Үкіметаралық кеңес отырысының күн тәртібінде Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық және өзара сауда-саттықты кеңейту, сондай-ақ ЕАЭО ішкі нарығы аясындағы кедергілерді жоюға қатысты 13 мәселе қаралды.
Шағын құрамда үкімет басшылары Одақты дамытудың бірқатар тұжырымдамалық мәселелері жөнінде пікір алмасты. ЕАЭО цифрлық трансформациялау аясында трансшекаралық өзара іс-қимылды тереңдету, қатысушы елдер арасындағы тауар айналымының көлемін ұлғайту саласындағы ынтымақтастық, кедендік әкімшілікті жетілдіру тетіктері талқыланды.
Кеңейтілген келіссөздер «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша сыртқы экономикалық қызметті реттеуді жетілдіру мәселелеріне, ЕАЭО саудасының цифрлық экожүйесін дамытуға жағдай жасау, өнеркәсіптік кооперацияны және технологиялар трансферін дамыту, экономиканың жекелеген салаларында интеграциялық әлеуетті одан әрі ұлғайту мәселелеріне арналды.
Тараптар 2018 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң қарқынын атап өтті. Одақ елдерінің ЖІӨ өсімі 2,5%, өнеркәсіптік өндіріс өсімі 3,1% құрады. ЕАЭО-да өткен жылы өзара сауда көлемі 9,2% өсті, сыртқы саудада да осындай үрдіс байқалады, онда жыл қорытындысы бойынша өсім 18,8% құрады.
Қазақстан Премьер-Министрі А. Мамин өз сөзінде әлемдік экономиканың құбылып тұрған шағында дамудың оң қарқынын сақтау үшін барлық күш-жігер салу қажеттігін атап өтті. Бүгінде Одаққа қатысушы барлық елдермен өзара саудадағы кедергілерді жою үшін белсенді бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, жаңа кедергілер байқалуда, бұл өз кезегінде бұдан да тығыз экономикалық қатынастарды дамытудың индикаторы болып табылады.
«Бізге қарқынымызды төмендетпеу керек», — деді Асқар Мамин. — Қазіргі кедергілерді жою өзара сауда көлемін ұлғайтып, елдер арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді».
Қазақстандық тарап ЕАЭО аясында сәйкестендіру құралдары арқылы тауарларды таңбалау бойынша интеграциялық ынтымақтастық мәселелерін реттеуді жетілдіру қажеттігіне, транзиттік тасымалдарды қадағалау жүйесін енгізуге, кедендік әкімшілікті күшейтуге, цифрлық сауданы дамытуға, Одақтың деректер транзиті саласындағы транзиттік әлеуетін арттыруға назар аударды.
«Өзара пайда, ымыраға келу және барлық тараптардың мүдделерін ескеретін тиімді шешімдер шығару қағидаттарының негізінде өзара қарым-қатынастарымызды қалыптастыру ЕАЭО одан әрі нығайтуға белсене ықпалын тигізетін болады», — деді Асқар Мамин. — 2025 жылға дейін еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытуда біз үшін басты шарт — экономикалық компонеттің болуы».
Отырыс қорытындысы бойынша «Еуразиялық өнеркәсіп кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі» жобасын іске асыру туралы, Одақтың ішкі нарығының жұмысы аясында кедергілерді жою бойынша жұмыстар барысы туралы, ЕАЭО-та цифрлық сауда экожүйесін дамыту үшін жағдайлар жасау туралы, сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесінде «бірыңғай терезе» ұлттық тетігінің эталондық үлгісін сипаттау туралы, тауарларды әкелу мен шығаруда шыққан елін анықтауда бірыңғай тәсілдерді бекіту туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы биыл 9 тамызда Шолпан ата қаласында (Қырғызстан Республикасы) өтеді.