– Менің әкем Нәби батырдың үшінші ұлы. 12 жасында қолына қару алып әкесі қолға түскен 1951 жылдың соңына дейін 11 жыл аттан түспепті. Жарықтық 2002 жылы 74 жасында дүниеден өтті. Өз басым 2003 жылы атажұртқа оралып, Түркістандағы Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша 2008 жылы бітірдім. Қазір жеке кәсіппен айналысып жүрмін. 2011 жылы шаңырақ көтердім, үш балам бар.
– Сіз маман тарихшы болмасаңыз да көтеріліске бастан-аяқ қатысқан тірі куәгер әкеңіз Нәбидің әңгімесін көп тыңдадыңыз, жоғарыдағы ұлт-азаттық қозғалыстың басталуына себеп болған дүние не?
– Түсінікті. Көтерілісті бастаған кімдер?
– Көтерілісті бастаған Есімхан және Ақтеке деген дала билері. Ақыттың өлгені туралы хабарды естіген халық қайтерін білмей толқып тұрғанда Көктоғайдың Өндірқарасында отырған Оқан зәңгінің үйіне қасында оншақты нөкері бар аудан әкімі Чүй Ер Лан келе қалмай ма. Ашуға булыққан 40 шақты адам Есімханның бастауымен Оқанның үйіне қарай беттейді. Мұндағы қытай ұлықтары сталиндік репрессияның дайындығы ретінде ел арасындағы беделді тұлғаларды тізімдеуге шыққан тәрізді. Осыны аңдаған халық Оқанның үйіне басып кіріп, аудан әкімінің басын кесіп алады. Дәл осы тұста Шәкуіртінің қара Бұлғынында отырған Халел ауылында Сарноғай дейтін ұлық басқарған бір топ қытай қонып жатады. Бұлардың басын Ақтеке бастаған жігіттер кесіп тастайды да, адамдарын бастап Есімханға қосылады.
– Бұл кезде Оспан батыр қайда жүр?
– Жоғарыдағы Оқанның үйін басып алған 40 адамның бірі Оспан. Ол кісі бұл толқудың басы екенін аңғарса керек, дереу қыс ішінде асудағы қарды бұзып, жалғыз өзі Ышқынты жайлауына тартады. Себебі бірнеше жылдың алдында Оспан Қобда бетіне ұзатылған жалғыз қарындасы Дариғаның жасауын жеткізіп беруге барады. Қайтар жолда шекара күзетіне тұрған моңғол әскерлерінің қолына түседі. Олар батырды заставаға қарай айдайды. Жол ортада Оспан әскерлерге ымдап дәретке отырам дегенді ұқтырады. Белін шешіп жеңілдеп, дәретін алып болған соң екі жасауылды ұрып жығып, бесатарын оғымен олжалап тайып тұрады. Мылтықты ел көзінен жасырып, Ышқынты жайлауына, тастың қуысына тығып қояды. Ел көтерілгенде қараса, адамдардың қолында бақан-қамшыдан басқа түк те жоқ.
– Үрімжіге барғандар не болды?
– Барған жерде бәрін зынданға тастайды. Ол жерде көбі өліп, аман шыққан бірер адам Оспанға қосылады. Ақтеке мен Ырысхан да сонда өледі.
– Яғни, Есімхан мен Ақтеке өлген соң көтеріліс тізгіні Оспанның қолына көшті. Сөйтіп 1940 жылдың соңында жаппай атқа қонған көтерілісшілер не іштен, не сырттан келер көмек жоқ, гоминдан әскерімен төрт жыл аюдай арпалысты. Осындағы шайқас барысы туралы әкеңізден естіген әңгімелерді еске түсірсеңіз?
– Әкем Өр Алтайдың етегіндегі Қалжыр өзені бойында сұмдық қырғын болды дейтін. Жау өзеннің арғы бетін иеленіп алған, өткелге келген елге оқ жаудырады, ел кері бұрылса, ол жақты да жау қоршаған. Балалы-шағалы көш өзеннің ортасында тұрып қалды. Жаудың оғы судың бетіне түскенде кәдімгі жаңбырша жауып тұрыпты. Осы оқиға жайлы анам «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген ғой, осы сұмдықтан тірі шықтық, деп көзінің жасын сүртіп отыратын.
