Қоғам • 30 Сәуір, 2019

Бірліктің күші

1630 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарашаңырақ деп отырғанымыз – Қазақстан. Қазақстанның түп иесі – қазақ халқы. Қазақ жерінің қасиетін біліп рахмет айтудан жалықпай келе жатқандарға қазақ та риза. Мекендеген жерінің, ішкен суының қадірін білгеннен олар да жаман болған жоқ.


Кешегі «орыс» деген сөз «кеңестік», ал «Ресей» деген ел «Кеңес Одағы» деген алып империяның атымен алмастырылып айтылатын заманнан қалған «халықтар достығы» бүгінгі посткеңестік елдердің де басты постулатына айналып отыр. Қазақстанның басты байлығы атанып, бүгінде мемлекеттің брендіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан халқына Алғыс айту күні, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, осының бәрі де татулықты сақтап, ынтымақты күшейту жолында ұлттық иммунитетті күшейтіп, ұлт араздығын тудыруы мүмкін расизмге қарсы қолданатын қазақстандық екпе есебінде танылып, тиімділігін көрсеткендіктен, алыс-жақын тұтас қызыға қарайтын халге жетті. Ел бірлігіне байланысты мерекелерді медициналық екпеге бекер теңеп отырған жоқпыз, қоғам ағзасын дерттен таза ұстаудың амалы, дімкәс жері сыр беріп жатса, қарсы тұратын қабілетін қозғап, сауықтыратын құралға айналдырар күші бары мойындалып келе жатқаны шындық.

Біздің әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан интернационалистің белгілері көп. Бұл алдымен «олардан қандай пайдалы нәрсе үйрене аламын?» деген сұраққа жасырын түрде жауап іздетеді. Қазақстанды мекендеген жүзден аса ұлттың бір-біріне беретіні де, алатыны да аз емес.

Қоғам бұл жағдайға бір күнде келген жоқ. Тарихи Отаны бола тұра тағдыр жазуымен әр ауылға переселен болып келген өзге ұлт өкілдерінің қазақша сайрап тұратын балаларын біз әлі күнге жылылықпен еске аламыз. «Халықтар достығы» деп аталатын үлкен ұғымның кішкентай ғана элементін Қызылтаң қой кеңшарында жүріп-ақ біз де көріп өстік. Үпір-шүпір он баласы бар тракторшы Васька ағаны орыс деп ол кезде ешкім ойламаған екен де. «Қара Иван» деген әкесі қара моланың түбінде су ұстап, темір қыздырып соғып жататын. Ол Қызылтаң жұртына техниканы жөндеуді, құрал-сайманмен жұмыс істеуді үйретті. Абай мен І.Жансүгіров көшелерінің бойы тола орыс, неміс, украин, чешендер болатын. 1950 жылдары оларды орталыққа қарай жылжыту туралы арнайы қаулы шығып, үдере көше бастаған кез екен. Көктемгі егісті, күздегі жиын-теріннің жайын ойлап, шаруашылықтың негізгі тұтқасын ұстап отырғандардың ауылды тастап көшкеніне ренжіген кеңшар директоры Қанабек Заманов ағамыз жалынып: «сиыр берем, қой берем, үй берем, қалыңдар» деп әлгі әртүрлі ұлыс өкілін шетінен үгіттей бас­тайды. Буынып-түйініп, түйеге қомын артып алғандар көнсін бе, райынан қайтпайды. Түк шығара алмасын біліп күйіп кеткен директор: «Әй, Васька, сен де кетейін деп жүрсің бе?» дейді басқаларға қарағанда момындау жігітке үмітпен қарап. Сөйтсе жуас деп жүрген ағамыз айтатын көрінеді: «Қанабек аға, кеткісі келгендер кете берсін. Егер Қызылтаң өртеніп кетсе, мен күлін күзетіп үш күн отырамын». Тәуелсіздіктің елең-алаңында осы Васьканы балалары Ресейге көшіріп әкетпек болып жиылып келгенде, ағамыз қайта-қайта Ақсу өзеніне қарай қашып, жағасында ұзақ ойға шомып, көпке дейін көнбей жүріп алыпты. Кейін қырық жыл көршісі болған Рахымға жазған хатын бүкіл ауыл оқып, көздеріне жас алып бертінге дейін айтып жүрді. Әлдеқашан Ресейіне көшіп кетсе де, ел әлі күнге есіне алып, құрметтеп отырады.

Той төбелессіз тарқамайтын заманда, бір-бірімен ағайын, құдандалы болып келетін Қызылтаңның жастары өзара төбелесіп, жаға жыртысып, жұдырықтасып жатса да, өзге ұлттың бір баласының маңдайынан шертпейтін. Өйткені олардың бәрі ауылдың салтын біледі, шетінен қазақша сайрап тұр, ең бастысы, ауылдың әр азаматын өз бауырындай сыйлайды.

Міне, кешегі қарапайым ауылдарда қалыптасқан осы үлгі қатардағы қалыпты жағдайға айналуы керек еді. Керісінше, бүгінде өзге ұлттың бір өкілі қазақша сөйлеп тұрса, жердің астынан жеті атамыз тіріліп келгендей, жүрегіміз жарыла қуанып, жөнді-жөнсіз мадақтап, аспандатып жатамыз. Қарашаңырақта тұрғаннан кейін қасиетін сезініп, тілін үйреніп, сөйлегеннің несі артықшылық? Кеңестік кезеңнің өзінде қазақ тіліне жасалған құрмет жылдармен бірге тереңдеп, көш ілгері басса, қалыпты жайт қана ғой. Барлық өркениетті елдерде мемлекеттік тілді үйрене ғой деп ешкім ешкімге жалынбайды. Себебі – қажеттілік. Осы Васька ағамыз бен оның он баласын «қазақша үйрен» деп ешкім желкесінен түйіп, дігірлеген жоқ, «ақша төлейміз, айналайын, оқи қойшы» деп жалынған жоқ. Олар ешкіммен санаспады, олармен ешкім тіреспеді. Санасу, есептесу – ұлтаралық саясаттың соры. Басқаға бойыңдағы жақсыңды, ізгілігіңді берсең – татулық пен берекеге бастайды, мойындамай, жақсысын мансұқ қылсаң – араздыққа ұрындырады. Бар шындықтың қарапайым түйіні осы ғана.