Әлем • 01 Мамыр, 2019

Жаңа елшілік ашылды

961 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Хорватия Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Буричпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын және халықаралық мәселелерді талқылады.

Жаңа елшілік ашылды

Келіссөз барысында М.Пейчинович-Бурич Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекеттілігін құрудағы, ауқымды реформаларды сәтті жүзеге асырудағы және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті. Тараптар Қазақстанда алдағы президенттік сайлау халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкес өтетініне сенім білдірді.

Келісімнің құқықтық базасын нығайту, ведомствоаралық ынтымақтастықты арттыру, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бойынша бірлескен белсенді жұмыстарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар инвестиция тарту және экспортты ілгерілету саласындағы Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруші рөлі атап өтіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

2016 жылдан бастап Хорватиямен екіжақты сауда 8 есеге өсіп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ол 350 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда құрылыс, ақпараттық технологиялар, азық-түлік өнеркәсібі және сауда салаларында 20-дан астам хорват компаниясы жұмыс істейді. Ірі жобалардың қатарында Нұр-Сұлтандағы «Загреб» тұрғын үй кешенінің құрылысын, Денсаулық сақтау министрлігінің хорват «Ericsson Nikola Tesla» компаниясымен бірлескен денсаулық сақтаудың инте­грациялық платформасын және электрондық ден­саулық паспорттар енгізуін, «Сұлтан» ЖШС мен «Инструментария» хорват компа­ния­сының протездік-ортопедиялық өнім­дердің бірлескен өндірісін атап өтуге болады.

Өз кезегінде М.Пейчинович-Бурич Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін, соның ішінде Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана процесін, ядролық қарусыз әлем идеясын жүзеге асыруды және халықаралық мәдениеттер мен діндер диалогын дамытудағы белсенділіктерін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қазақстан астанасында 70-ші болып Хорватия Республикасының елшілігі ашылды. Б.Атамқұлов Хорватия елшілігінің ашылуына М.Пейчинович-Буричтің қатысуы Хорватияның Қазақстанға деген жоғары құрметінің белгісі екенін атап өтті.