Үкімет • 30 Сәуір, 2019

Істің мәні – әлеумет қамы

975 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының студент жастардың жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Істің мәні –  әлеумет қамы

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Елбасы­ның бес әлеуметтік баста­масындағы 75 мың орындық жатақ­хана салу туралы Үшін­ші бастамасын орындау мақ­сатында жоспарлы жұмыс­тар жүргізіліп жатқанын айтты. Өткен жылдың өзінде оқу орындары мен жергілікті бюджет есебінен 3 мыңнан астам орын пайдалануға берілді. Жобаға инвесторларды тарту мақсатында «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы­мен бірге мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік қағи­дасы­на негізделген қажетті нор­матив­тік-құқықтық база қалып­тастырылып, қаржы көлемі бекітілді. Жатақханалар құ­ры­лысымен айналысатын кәсіп­кер­лерге инженерлік коммуникациялары дайын жер телімдері беріліп жатыр.

 

Биыл 9 мың орын пайдалануға беріледі

«Мемлекет банктік несие­нің 7 пайызын субсидия­лайды, жатақханалар құры­лысына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұл шаралар инвесторлар шығындарын қыс­қартып, жобалардың жал­пы құнын төмендетуге мүм­кін­дік береді», деген минист­р жатақ­хана қолданысқа берілгеннен кейін оларға 8 жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс орналас­тырылатынын айтты.

Бүгінгі таңда 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қам­тамасыз ететін 43 жоба іске асырылып жатыр. Оның 20-сы кәсіпкерлердің, 24-і оқу орын­дары­ның, оның ішінде 13-і жеке­меншік оқу орындарының бастамасымен жүзеге асады.

«Аталған жобалар аясында осы жылдың өзінде жоспар­лан­­ған 5 мыңның орнына

9 196 орын енгізіледі. Яғни жос­пар 184 пайызға орындала­ды. Өңірлердің арасында ал­дыңғы қатарда – Нұр-Сұл­тан, Шымкент қалалары мен Жам­был облысы», деді К.Шәм­ши­динова.

Оның айтуынша, мем­ле­кеттік жоғары білім орда­лары­мен салыстырғанда, жеке­мен­шік оқу орындарының бел­сен­ділігі анағұрлым жоғары. Мы­салы, биыл жекеменшік оқу орынд­ары 8 жатақхананы енгі­зе­тін болса, мемлекеттік оқу орын­дары небәрі 2 жатақхананы енгізбек.

Өңірлерде атқарылып жат­қан жұмыстар туралы Жам­был облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндады. Бұл облыстарда жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, олардың тә­жі­рибелерін басқа өңірлерге таратуға болады.

Өз кезегінде Премьер-Министр­дің орынбасары Гүл­шара Әбдіқалықова жатақ­ханаларды уақтылы енгізу және студенттер үшін қо­лай­лы жағдай жасау ұзақмер­зім­ді міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жыл­ға дейін 75 мың орынға ар­нал­ған жаңа студенттік жатақ­ханаларды пайдалануға бергеннен кейін мемлекеттік тапсырысты орналастыру қарастырылады. Кәсіпкерлер үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Банктердің пайыздық мөлшерлемесі 7 пайызға де­йін төмендетіліп, құрылыс ере­желері жеңілдетілді, мем­ле­кеттік тапсырыс қаржы жағы­нан қамтамасыз етілді.

Премьер-Министр Асқар Мамин бұл іс барысындағы оң қорытындыларды атап өт­ті. Үкімет басшы­сы жатақ­ханаларды пайда­лану­­ға берудің нақты жос­парын әзірлеп, орындауды қам­та­ма­сыз етуді тапсырды. Осы ба­ғытта инвесторлармен жұ­мыс­ты ұйымдастыру қажет. Жатақ­ханалар салуды бірлескен күш-жігермен, мем­лекеттік-жеке­меншік әріп­тес­тік аясында жал­ғастыру керек. Бұл ретте қолда бар тетікті негізге алып жұмыс істеу керек, себебі жатақ­ханалар құрылысына бюджет­тен қосымша қаражат бөлінбейді. 

«Әкімдер ректорлармен және оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, студенттер жа­тақханаларын салу жұмысын жандандырып, жоспарланған нысандарды уақытында тапсыруды қамтамасыз етсін, қымбат жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тоқтатсын», деп тапсырды Премьер-Министр.

 

Ауылдағы тұрмыс сапасы артады

Сондай-ақ Үкімет оты­ры­­сын­да «Ауыл – ел бесігі» жо­ба­сын іске асыру мәсе­ле­сі қаралды. Премьер-Министр­дің орынбасары Жеңіс Қасым­бек өз сөзінде Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баевтың Nur Otan партиясы­ның XVIII съезінде берген тап­сыр­масына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру басталғанын айтты. Жоба­ның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандартқа дейін жет­кізу. Жоба шеңберінде әлеу­мет­тік және инженерлік инфра­құры­лымдарды дамыту, ауыл хал­қының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттің шешімі табылатын болады.

