Руханият • 30 Сәуір, 2019

«Богема» – нағыз махаббат дастаны

1372 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының жаңа маусымдағы шығармашылық ізденіс қарқыны шын мәнінде сүйсінтеді. Жыл басынан бастап бірнеше классикалық туындыны сахнаға шығарып, көрерменін қуанышқа кенелтіп үлгерген ұжымның тыңдарман үшін келесі тосын сыйы – Дж.Пуччинидің әйгілі «Богема» операсына ұласты.

«Богема» – нағыз махаббат дастаны

«Богема» – сырға толы драма орын алатын лирикалық опе­ра. Өткен аптада елорда тө­рін өнердің ғажайып мейра­мы­на айналдырған айтулы шы­ғарма операның алтын қо­рына «Мадам Баттерфляй», «Ту­ран­дот» сынды теңдессіз туын­ды­лар салған италиялық ком­по­зитордың кезекті классикасы. Му­зыкатанушылардың сөзінше, «Богеманың» музыкасы сазды әрі еліктіретін әуенге қанық. Оркестрлік партиялардың әсерлі сан алуандығы, екпінді қарқыны ән салу мәнерлілігін айқындай түседі екен. Сондықтан болса керек, кезекті премьераға «Ас­­тана Операның» ең үздік со­лис­тері іріктеліп алынды. Қос құ­рамда өнер көрсеткен әртіс­тер сахнада кәсібиліктің үздік үлгісін паш етті. Мими пар­тиясы – Мария Мудряк пен Май­ра Мұхамедқызының сарап­­тауында сахнаға шықса, Рудольф – Медет Шотабаев, Жан Тапин, Марсель – Сүндет Бай­ғожин, Талғат Мұсабаев, Кол­лен – Тайыр Тәжі­ғұлов, Бо­лат Есімханов, Шонар – Ан­дрей Борисенко, Ержан Саипов, Мю­зетта – Салтанат Ахметова, Альфия Каримова, Альциндор – Ар­мин Бабаян, Тайыр Тәжіғұлов, Бенуа – Тал­ғат Ғалеев, Мағжан Аман­жо­лов, Пар­пиньоль – Бейім­бет Та­ңа­рықов, Рамзат Балакишиев, Сер­жант – Самат Жарылқасынов, Бақтияр Омаровтың орындауында көрерменін қуантты.

– Жақында ғана өзім бас партиялардың бірін сомдаған Дж.Россинидің «Жібек саты» операсы премьерасының өтуіне байланысты, «Богеманы» өте қысқа мерзімде сіңіріп, сарап­тауға тура келді. «Жібек саты» мен «Бо­гема» тұсаукесерлерінің ара­сы 10 күн­нен сәл асады екен. Соған қарамастан, қарқынды жұмыс істедік. Қиын болса да, маған бұл про­цесс өте қатты ұна­ды. Әсі­ресе классиканың әншінің ке­мел­деніп, кәсіби шың­далуына берер пайдасы мол. Осы тұрғыдан келгенде, Ита­лиядан арнайы ша­қы­рыл­ған режиссер Андреа Бер­нард мырзамен жұмыс істеу біз үшін үлкен мектеп болды десек, артық айтқандық емес. Ол әр­тістерден нені талап етуді білетін жақсы режиссер, білікті маман», – деп Марсель партия­сын­да жарқырай көрінген Сүн­дет Байғожин премьералды дайындық жұмыстарымен жан-жақты таныстырып өтсе, опе­радағы басты партия Мими рөлін өзінің бай шығармашылық тәжі­рибесінде алғаш рет сахна төріне шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы өз әсерін былайша жеткізді:

– Операда берілген Париждің атмосферасы менің жаныма өте жақын, себебі бұл керемет шаһарда өмірімнің 7 жылын өт­кердім. Дәмхана, темір жол бе­кеті мен фабрика – мұның бар­лығы мені Францияның қақ ортасында жүргендей ғажайып сезімге бөледі. Бір қызығы, Париж опера театрында Мюзетта партиясын бірнеше мәрте орындадым, бірақ үнемі Мими болып сахнаға шыққым келетін. Жоғары сопранода дауыстардың жыл сайын төмендей түсетін ерекшелігі бар, сондықтан ол кезде бұл партия менің дауысыма сай келмеді. Араға бірнеше жыл салып, ақыры міне дауысым да дайын болды. Мими бұған дейін сахна көрген қойылымдарда әлсіз, науқас қыз ретінде көрсетілетін. Бірақ біздің орындауымызда бұрынғылардан өзгерек болмақ. Ол өзінің жастық жалын, жігерімен ерекшеленеді. Тіпті дүниеден озар сәтінде де сол өмір сүйгіштігінен айнымайды. Мими көз жұмар алдында жігіт оған: – Сен атқан таңдай ажар­лысың, – дейді. Сонда бойжеткен: – Жоқ, батқан күндей, – деп жауап береді. Операдағы дәл осы сөздер менің жанымды ерек­ше тебірентті. Өмір қысқа, бә­ріміз де о дүниеге аттанамыз, алайда жер бетінде ғасыр ғұмыр ке­шіп те нағыз махаббаттың не екенін ұғына алмай өткен адам қан­шама?! «Богема» арқылы тың­дар­манымызға өмірдің осы бір пәлсапасын ұғындырғымыз келді, дейді әнші.

Қазақ-итальян таланттарының тамаша шығармашылық танде­мінен туған қойылым шын мә­нінде көрерменінің көңіл түк­пірінен орын алғаны сөзсіз. Қоюшы дирижер – Джузеппе Акуа­вива, қоюшы режиссер – Андреа Бернард, сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші «Оскар» сый­лығының иегері – Франка Скуар­чапино, бас хормейстер – Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов бас­таған өз ісінің шеберлері жаһан халқы жақсы білетін опе­раны жаңашыл бағытта бап­тап, қ­о­йылымға бұған дейінгі сарап­тау­ларға мүлдем ұқса­май­тын өз­геше сахналық ғұ­мыр сыйлады. Әлемді әдемі әуе­німен әл­дилеген Дж.Пуччини мұ­расы осы­­лайша бас шаһар көрер­мен­де­рінің ортасына көк­тем­нің шуақ­­­ты күнімен бірге қай­тып ора­­лып, махаббат пен ме­йірімге шө­лір­кеген жүректерге қай­таланбас жылылық нұрын сыйлады.