22 Сәуір, 2019

Байқау жеңімпаздары марапатталды

881 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

M.S. Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti Қазақ және орыс тілдері департаменті оқытушылары мен Қазақ тілін креативті оқыту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен мектеп, колледж және университет мұғалімдері, оқытушылары арасында «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» республикалық байқауы өтті.

Байқау жеңімпаздары марапатталды

Ұйымдастырушылардың сөзінше байқаудың басты мақсаты қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін анықтау, қазақ тілін креативті оқытудың бірыңғай базасын дайындау, мемлекеттік тілді үйретудің ерекше және қалыптан тыс тәсілдерін БАҚ арқылы көпшілікке насихаттау.

Байқауға республикамыздың оңтүстік, солтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлерінен, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Атырау, Орал сынды қалалардың білім ордаларынан жалпы саны 43 білікті де тәжірибелі оқытушылар мен ұстаздар қатысқан. 

Шараның бірінші кезеңінде қатысушылар қазақ тілін креативті оқытуда қолданатын әдіс-тәсілдері ұсынылған видео сабақтарын фейсбук әлеуметтік желісінде жариялап, екінші кезеңге жолдама алу мүмкіндігіне ие болды. Екінші кезеңге өткендер 18 сәуір күні белгілі бір тақырып бойынша эссе жазу сайысында өз бақтарын сынады. Байқау нәтижесі бойынша қазақ тілін креативті оқытудың үздік әдіс-тәсілдері мен инновациялық идеялар ұсынған және эссе жазуда жоғары нәтиже көрсеткен  жеңімпаздар анықталып, түрлі дәрежелі дипломдармен, сыйлықтармен, сондай-ақ «Үздік эссе», «Үздік әдіскер», «Креативті мұғалім», «Жаңашыл педагог», «Үздік видео», «Ұстаз бренді», «Жақсы сөз – жарым ырыс»  номинациялары бойынша марапатталды.

Байқаудың бас демеушісі  «Водометр» ЖШС іс-шараның өтуіне қаржылай қолдау көрсетсе, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Мемлекеттік тілді дамыту қоры құнды сыйлақтарымен демеушілік еткен.  

Екі кезеңдік сайыстан тұратын байқау қорытындысы бойынша І орынды Семей қаласы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы Сара Қалиева иеленсе, ІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласы №53 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзат Тұрғынқызы және Атырау қаласы №13 мектеп-гимназиясының  мұғалімі Тұрсынгүл Ғарифоллақызы, ал ІІІ орынды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық мектебінің мұғалімі Индира Әбілханқызы, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Мейрашқызы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектебінің мұғалімі Амангүл Пірімжанқызы  қанжығаларына байлады.   


Рауан Қайдар