01 Ақпан, 2013

Қайта жалғанған ғұмыр

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қайта жалғанған ғұмыр

Жұма, 1 ақпан 2013 6:55

Ерлан – отбасындағы екі ұлдың үлкені болатын. Қаршадайынан өмірге құштар ол шағын ауылдың бетке ұстар ұланы болып өсті. Жаңалыққа жаны жақын тұратын бала аудан орталығында ашылған каратэ үйірмесіне өзі барып жазылып, аз ғана уақытта бірнеше бәсекелерден марапат алып оралды.

 

Жұма, 1 ақпан 2013 6:55

Ерлан – отбасындағы екі ұлдың үлкені болатын. Қаршадайынан өмірге құштар ол шағын ауылдың бетке ұстар ұланы болып өсті. Жаңалыққа жаны жақын тұратын бала аудан орталығында ашылған каратэ үйірмесіне өзі барып жазылып, аз ғана уақытта бірнеше бәсекелерден марапат алып оралды.

Осы тынымсыз ізденіс, алыс күндерге асығушылық, болашақтан қол бұлғаған арман оны мектеп бітірісімен үлкен қала жаққа ала жөнелді. Сондағы жоғары оқу орнына түсіп, алғашқы курстың өзінде-ақ талантымен оқу орнының мақтанышына айналды. Жүріс-тұрысы жылдам, қағылез, сөзге жетік, ойы ұшқыр да тапқыр, елгезек жігітті осы қаладағы жайдарманшылар аттай қалап қатарына қосты. Өзі оқитын білім ордасы қабырғасында жайдарманшылар тобын құрып, репертуарын достарымен бірлесе тақырыптық және тартымдылық жағынан жаңарта байытқан Ерлан өз еліміз аумағынан шығып, шет мемлекеттер сахнасының сәнін кіргізді. Қалаға барысымен орыс тілін меңгеріп алған жігітке ол тілде өнер көрсету қиын болған жоқ, нәтижесінде Ресейдің айтулы қаласындағы салмақты сайыста жеңімпаз атанып, алтын медальді иеленіп қайтты. Оқу орнына оралған соң, өзі жалдап жататын үйдің балаларымен туысқандай болып араласып кеткен Ерлан сол үйдегі қос інісіне домбыра үйретті. Қос інісі арқылы домбыраға қызығушылығы оянған оның сыныптастары шұбырып келе бастады. Қазақтың қара домбырасын үйренемін деген жеткіншек болса, неге үйретпеске? Ерлан мектептерді аралап жүріп, домбыра тартып үйренгісі келетін балаларды жиып үйірме ашты, өзі білетін күйлерді, әндерді және қазақ дәстүріне сай келіннің бетін ашуды үйретті.

Осылайша, өмірге де, өнерге де құштар Ерланның белсенділігі, сонау алыстағы ауылдан келіп алып шаһар аспанында жарық жұлдыздай жарқ ете қалуы іші тар, ниеті бұзық жандардың қызғанышын тудырып та үлгеріп еді. Ерланның жүріс-тұрысы, жастардың оған деген қошеметі, ең бас­тысы – ол жазып шығарған дүниелердің жарыстарда қарсыластардың мәреге барар жолын қиып, жиі шаң қаптырып кетуі бәсекелестерді ұйқыдан шошып оянатын халге жеткізді. Ерлан жарқыраған сайын, көзге көрінбейтін бетте қап-қара қастандықтың да сұлбасы зорайып бірге өсіп келе жатты. Ерлан оны аңғарған жоқ, тек көктемнің әдемі бір кешінде қара қанжар болып аңдаусызда жанды жерден қадалғанда, не болғанын түсініп үлгерді ме, жоқ па – бас-аяғы он минутта о дүниеге аттанып кете барды, қыршын жас…

Арада бес жыл өтті. Әке-шеше, тума-туыстарының қайғысын уақыт емші емдей алмай езілген күндердің бірі болатын. Бұл кезде тұңғыш немересі Ерланға үлкен үмітпен қарайтын, онымен бірге кәрі көңілінің түкпірін шуақтай жылытып тұратын тәтті үміт, жақсы күндерге деген сенімі біржолата қырқылған қарт атасы қайғыны көтере алмай бақилық болған. Құдай тағаланың берейін десе, шапағаты шаш-етектен екен. Дәл Ерлан қайтқан күні көз жасын көл қылып отырған ата-анасына Алматыдан Ерланның достары қоңырау шалды. Ерланның әне-міне үйленемін деп жүрген сүйікті қызы – ол қайтыс болысымен құрсағында қалған шарананы өмірге әкелуге бекініпті. Ата-анасынан бұл үшін талай ұрыс естіп, арасында таяқ та жеген, тіпті, жеті айлығында үш аударылып тұрған көлік апатынан да аман қалған қыз нәрестені өмірге әкелді. Сөйтіп, сүйіктісі Ерланның өмірін осылай жалғады.

Осымен: «Апа, көп жылай берме. Тек қыздардан хабар алшы», деп түсіне мазасыздана жиі кіретін Ерлан да тыншыды. Алты ай бойы құлағынан кетпеген шырылдаған сәби даусының сырын Ерланның анасы енді ұғынды. Бес жасар немересімен аңсай жолыққан олар қазір оны алақандарына салып отыр. Алматы мен Ақтау арасы, яғни некесін періште қиған екі жас – Ерлан мен Асылдың ата-аналары және кішкентай ұлы жиі қатынайтын туыстық жолына айналды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.