Қой кезек
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:15
Маңдай әжімдері соқаның ізіндей болған, бетін күн қақтап, жел кептірген жігіт ағасының ойын жон арқасынан шыққан жас баланың дауысы бөлді.
– Көке, бөтен қой бар ма?
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:15
Маңдай әжімдері соқаның ізіндей болған, бетін күн қақтап, жел кептірген жігіт ағасының ойын жон арқасынан шыққан жас баланың дауысы бөлді.
– Көке, бөтен қой бар ма?
Ләм-мим деп жауап бермеді. Тек иегімен қой қора жақты нұсқай салған. Онысы «бір қой бөтен, көрсеңші» дегені еді. Бала өз қорасына кіргендей емін-еркін. Қойлардың арасынан арқасына жасыл бояу жағылған өзінің қошқарын тауып алды да қорадан шығарып, шыбықтап алып, үйіне қарай тартты.
Ауылдағы күнделікті кешкілік көрініс осы іспеттес еді. Балалар көше кезіп, әрбір үйдің шарбағына асылып, бөтен қойдың бар-жоғын сұрап жүреді. Қарт Қаратаудың етегінде жатқан қараша ауылдың аты Еңбекші. Өзі төрт көшеден тұрады. Төрт көше қойларын бөлек-бөлек бағады. Сондықтан ауыл балалары қойлары келмей қалса, басқа көшеге сабылып әуре болмайды. Өз көшелерінен іздейді. Кеңес заманында қаракөл қой шаруашылығы болған ауыл еді. Ол заманда ауылдағылар малдарын қойшыларға қосып жіберетін де, қойдың кезегі көп бола бермейтін. Біз пақыр атын иеленіп жүрген Байтілес шал осы ауылға қарасты үш ферманың бірінде меңгерушілік етті. Аяғымыз шыққаннан қасынан қалмай, қойшыларды бірге аралап жүретінбіз. Әсіресе, жаз мезгілінде жақсы. Қаратаудың қойнауына кіре берістің екі жағы қатпар-қатпар тау. Төменде сызылып өзен ағып жатыр. Өзі таудың есігі іспеттес. Сондықтан болса керек, біз жақтағылар бұл жерді Дарбаза атап кеткен. Сол Дарбазадан бастап қойшылар отырады. Арғысы сонау Тайқоңырға шыға берістегі Сарышырпыға дейін. Майшының табанында қойшылардың тойы өтетін. Алма баққа ұрланып кіріп, қарнымыз жарылғанша алманы тойып жейміз. Еспенің бойында екі бірдей ағамыз қой бағады. Жаз бойына солардың қолында боламыз. Жұрттың балалары «Ақбұлақ» лагерінде демалып жатқанда, біз көк есекті көктей мініп, қой соңында жүреміз. Кешкілік лагерьге барамыз. Бала мұрты тебіндеп қалған жігіттер мен қылықтары енді шыққан бойжеткендер би кешін ұйымдастырады. Бұта-бұтаның арасында басымыз қылтиып біз соларды аңдимыз. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін колхоз-совхоз дегендер тарады да, әркім өз «тәуелсіздігін» алды. Ауыл адамдары бұрынғыдай малдарын қойшыларға қоспайтын болды. Қорасында қамап ұстайды. Содан қой кезек басталды.
