Саясат • 30 Сәуір, 2019

Алматыда Президент сайлауына қатысты жиын өтті

946 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Президенттік сайлау – 2019: алдағы науқанның ерекшеліктері» тақырыбында конференция өтті. Басқосу барысында отандық зерттеушілер мен сарапшылар алдағы сайлау науқанына қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Шараның өтуіне Қазақстан саяси зерттеулер ассоциациясы, «SARAPSHY» эксперттер клубы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы мұрындық болды.

Алматыда Президент сайлауына қатысты жиын өтті

Сайлау мерзіміне аз ғана уақыт қалды. Сарапшылардың пікірінше, кандидаттардың жер-жерлерді аралап өз ұстанымдарын, сайлауалды  бағдарламаларын жұртшылыққа толыққанды жеткізуіне уақыт тар. Сондықтан Мемлекеттік  ақпарат көздері бастаған баспасөз құралдары үміткерлердің үнін халыққа жеткізуде барынша белсенділік танытуға тиіс. Осы ретте салмағы ақпарат құралдарынан кем түспейтін әлеуметтік желілерді де бұл жұмыстарға оңынан пайдаланған жөн. Пікірталастар ұйымдастырудың, үміткерлердің мақсат-міндеттерін танытатын бейнероликтерді көбірек ұсынудың маңыздылығы зор.

  – Бәріміз көріп отырғандай ел тарихында тұңғыш рет Президенттік сайлауға әйел адам түскелі отыр. Айтпағымыз, «Ақжол» партиясынан сынға түсетін Дания Еспаева туралы.  Бұл қоғамның біршама жаңарғанын, әйел затына деген көзқарастың өзгергенін көрсетеді. Біз мұны болашақта әйел азаматтардың саяси науқандарға араласып, белсенділік танытуына жол ашатын жақсы мүмкіндік деп есептейміз. Басты мәселе, өмірге жаңа ұрпақ келді. Қоғамның этнодемографиясы өзгерді. Тоқсаныншы, 2000-шы жылдардағы ережелерді білмейтін, оларды мойындай бермейтін тәуелсіздік ұрпақтары бой көрсетті. Олардың сайлау мен сайлау институтына деген көзқарасы  қандай деген сауал туындайды. Біз олардың сайлау мәдениетін қалыптастыруға, жалпы саясатқа араласуына мүмкіндік беруіміз керек. Билік өзінің жалғыз кандидатын ұсынып бірлігін дәлелдеді. Қоғамға бәріміз бірауыздан моналитті түрде сайлауға шықтық деген нақты сигнал берілді. Қоғамның саяси мәдени жауапкершілігі биік болуы керек. Бұл менің мемлекетім. Бұл мемлекеттің ішінде болып жатқан дүниелер маған тікелей қатысты деген пайым, философия, саяси мәдениет түсінік бар ма, жоқ па деген мәселелер туындайды. Әділ сайлау осыны қалыптастырады. Өкінішке орай, бізде бұл сайлау не шешеді, мен қатысқаннан не өзгереді деген қолды бір сілтеушілік бар. Ең қауіпті үдеріс осы. Сайлауда үйде жатып қалу азаматтарды мемлекеттің денесінен ажыратып қалатын дүние секілді. Біз бір ағзамыз. Қоғам да. Мемлекет те. Елімізде болып жатқан әр өзгеріске біздің қатысымыз бар деген мәселені айту, қалыптастыру аса маңызды, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Конференцияны жүргізген Саяси ғылымдардың докторы Есенжол Алияров мемлекеттің даму жолында президенттік сайлаудың атқаратын рөлі жоғары екенін, ел ертеңін сынға салған тағдыршешті  сәтте отандастарымыз тұтастай белсенділік таныту қажеттігін айтады. Осы пікірге қосылған саясаттанушылар экономика, әлеумет сынды мемлекеттің  негізгі тірегі саналатын салаларды өрістетуге күш салатын көшбасшы ғана саяси тұрақтылықты одан әрі жалғай алатынын жеткізді.

 Жиналғандар, халық үміткерлерден мемлекетті өркендетуге бағытталған нақты қадам күтеді. Ең бастысы көпшіліктің  таңдауы сын сағатта ел мүддесін қорғай алатын кандидаттар мен тұлғаларға түсуі керек деген пікірге тоқайласты.



АЛМАТЫ