Ж.Қасымбек алдағы жылдары ауылдық елді мекендер­ді дамытуға басымдық беру үшін есептеу көрсеткіштері­­­нің әдіс­те­месі мен моделі же­тіл­дірі­­­ліп жатқанын мәлім ет­ті. Өңір­лік стандарттар – аза­мат­тардың өмір сүру сапа­сы­ның көрсеткіштері. Олар­ға әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтер қол­же­­тім­ділігінің нақты крите­рийлерінің тізімі, сондай-ақ өмір сүру үшін адамдарды қа­жет­ті инфрақұрылымдармен қам­тамасыз ету кіреді. Мәселен, тірек ауылдарда салалық нор­мативтерге сәйкес келетін кем дегенде 19 ауылдық округ ор­талықтарында және 26 ауыл-аудан орталықтарында объек­тілер мен қызметтердің болуы көзделеді. Осыған байланысты инфрақұрылым­дық жобаларды қолданыстағы мем­лекеттік бағдарламалар шең­берінде іске асыру кезінде «бюджеттік сүзгі» (басым­дықты қаржыландыру) қам­та­масыз етіле отырып, тірек ауыл­дарды дамытуда кешенді тәсіл қолданылды. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлу көзделген, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінеді.

Өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, биыл 52 ауылдық елді мекен іріктеліп алынды, онда 454 іс-шара іске асырылатын болады, оның ішінде 247 іс-шара – көлік инфрақұрылымын дамытуға, 135 іс-шара әлеу­меттік инфрақұрылымды дамы­туға, 72 іс-шара тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Басты назар ірі елді мекендерге, яғни жинақталған өзекті инфрақұрлымдық проблемаларды жылдам шешуді қажет ететін, халық саны көп аудан орталықтарына аударылды. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына орта есеппен шамамен 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге немесе жұмсалатын қаржының 15,8 пайызы бағытталды.

Жобаны тиімді іске асыру үшін Ж.Қасымбектің төр­ағалығымен Жобалық кеңсе құрылды. Өңірлік кеңселер облыстарда әкімдердің төраға­лығымен құрылады. Өңірлік жобалық кеңселердің есебі екі апта сайын тыңдалды. Жобаны тікелей үйлестіруді және әкім­шілендіруді Ұлттық экономика министрлігі жүзе­ге асырады. Сонымен қатар Парламент және мәс­лихат депутаттарының, қоға­м қай­рат­керлерінің, үкімет­тік емес ұйымдар және бұқара­лық ақпарат құралдары өкіл­дерінің қатысуымен жоба­ға қоғамдық мониторинг ұйымдас­тырылатын болады. Үкімет желісі бойынша нақтыланған бюджет қабылданды. Жоба­ларды жүзеге асыру бойынша мақсатты трансферттер өңір­лерге жолданады.

«2019 жылы бастапқы кезеңде біз 52 аудан орталығын жаңғыртамыз, бұл 700 мыңға жуық адамның немесе ауыл халқының 9 пайызының тұр­мыс са­пасын жақсартады. 2025 жыл­ға қарай барлық ауыл тұр­ғындарының 80 пайызын өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қажетті игіліктермен және қызметтермен қамтама­сыз ету жоспарланған», деді Ж.Қасымбек.

Таңдап алынған ауылдардың перспективалары, жобаларды іске асыру белгілері мен жоспарлары туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндады. Атап өтерлік жайт, бұл өңірлерде жобаларды жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландырудың жоғары көрсеткіштері белгіленген. Жобаны одан әрі іске асыру мәселелері бойынша Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Бердібек Сапарбаев ұсыныстарын жеткізді. 

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы 2025 жылға дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 6,1 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекен немесе барлық ауыл тұрғындарының 80 пайызы қамтылатынын атап өтті. Ауылдық елді мекендерді жаңғырту мақсатында әлеу­мет­тік және инженерлік инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етуді көздейтін өңірлік стандарттар әзірленген.

«Кіші урбанизация – ауыл­дарды жаңғыртуға және тұр­ғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды» деген А.Мамин, жобаны іске асырудың мақұл­дан­ған тәсілдерін тиімді орын­дауды, жобаны уақты­лы қар­­жыландыру үшін тиісті нор­мативтік актілерді пысық­тауды тапсырды. 

Әкімдіктер «Ауыл – ел бесігі» жобасын жергілікті бюд­жеттен бірлесіп қаржы­лан­дыруды 20 пайызға дейін арттыру мүмкіндігін қарауы тиіс. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұры­лы­­­­мын жаңғыртуға қаражат тар­­ту мә­селесін ірі кәсіпорындар­­мен бірлесіп пысықтап, туған ауылдарын көркейту бойынша ме­ценаттармен жұмыс жүргізуі қажет.

Бұдан өзге әр өңірге Жол картасын жасау тапсырылды, онда іске асыру мерзімдері мен жауапты адамдар нақты көрсетілуі керек.

«Әлеуметтік инфрақұры­лым объектілерін – мектептер, бала­бақшалар, денсаулық сақ­тау орын­дарын жөндеу, елді мекендердің ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет», деді Премьер-Министр.