Біз бірінші көшеде тұрдық. Әрбір үйден кемі жиырма шақты уақ мал өріске шығатын. Құлқын сәріден тұрып, көшенің қойларын алдыңа салып дәу каналдың арғы бетіне қарай кетіп бара жатасың. Қой шаруашылығымен айналысқан ауыл болғандықтан ба, Еңбекшінің өзіне тиесілі жері жоқ. Айналадағы жердің барлығы егін шаруашылығымен шұғылданатын ауылдардың меншігінде. Күз бен қыста жердің иесі болмайды. Көктемнен бастап иелері табылады. Мал жаюға болмайды. Егін егіледі. Жиделіге апаратын жолдың оң жағына малды салып жіберіп, бір жыңғылдың түбінде үйден ала шыққан кітапқа бас қоясың. Кітап оқып жатып талай рет қойдан айырылып қалғанымыз да бар. Кейде құрғырлар егіндікке түсіп кетеді. Шым-шытырық қызықтың ішінде жатқаныңда егіндіктің қарауылы жан ұшыра айқайлайды. Анандай жерде арқандаулы тұрған есекке етігіңді сүйретіп тұра жүгіргеніңмен, көшенің қойлары күріштің біразын отап кетеді. Кей кездері ауылға кетіп қалады. Екі иығың салбырап көшенің бергі басынан кіріп келе жатқаныңда ауыл адамдары: «Бәсе, сен қой баққанда осындай бірдеңе болуы керек еді ғой», деп қарсылап алады. Бірақ жүздерінен табалаған, мысқылдаған ештеңе байқалмайды. Жәй ғана сипап қағытып тұрғандарын көресің. Қойды қайтадан жинап, енді Қатарталға қарай бағытты бұрамыз. Кім еккенін білмейді екенбіз, ауылға кіре берісте шамасы екі-үш шақырымдай ұзындыққа қатарынан ағаш егілген еді. Біз оны Қатартал дейтінбіз. Ауылдың барлық ойын баласы со жерде. Ағаштан-ағашқа секіріп, жас бұтақты иіп садақ жасап қызу ойын болып жататын. Қойды соның қасына жібере салып, біз де ойынға кірісіп кетеміз. Әлден уақытта «ойбай, қой қосылды» деген бір баланың дауысы естіледі. Бар бала қосылған қойға қарай тұра жүгіреді. Содан зат іріктегендей екі көшенің қойларын ажырата бастайды.
– Мынау Құдайберген көкемнің қойы ғой,– дейді бірі. Құдайы көршіміздің қойын танымай қай құдай ұрсын бізді?! Қарсы тұрамыз. «Жоқ, ол бөтен қой. Бақбергеннің үйінің қойы анау, құлағында сырғасы бар». Солайша, дауласып, қой бөлісіп жүргенде күн де көкжиектен батып бара жатады. Ауылға қайтамыз. Бұл күні екі көшенің балалары бүгінгі қой кезекті баққан бізді бір сыбап алады да, әр есікті қағып «бөтен қой бар ма?» деп жүргені.
Қой кезекте талай қызық өтті. Бірақ осы күні қарап отырсақ, осының тәрбиелік мәні мен маңызы да зор екен. Алдымен баланы жатып ішерліктен аулақ қылады. Қой бағу да өнер. Оты мол, суы жеткілікті жерді таңдай білуің керек. Әйтпегенде, қой бір орнында тұрмайды да, өзіңді ығыр етеді. Екіншіден, жан-жануарды, өсімдіктерді де танисың. Былайша айтқанда, биология мен зоология пәнін далада жүріп өтесің ғой. Бөдене мен қырғауылды ажыратарлық шамаң болады тым құрығанда. Жантаққа жайылған қой мен жоңышқа жеген малдың айырмасының қандай болатынын айтпай білесің. Қамыстың қатып-семіп кеткеніне өлсең де қойды қоя бермейсің. Есесіне балауса қамысқа байлап қоясың. Ең бастысы, ауылды ынтымақта ұстайды. Қой іздеп жүріп-ақ кімнің үйінде не болып жатқанын, жағдайларының қандай екенін біліп шығасың. Бұрындары қаладағы көршілер бірінің есігін екіншісі қақпайды деп жататын ек. Қазір ауылдағы ағайындар да көршісіне бейсауат кіре бермейді. Арнайы шақырып ас бермесе, өздігінен бір-біріне кіріп сәлемдесіп жатқандары сирек. Оның себебі де осы қой кезекте жатыр ма дейміз? Өйткені, ауылда қойдың кезегі жоқтың қасы. Қойларын бірнеше үй бірігіп қана бағады. Ал қой кезек болса, адамдар еріксіз араласады. Тым құрығанда, қой кезекті ауыстыру үшін көршісіне кіріп шығар еді ғой.
