Қазақстан • 01 Мамыр, 2019

Татулық пен тұрақтылық мекені

2551 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен дүйсенбіде, яғни 29 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Алқалы жиында ел бірлігінің маңыздылығы, бүгінде қол жеткізген жетістіктеріміз қоғамдық келісімнің, татулықтың, этносаралық ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асырылғаны атап көрсетілді.

Татулық пен тұрақтылық мекені

Елдегі қоғамдық ұйымдардың ішінде халықтың ішкі татулығына, өзара сенім мен сыйластығының тереңдеуіне, әсіресе қазақ халқына деген құрметтің артуына, этносаралық тұрақтылықтың нығаюына қызмет ететін ең басты құрал – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблеяның түрлі этностардан сайланған белсенділері шын жүректен Қазақстанның өздері мен ата-бабаларына, әке-шешелеріне жайлы қоныс болғандығын, ал қазақ халқының оларды қалай жылы қарсы алғандарын жиі айтып жатады.

Ал алдымыздағы жылы Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойын атап өту міндеті тұр. Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда ҚХА Төрағасының орынбасары, Ассам­блея Хатшылығының меңгерушісі Жан­сейіт Түймебаевты қабылдағандағы сөзінде: «Келесі жылы біз Қазақстан халқы Ассамблея­сының 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Ассамблеяның мерейтойын ор­талықта да, барлық өңірде де жоғары деңгейде өт­кізуіміз керек. Келісім, тұрақтылық, халықтар достығы, түрлі этностық топтар, діни конфессиялар арасындағы өзара құрмет мемлекетіміздің және дамуымыздың негізі болып саналады. Жоспарланған іс-шараның негізі де осы болуға тиіс», – деген еді.


Осыған орай этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей құралы ретінде ҚХА-ның атқарған қызметтеріне қысқаша шолу жасап кетпекпіз. Алдымен ҚХА-ның осы бағыттағы қызмет тәжірибелері шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алғанын айтып өткіміз келеді. Мәселен, БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы болып 2007 жылдың 
1 қаңтарынан 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін қызмет атқарған Пан Ги Мун былай деген еді: «Қазақстан халқы Ассамблеясының принциптері Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымдарымен үндесіп жатыр. Достық бейбітшіліктің, өркендеу мен қауіпсіздіктің ірге­тасы болып табылады, ол құрмет, толерант­тылық құндылықтарынан бастау алады».


Ал Чех Республикасы Парламенті Халықаралық істер комитетінің төраға­сы Ян Гамачек былай деп жазды: «Қазақстан халқы Ассамблея­сы аясын­да құрылған тетіктерді таңғалар­лық нәти­же деп бағалауға болады. Олар­ды жүзе­ге асыру нәтижесінде Қазақ­стан­дағы бар­лық этнос өкілдері бел­гілі бір сал­маққа ие болып, ел дамуына қатысты саясатты айқындауда әрқайсының дауы­сы ескерілетіні сөзсіз. Бұл – өте маңызды мәселе». Әрине мұндай пікір­лерді өте көп келтіруге болады. Осын­дай мойындаулардың нәтижесінде көпэтносты қоғамды идеялық тұрғыдан біріктірудегі Қазақстанның тәжірибесі қазір әлемдік қоғамдастықтың зерттеу нысанына айналып отыр.

Теориялық тұрғыдан жоғары баға алған бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделі болып отырған ҚХА-ның қоғамдық келісімді нығайту жолында атқарып жатқан кейбір нақты шара­ларына да тоқтала кетейік. Олар Ассамблея құрылғаннан бергі 24 жылда өте көп өткізілді. Сондықтан біз тек соңғы жылдары ғана ұйымдастырылған шаралар­ды ғана сөз етеміз.

Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету ар­қылы этносаралық келісім мен толерант­­тылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығай­ту. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуде де, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да көмек көрсетеді. Сонымен қатар Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін, Қазақстан халқы­ның ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді. Өзінің осы міндеттерін Ассамблея түрлі құры­лымдары арқылы жүзеге асырады. Мәселен, соның ішінде 2014 жылы құрылған «Қоғамдық келісім» РММ-ның рөлі зор. Ол ҚХА қызметін қамтамасыз ету және оның іс-шараларын өткізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру мақсатында құрылған коммерциялық емес ұйым. Ол барлық облыс орталық­тары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында құрылған.

Ассамблеяның негізгі тірегі – этно­мә­дени бірлестіктер. ҚХА-ның өзі бас­тап­қыда осы бірлестіктердің жұмы­сын үйлес­тіруші ретінде танылған. Қа­зір елі­міз­де олардың саны еселеп арт­қан. Бүгінгі таңда 27 мыңға жуық адам қаты­сатын 29 республикалық, 176 мың­нан адам­ды қамтитын 331 облыстық, 85 мың­­нан артық адамы бар 76 қалалық, 51 мың­­нан астам адам қатысатын 88 аудан­­дық этномәдени орталықтар бар. Этно­мә­дени орталықтар 2018 жы­лы 3542 іс-шара өткізді. Соның ішінде 114-і – рес­публикалық, 2342-сі – облыстық, 476-сы – аудандық, 283-і – қалалық шара. Миллиондаған адамдар қатысқан бұл шараларда қазақстандық біртек­ті­лік идея­­лары, отандық патриотизм мұра­лары, татулық пен толеранттық үлгілері наси­хатталып, халықтың өзара тығыз жақындасуына септігін тигізді.