Осы шайқаста Нәби бірінші болып жағаға ілігіп, жалғыз өзі жаудың бетін қайтарыпты. Артынан сарбаздар да келіп екі жағалауды бітеп тұрған пәленбай жүз әскерді түре қуып Қалжырға тоғытыпты. Осы соғыста Рахметолла деген адам жамбасына оқ тиіп, суда қалып қойыпты. Өлген адам сияқты суда бір күн, бір түн қалқи ағып құтылыпты. Жарықтық 2009 жылы қайтыс болды.
Бізбен көрші отырған Зарықхан деген қария болды. Өзі керемет мерген. «Бірде терең сайды өрлеп келе жатыр едік, тарс еткен мылтық дауысы естілді», дейді Зақаң. – Қарасақ, сайдың екі жақ биік қабағында қаптаған қытай. Бізді қоршап алыпты. Жылғаның табанына жата-жата қалдық. Маңайымыз жұдырықтай тасқа толы екен. Бір-бір тасты бетімізге қалқан етіп ұстап алғанбыз. Бірдеңе тарс еткендей болды да, көзімнің оты жарқ етті. Есімді жиып қарасам, жау жаққа қаратып ұстап жатқан мылтығымның дәл ұңғысын кеулеп кірген оқ, ұңғыны екі жаққа айырып кетіпті. Шалқалап жатып-ақ жауды қырып жібердік. Терімізді сүртіп қарасақ, көзкөрім жерде бір төбенің басында бекініп алған біреулер оқ жаудырып болмайды. Содан әлгі жігіт намыстанып, төбеге қарай тіке шапқаны. Сасқалақтап қалдым... қол мылтығымды оқтап алып, артынан мен де шаптым. Құрдасым арқан бойы алда кетіп барады. Бір кезде ол оқ тиіп аттан ұшып кетті. Келесі оқ маған тиерін білдім де өтірік аттан ұшып түсіп, жата қалдым. Төбеде жасырынған үш адам екен. Олар баспалап оқ тиген жігіттің қасына келіп қатарласып тұра қалды. Дәл осы сәтте аунап түстім де, үшеуінің қатарын бұзбай атып жібердім. Жалғыз оқ үш қытайды түйреп өте шыққаны. Сөйтіп бір оқпен үш қытайды атып алдым дейтін.
– Менің білуімше, 1944 жылға дейін Оспан жаумен жалғыз өзі соғысты. Осы жылдың басында Сталин көтерілісшілерге көмек қолын созды. Бұл жайлы не білесіз?
– Бұл оқиға тарих бетіне қатталған. Елдің көбі хабардар деп ойлаймын. Десе де айтарым, Шыңжаң билеушісі Шен Шицай Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес армиясы сөзсіз жеңіледі деп ойлады. Сөйтіп 1943 жылдың басында Шыңжаңда қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандар мен әскери күштік құрылымдарын елден аластатып, оның орнына Чан Кайши басқарған гоминдан әскерлерін енгізді.
Шығыс Түркістан өлкесі қолдан шығып бара жатқанын аңғарған Сталин мұндағы гоминдан әскеріне қарсы тұрған жалғыз күш Оспан батырды қолдау қажет деген шешім шығарды. Нәтижесінде Сталиннің басшылығымен 1944 жылы қаңтар айының 22-сі күні Молотов, Иванов, Чойбалсандар қатысқан жиын өтіп, Шыңжаңдағы гоминдан күшін әлсіретудің жолы Оспан бастаған көтерілісшілерді пайдалану дегенге тоқталады. Сталин дереу армия генералы А.Антонов пен Забайкалье әскери округінің қолбасшысы М.Ковалевті шақырып алып, Чойбалсан арқылы Оспанға беретін қару-жарақтың мөлшерін айтып, дереу орындаңдар деген бұйрық береді. Наурыздың 5-і күні маршал Чойбалсан көтеріліс басшысы Оспан батырмен жолығып, ертеңінде наурыз айының 6-сы күні тапсырманың орындалғаны туралы: «Мәскеу. Жолдас Сталинге. Оспан туралы толық мәлімет алдық. Ол сөзге сараң, секемшіл, діндар, тақуа адам екен. Қару-жарақты түгел тапсырдық. Қатты риза болды. Оспан кешікпей Алтай аймағын гоминдан әскерінен азат етуі тиіс...» деп Мәскеуге сүйіншілеген радиохабар жіберген.