Ауылда өскен әрбір қаратабанның қой кезекке шыққаны анық. Ен далада жалғыз жатқанда небір ойдың құшағында қаласың. Әзірге белгісіз болашағың туралы ойлағанда қиялыңа қанат бітіп, самағай ұшасың. Бүгінде елді аузына қаратқан ақын мен жазушы да, қоғам қайраткері де, билік тұтқасында жүрген азаматтар да кеше ғана ауылының шетінде қойын бағып отырған бала екеніне кімнің алдында болмасын бәс тігуге болар. Осы азаматтардың әрқайсысы қой бағып отырып болашаққа қиялымен сапар шеккені де рас. Қой кезекте жүріп мақсат қойған да шығар алдына. Сол мақсаттардың орындалғанын көреміз бүгін. Бірақ олар қой кезекті ұмытып кетті ме деп ойлаймыз.
Қой кезек төзімділікке баулиды. Жазы аптап ыстық, қысында қара жел бетті қаритын Қызылордада қой бағу да оңай шаруалардың қатарынан емес. Ол үшін де біраз шыдам керек. Оның үстіне ойын баласына азаннан қара кешке дейін қойдың соңында жүру де іш пыстырарлық дүние. Бар бала асыр салып ойнап жатқанда жалғыз өзің қара қойды қайырып, ешкі біткенмен алысып жүргенің. Қой жарықтық икемге келеді. Мұнда ешкінің жағдайы қиын. Осындайда ойға түседі. Анамыз қырық жасқа толғанын тойламақ боп, әкеміз таудағы қойшыдан дәу бір серкені сүйреп келген. Түс ауа әлгі серкені соймақ болдық. Үлкендер жағы бізге малды әкелуді тапсырған. Мүйіздері қарағайдай, өзі тайыншадай серкеге әліміздің келмейтінін білсек те бардық. Қорадан шығара бергеніміз сол еді, сүйреп ала жөнелсін. Қаңбақ құрлы көрмейді. Көшеге қарай тура тартты. Мүйізіне байланған жіптің жартысы біздің қолда қалды. Содан есік алдындағы қорадан ор текедей орғып өтті де ескі моншаны бетке алды. Ал оның арғы жағы ен дала. Артынан қуып келеміз. Жеткізбейді. Ескі моншадан өтіп, Қатарталды бетке алды. Оны айналып өтіп, Төңкерістің күріштігінен бір-ақ шықты. Өмірімізде өкпеміз өшіп бір жүгіргеніміз болды-ау. Күріштікке кіргеннен кейін жағдай белгілі. Ұстатпақ тұрмақ, ізін тапқызбайды. Содан семіз серкеден айырылып тынғанымыз бар. Ал қой кезекте ондай серкенің ондағаны жүреді. Онымен қоймай шыжбыңдаған шібіштердің өзі әбден шыдамыңды тауысып бітеді. Қой кезекке төзімділік керек дегеніміз де осы. Кей балалардың қой кезектен өзін әскерден қайтқан солдаттай сезініп келетіні де сондықтан шығар.
Қой кезектің жайын білу үшін Тәңіртауда туып-өскен жас жазушы Бейбіт Сарыбайға сұрау салдық. Нарынқолдың нән табиғатында қой баққан да бір рахат шығар деген ойдан ада емеспіз. «Жер жәннаты Жетісуда біз секілді еріні ию-қию болып, шаң жұтып жүрмеген болар?» деген сауалдың санада тұрғаны анық еді. Қалғанын Бейбіттің өз аузынан естиік:
– Қой кезек дегеніңіз егде адамдарға үйреншікті іс болғанымен, бұл міндетке алғаш жегілген жас бала үшін үлкен жауапкершілік. Және өміріндегі алғашқы жауапкершіліктерінің бірі. Басқаны қайдам, өзіміз солай сезіндік. Жүзден аса қойды алдыңа салып, жапан түзге шығу алғашқыда үрей туғызған. Ауылдан екі, үш шақырым ғана ұзап шығатын жерде қасқыр түгіл түлкінің де болмасы белгілі. Ондай қорқыныш жоқ. Бар болғаны алдыңдағы қойлардың өзге отарға қосылып кетпеуін қадағаласаң жетіп жатыр. Қосылып кетсе де несі бар, айналасы бірер сағатта қайтадан бөліп алу аса бір қиын шаруа емес. Бірақ біз сол кезде қойларды өзгенің отарына қосып алудан қатты қорқатынбыз. Егер ондай жағдай орнаса басымызға қара бұлт үйірілердей сезінуші едік. «Қой қосылып кетіпті» деген сөз жер сілкініпті деген сияқты естілетіні де содан болса керек.