Мәселен, былтыр Орал қаласының Жеңіс алаңында ҚХА облыстық фи­лиалының бастамасымен «Тарихи тағылым – өткенге тағзым» атты үлкен шара болып, ол Ұлы Отан соғысы арда­герлерін еске алу акциясымен басталып, Сырым ауданында орналасқан Сырым Датұлының кесенесіне тағзым етумен жалғасты. Сондай-ақ осында Алашорда үкіметінің басшылары Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов және т.б. сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды еске алу шарасы болды. Осы ауданның Жымпиты ауылындағы Алаш саябағында тарихшы ғалымдар, саясаттанушылар көшеттер отырғызу акциясына қатысты. Ал «ҚХА: 20 игі іс» аясындағы қайырымдылық акциясы бойынша «Қоғамдық келісім» РММ басшысы Наталья Калашникова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Нұр шуағы» балалар үйіне келіп, бөбектерге түрлі сыйлықтар тапсырды.

Облыстық және аудандық ҚХА бөлімшелерінің бүкілқазақстандық бір­ліктің бірегей моделін қалып­тастырудағы рөлі зор. Олардың өткізіп жатқан шаралары халықтың негізгі бөлігінің қолдауына ие болып, үнемі мақтаулы бағалар алып жатады. Мәселен, жуырда ғана Алматы қаласында қалалық ҚХА Шекара қызметі академиясымен бірлесіп, әскери-патриоттық бағытта тамаша шара өткіз­ді. Шараға қатысқан аға ұрпақ өкілдері жастарға тағылымды ой айтып, үлгі болар оқиғаларымен бөлісті. Іс-шара барысында қару-жарақ пен техника көрмесі, әскери үрмелі аспаптар оркестрінің өнер көрсетуі, этномәдени бірлестіктер мен курсанттардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Осы шара туралы талай адам өздерінің ризашылықтарын білдірді.

ҚХА жұмысын жетілдіру бойын­ша үнемі жаңа бастамалар қолға алынып, жаңа құрылымдар енгізіліп оты­рады. Қазір оның құрылымында депу­таттық топ, қоғамдық қор, ғылыми-сараптамалық орталық, қоғамдық келісім, аналар мен медиа кеңестері және т.б. жұмыс істейді. ҚХА-ның негізгі міндеттерін сапалы, инновациялы, кәсіби деңгейде жүргізуде әр құрылымның атқарар өз қызметтері бар. Мәселен, медиа кеңестің мақсаты – қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мақсатында медиация институтын дамыту. Оның міндеттері қатарына медиа­ция бойынша стратегия­лар әзірлеу, ҚХА құрылымдарының қыз­метін үйлестіру, жүйелеу және ақ­па­рат­тық, әдістемелік қамтамасыз ету, т.б. жатады. Қазір облыстық және қала­лық Достық үйлерінде 17 медиация кабинеті жұмыс істейді. Ал аудандар мен ауылдардағы олардың саны – 829, ҚХА медиаторларының жалпы саны – 722 адам. 2018 жылы медиа кеңеске 22 мыңнан артық өтініш түсіп, оның 10 мыңнан астамы кеңес беру деңгейінде шешілді, ал 12 мыңнан артығының шешімі медиациялық келісім арқылы табылды.

Әрине этносаралық қатынастардың тиімді тетіктерін табу басқа да мемле­кет­тердің ішкі саясатында жүзеге асы­­рылған. Мәселен, экономикасы жо­ға­ры деңгейде дамып, «Азияның төрт жолбарысының бірі» атанған Син­гапур­да да ол дұрыс жолға қойылған. Алты миллионға жуық халқы бар бұл ел жыл сайын 25 мыңға дейін сырттан келгендерге азаматтық береді. Этностық құрамы жағынан ел халқының 70 па­йызы – қытайлар, 13 пайызы – малайлар, 9 пайызы – үндістер, 3 пайызы – еуразиялықтар. Этноқұрылым осындай ала-құла болса да халықаралық сарапшылар мұнда біртекті Синга­пур халқының құрылғанын айтады. Қазіргі кезде стратегиялық жоспарлар сингапурлықтардың «ақылды ұлтқа» айналып келе жатқанын айқындаған. Оның мәнісі сол, бұл елдің азаматтары цифрлы технологияны жетік меңгеру арқылы толыққанды өмір сүретін ортақ қоғам құруға ұмтылуда. Халықты жаңа дәуірге шығаратын «ақылды ұлт» деген бастаманы өкіметтің өзі енгізіп отыр. Оның мақсаты – халықтың тығыз тұруына қарамастан, инновациялық технологиялар енгізіп, бәрінің де өмір сүруіне жоғары сапалы жағдай туғызу.

Сол сияқты этносаясаттың озық үлгісімен дамып келе жатқан Қазақстан да бір кезде барлық халқының жоғары сапалы өмір сүру деңгейіне қол жеткізер деген үміттеміз. Елбасы Н.Назарбаев ҚХА-ның XV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тағдырдың жазуымен, тарих­тың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ортақ Отанымызды көркейту жолында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсеткен қамқорлығымызға риясыз алғысын айтып келеді», деген еді. Сол ортақ Отанымызда «ақылды ұлтқа» айналсақ, бұл біздің ортақ жетіс­ті­гіміз болмақ.