Қоғам • 30 Сәуір, 2019

Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтті

1019 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордада Қазақстан-Мажарстан инвестициялық бизнес-форумы өтті. Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганың елімізге сапары аясында өткен шараға екі елдің мемлекеттік органдарының басшылары, 150-ден астам бизнес өкілі қатысты.

Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумы өтті

Кездесу барысында бірінші болып сөз тізгіні Қазақстанның Ұлт­тық экономика министрі Рус­лан Дәленовке берілді. Ми­нистр екі елдің сауда-эконо­ми­ка­лық қатынастарын одан әрі дамыту, инвестициялық әлеуетті көтеру, өзара әріптестікті жетіл­діру мә­се­лелері туралы баяндады.

– Бүгінде Қазақстанда Мажар­стан капиталы салынған 60-тан астам кәсіпорын бар. Құ­ры­лыс, ауыл шаруашылығы және өнді­ріс­тік салаларда мажар­стан­дық компаниялар табысты жұ­мыс істеп жатыр. Екі мемлекет гео­графиялық жағынан бір-бірінен біршама қашық орна­ла­с­қаны­на қарамастан, Мажарстан біз­дің  ірі әріптесіміз саналады. Біз оны жоғары бағалаймыз. Екі ел­дің сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы әлеуеті өте зор, осы әлеуетті тиім­­ді пайда­лануымыз керек. Қазір­­гі таңда жемісті әріптестік бай­­ла­­нысты дамытуға барынша қо­лайлы жағ­дай жасалған. Қазақ­стан – Венгрия стратегиялық кеңесі, үкі­мет­ара­лық комиссия, іскер­лік кеңес, тікелей инвестициялар жөніндегі бірлескен қор табысты жұмыс істеуде, – деді Р.Дәленов.

Ұлттық экономика ми­нистрі айтқандай, былтыр екі ел арасын­дағы тауар айналымының көле­мі 139 миллион АҚШ долларын құрапты. 2018 жыл мен биыл­ғы алғашқы тоқсанды қоса ал­ғанда бұл көрсеткіш – 154 мил­лион доллардан асқан. Был­тыр елімізден Мажарстанға жі­бе­рілген экспорт сомасы 28 мил­лион долларды құраса, импорт 127 миллион долларға тең. Р.Дәленовтің айтуынша, Қазақ­стан тарапы болашақта елімізде жұмыс істейтін мажарстандық ком­па­ниялардың қатарын көбей­те түсуге мүдделі.

Венгрия Премьер-министрі­нің орынбасары-Қаржы министрі Ми­хай Варга да өз сөзінде екі мем­лекет арасындағы жан-жақты қа­рым-қатынасқа жоғары баға берді.

– Біздің стратегиялық серік­тес атанғанымызға бек қуаныш­тымын. Бүгінде екі ел экономи­ка­лық байланыстарды одан әрі ны­ғайту­ды басшылыққа алып отыр. Қазақ пен мажар халық­тарын бұрыннан тарихи тамырластық пен мәдениетіміздің өзара ұқсас­ты­ғы, бір-бірімізге деген се­нім­ді­лік жақындастырады. Қазір­гі таңда дипломатиялық қа­рым-қатынас жолға қойылған. Ара­дағы тауар айналымы ұлғайып, эко­но­мика, білім беру мен мәде­ни салаларда нәтижелі байланыс нығайып келеді,– деп атап өтті М.Варга.

Оның айтуынша, соңғы 20 жыл­да әлемдік құрылым айтар­лықтай өзгерді. Дүниежүзі­лік қауым­дастықтың даму нүктесі Орталық Азияға жылжып келе жатыр.

– Алдағы онжылдықтарда жал­ғаса беретін осы процесс Қазақ­­станға да, Мажарстанға да тиімді болуы тиіс. Біздің шы­ғыс­тағы бай­ланыстарымызды одан әрі да­мытуда Қазақстан ше­шуші рөл атқарады. Бүгінгі жиын­ға біз­дің елден аграрлық сала, ден­сау­лық сақтау, құрылыс, энергети­ка, көлік, денсаулық сақтау сала­ларында жұмыс істейтін 100-ден астам бизнесмен келді. Біз өзара байланыстың тек қысқа мер­зімді шара ретінде емес, тұ­рақты үрдіс ретінде дамы­ға­нын қа­лаймыз. Мажарстан үкі­меті Қазақ­­стан нарығындағы кәсіп­кер­­лерді барынша қолдай­ды. Мы­­салы, «ЭксимБанк» экс­порт­тық ке­лі­сім­шарттарды қаржы­лан­дыру үшін 100 миллион доллар кө­­ле­мінде мемлекеттік лимит бөл­ді. Біз Нұр-Сұлтан қаласында «Эк­симБанктің» филиалын ашуды жос­­парлап отырмыз, – деді М.Варга.

Сонымен қатар М.Варга Венг­­рияның экспортты күшейту жөнін­дегі агенттігі Мәскеуде сау­да үйін ашуды жоспарлап отыр­ғанын, сауда үйі Қазақстанға та­у­ар экспорттау ісіне де атсалысатынын жеткізді.

Бизнес-форум аясында Қазақ­стан мен Мажарстанның іскер­лік топтары арасында бір­қатар келісімдерге қол қойылды. Екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен кездесулер өткізіліп, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл және тамақ өнер­кәсібі, құрылыс, химия, машина жасау салаларындағы ынтымақ­тастықты дамыту мәселелері талқыланды.