– Яғни Сталин өзінен бет бұрған Шыңжаң билеушілеріне сес көрсету үшін, Чойбалсан болса, еліне төніп келе жатқан гоминдан шапқыншылығын тоқтату үшін Оспанға жүгінді. Оспан да қарап қалған жоқ, олардың қару-жарағын пайдаланып, 1945 жылы Алтай аймағын жаудан тазартып, жеке уәлаят құруға ұмтылды...
Бұны неге айтып отырмын. Оспан өзінің мақсат-мүддесін еш нәрсеге айырбастамады. Өзіне бағынышты жасағын бастап көтерілісті жалғастырды.
– Дәл осы тұстағы Оспан батырдың жаулары кімдер болды?
– Бұл жерде басын ашып айтатын дүние, 1947 жылы Үрімжі қаласының маңындағы Санжы деген жерде гоминдан генералы Шүй Жи Чан, қазақтан Қалибек, Жанымхан қажы, Тәкіман батыр, Оспан бар – барлығы бас қосып, кеңеседі. Осы кеңесте «Уақытша шығысқа шегіну» жоспары қабылданады. Сөйтіп Оспан елі шығысқа ауып, Қайызға барып қыстады.
– Дәл осы жерде қыстап отырғанда ұсталды емес пе?
Дәл осы оқиғаның ортасында болған Қызмет дейтін апамыз айтатын: Жерге жарық түскенде қарасақ, ауыл алдындағы белді шаң басып тұр екен, соған қарап азаматтардың құтылғанын болжадық. Күн көтерілгенде қарасақ, Оспан батырдың қолын артына қайырып байлаған, түйеге мінгізіп жетектеп жүр екен. Батыр қабағын қарс түйіп, түнеріп алған, сыр білдірмейді. Ауыл толы қатын-қалаш не істерімізді білмей күңіреніп тұр едік, батырдың қызы Пәнсия жылап-еңіреп әкесіне жетіп барды. Сол кезде Оспан батыр қызына: «Тарт көзің жасын, болды еңіреме, мені қытай ұстады дейсің бе, бұл құдайдың әмірі, Алланың әміріне ешкім қарсы келмейді» деді де, ошарылып қарап тұрған қауымға: – Менің дәуірім осымен аяқталды. Енді жоқпын», депті.
– Ата жаумен азаттық үшін 11 жыл айқасқан атаңыз 1951 жылы көктемде Үрімжіде атылды. Бірақ арада жыл өткен соң туыстары батырдың сүйегін қазып алып, атажұрты Тамырдыға әкеліп жерлеген дейді. Бұл туралы не білесіз?
– Әкемнің айтуынша, 1952 жылдың күзінде Оспанның үлкен ұлы Шердиман Қытай үкіметімен бас араздықты тоқтатып, мәмілелесу жайлы тоқтамға қол қойған. Осы тоқтамның бірінші тармағында, көтерілісшілер қару-жарағын тапсыру тиіс болған. Екіншісі – Оспан батырдың сүйегін алып, оны ата-баба қорымына жерлеу. Үшіншісі – өткен істер қаузалмайды, барлық көтерілісшілерге кешірім жасау. Төртіншісі – қолға түскен тұтқындарды босату, бесінші тармақ – үкімет соғыстан зардап шеккендерге мал-мүлік, ұн-шай, астық сияқты жәрдем беріп, көмектесу. Соңғы тармақ – көтерілісшілер ішіндегі беделді тұлғаларды үкімет қызметіне тағайындау. Сөйтіп жоғарыдағы шарт бойынша туыстары батырдың сүйегін қазып алған екен.
– Батырдың сүйегін кімдер барып қазып алыпты?