«Құрамында 200-ге жуық қызметкері бар шығармашылық ұжым 16 жылдың ішінде үш халықаралық және бір республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін, бірнеше рет атаулы номинацияны иеленген. Құр қол қайтқан кезіміз жоқ. Алдағы жоспарларымыз туралы айтар болсақ, заманымыздың заңғар жазушысы, кемеңгер қайраткер Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ТҮРКСОЙ ұйымымен және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Әбіш әлемі» атты І Халықаралық театр фестивалін өткізуге дайындалып жатырмыз. Осы сапарымызда шымкенттік көрермендерге «Шыңырау» (драма), «Атың өшсін,...!» (трагифарс), «Әлиханның аманаты» (реквием), «Ханума» (поп-арт музыкалық комедия) қойылымдарын ұсынбақпыз», деді Тоқтамұрат Тілеу.
«Еліміздегі ең жас театр болсақ та актерлеріміз өздерін шығармашылық тұрғыдан үнемі шыңдап келеді», дейді қонақтар. Оның жарқын дәлелі ретінде «Дарын»Мемлекеттік жастар сыйлығының және «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының иегері Медғат Өмірәлиевті айтуға болады. Мұнан бөлек, театр әртістері отандық сериалдар мен фильмдерге («Күләш», «Қыз жолы», «Ақылдың кілті», «Тар заман», «Балуан Шолақ») түсіп, ұлтымыздың көптеген мемлекет және өнер қайраткерлерінің рөлдерін сәтті сомдап, республика көрермендерінің арасында танымалдылыққа ие болған.