлар арқылы тәжірибеге негізделген тәсілдерді қолданамын. Сон­дықтан «Физика инфографикасы» көмекші құралын жасадым. Ол оқушыларыма физиканы қызықты және күнделікті өмірдегі танымдық ғылым ретінде қабылдауға көмектеседі». 

Мұғалімді тыңдай отыра, Қ.Тоқаев автордан физикадан есеп­тер жинағын тарту етуін өтінді және бос уақытында оның есептерін шығаруға уәде берді.
Қ.Тоқаев «Қазіргі заманғы Қазақстан» кабинетімен таныс­ты. Оқушылар өздерінің ғылыми жұмыстары туралы баяндады. 

– Білім – ең қымбат қазына, – деді Президент. Сондықтан талмай, шаршамай ізденіп, білім алу керек. Бұл – ең таңдаулы мек­теп­тердің бірі. Сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндік жасалған. 

Павлодар облысы