08 Ақпан, 2013

«Маңдай тердің тәттісі-ай!..»

591 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Маңдай тердің тәттісі-ай!..»

Жұма, 8 ақпан 2013 7:23

Өткен ғасырдың 50-жылдары болса керек. Теңіз жағалауын­дағы осы бір Қарадөң деген жерде еңбек қазаны күні-түні қайнап жатыпты. Өйткені, ол тоғыз жол­дың торабы әрі өндірістік өнім­ді мол беретін берекетті айлақ еді. Бір жағы көл,  бір жағы  Сыр­да­рия. Осы үш су торабы бір-бірі­мен жалғасып толқындары ақ көбік шашатын-ды.

Жұма, 8 ақпан 2013 7:23

Өткен ғасырдың 50-жылдары болса керек. Теңіз жағалауын­дағы осы бір Қарадөң деген жерде еңбек қазаны күні-түні қайнап жатыпты. Өйткені, ол тоғыз жол­дың торабы әрі өндірістік өнім­ді мол беретін берекетті айлақ еді. Бір жағы көл,  бір жағы  Сыр­да­рия. Осы үш су торабы бір-бірі­мен жалғасып толқындары ақ көбік шашатын-ды.

Ол кезде Арал теңізінің суы кемерінен асып төгілгелі тұрған кез. Үлкен-үлкен моторлы кемелер де мұнда жиі келіп тоқтайды. Кейбірі тұщы су алады. Ал ауланған балықты тиеп кететіндері қаншама!
Әсіресе, көктем-күз  айларында балықшы қауымы осы маңға шоғырланады. Қатынас көбейеді. Оларға не керектің бәрі жеткізіледі. Азық-түлік, ау-құрал, киім-кешек, дала қосына қажетті басқа да бұйымдар дамылсыз әкелінеді. Мұның бәрін түсіріп-тиеуге кеме командасы  мүшелерінің күш-қуаты жетпейді. Сол себепті де жергілікті халықтың көмегіне зәру. Мұндағылар да білегін сыбанып күтіп тұрады. Күтіп тұратыны – еңбекақыларын күнбе-күн, қолма-қол төлейді. Ел осыған әбден үйреніп, дәндеп алған.
Қарадөңде Бәймен есімді шал болды. Темір ұстасы. Көрік басады. Әлгі кемедегілердің өздері келіп жалынғасын, ара-тұра ол-пұл бөлшектерін дәнекерлеп те береді. Бірақ негізгі шаруасы ол емес. Негізгісі – білезік, сақина, сырға, төгілдіріп шашпау соғу. Және қандай шебер! Әйтеуір  сұ­ра­ныс көп. Адам аяғы арылмайды. Табысы да жаман емес. Ал  үш қы­зының ортасындағы ұлы Темірбек нағыз жатыпішер жалқаудың өзі. Жетіжылдық білім алғаннан кейін әрі-бері сенделіп жүрді де қойды. Зіңгіттей жігіт. Әйтсе де, қол жұмысқа құлқы жоқ. Енді осы баласына Бәймен шал бір күні шүйлігеді ғой:
– Балам-ау, көзге шыққан сүйелдей боп, бұл не жүріс? Бар, еңбекке қосыл! – дейді.
Ол селтейіп, әлгі ке­ме­лер­­ден жүк түсіріп, жүк тиеп жат­­қан­дардың қасына барады. Бар­­ғанынан не пайда? Қалтасына қо­лын салып, шіреніп тұрып темекі тар­тумен күнді батырады.
– Құлыным-ау, – дейді Ақсұлу анасы, – әкеңнің қолына басатын аз-маз да болса пұл әкелдің бе?
– Жо-қ ә, бүгін көңіл-күйім болмады…
– Ендеше, мына бір сомды әкеңе апарып бер. Бүгінгі табысым де.
Апарады. Әкесі бір сомдықты қолына ұстап отырып, баласына сынай қарайды. Сынай қарайды да әлгі ақшаны көріктің астындағы жанып жатқан отқа тастап жібереді…
Екінші күні  де баласы құрқол ке­леді. Анасы және бір сомдық ақ­ша береді. Әкесі ұлының бет-жүзіне  барлай қарап алып, оны тағы да қызыл шоққа тастай салады…
– Тілеуіңді бергір-ай! – дейді анасы байғұс шыр-пыры шығып. – Ол ақшаны өз еңбегіңмен  таппа­ғаныңды әкең біліп отыр. Ертең қалайда теріңді төк, өзге­лер­ден кемсің бе? Біз де ұл тудық деп қалжа жегенбіз.
Сірә, ана сөзі шымбайына батса керек, ертеңіне ол үш сом табыс тауып әкеліп, әкесінің қолына береді-ау…
Бәймен ұста ақшаны умаждап-умаждап отқа тастай бергенде, баласы қолынан шап беріп:
– Әкежан-ай, әкежан! – деп көз жасын төгіп жіберіпті.
– Міне, міне!.. Адал тер, адал еңбек деген осылай болады. Маңдай тер қашанда тәтті, – деп ақ батасын беріпті, ұста ұлына.
Сол Темірбегі кейін озаттар қатарына қосылып, стахановшы атанды. Жақсы, үлгілі колхозшы болды.
Иә… Дені сау әр азамат  әлдебіреулерге телмірмей, өзінің қолынан келетін шаруаны өзі тындырса құба-құп-ау. Бүгінгі жастар соны құлаққа ілсе, кәне?!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Арал.