Қой кезек көктем шығып, жер қарайысымен басталады. Ол кездегі өріс – жайылымдық жер. Судың арғы беті, таудың етегі. Қойыңды жайлауға жібермесең, қойшыларға қоспасаң жаз бойы да сол жақта бағасың. Ал күз келіп егін орылып, шөп шабылғаннан кейін шабындық жер мен егістік алқабы толықтай иелігіңе өтеді.
Қазіргі кезде уақыттың зымырап өтіп жатқанын кредитін төлейтін күні келгенде білетін қазақ ол кезде қой кезек арқылы сезінетін. Ертең қой кезек деген күні «кеше ғана өткізіп едік қой дейсің» еріксіз. Қой бағуда көршілер он үй, он бес үй болып бірігіп жатады. Кейбіреулері алты, жеті үй болып қана қосылады. Енді ол көршілердің ымыра-бірлігіне байланысты. Әңгіменің жарасу жағы шешеді. Он бес үй біріккендерге рахат, айына екі-ақ мәрте кезекке шығады. Ал, жеті үй ғана бас қосса апта сайын ат терлетуіңе тура келеді.
Таңда қойды айдап кетіп бара жатып күндегі ойын баласының образы бір сәтте ғана өзгеріп шыға келгені өзінше бір қызық. Сенің балалығыңды бетіңе басып, көңілі толмағандай сөйлеп қалатын шалдар болады: «Ей, кешке қарай қойды қуаламай, жая-мая асықпай айда», дейді. Жарайды дегендей басыңды изейсің де қоясың. Айналасы 150-200 гектар жерге алақандай ауылдан он шақты отар шығады. Солармен ыңғайласа жүріп өзіңе қолайлы орынды таңдап алғасын қойларды иіріп қойып, атты тұсап жібересің. Ал содан кейін жат. Айналаң тып-тыныш. Қалың ойға батасың. Шексіз қиялың мен есепсіз армандарың астаса кеткенде зеңгір көкке көз тігіп, шидің бір сабағын езуіңе қыстырып қойғанның өзі ғажап қой. «Алматыны екі аралап келгенде» күн төбеңе шығады. Дорбаны ашып, сары май жағылған наныңды жеп, шайыңды ішіп аласың. Түс қайта ұртыңа қатқан құрттың біреуін тастап қойып, ара-тұра ашымал көжеден бір жұтып жатқаның. Қойыңды ары қайырып, бері қайырып өтпестей болған уақытты да өткізіп, батпастай болған күнді де еңкейтіп, қуана-қуана отарды ауылға қарай бұрасың. Ендігі жалғыз ғана қауіпті сәт бар. Кең жерді әркім өзінше жайлап жатқанымен, кешке бәрінің өтер көпірі біреу-ақ. Сол кезде ретін тауып, өз кезегіңмен отарыңды өзгелерге қосып алмай өтсең болды. Бітті дей бер, бойыңды мақтаныш пен қуаныш бірдей кернеп ала жөнелсін. Мақтанышың сол – сен де үйіңнің бір қажетіне жарап қой кезекті өткіздің. Ал жүз қаралы қойды аман-сау айдап келу бір қуаныш болса, енді жеті күн ішіңді пыстырып, жаныңды сыздататын қой кезекке шықпайтының өзінше бір қуаныш.
Сол күні мейірлене отырып ас ішіп, сәл еркелеп алуыңа, шаршағаныңды желеу етіп аяғыңды жумай төсекке құлай салуыңа толығымен болады. Ол күні тете өскен әпкең мен бірер жас үлкен ағаңды бет қаратпайтының анық. Мықты болса ауыр да абыройлы міндетті атқарып келсін. Содан кейін барып қана бетіңе қарап сөйлесін. Өйтпейді екен, тыныш отырғаны дұрыс.
Ал кезегің емес күндерде қойдың алдынан шығу да өзінше бір жұмыс. Іші пысқан шалдар сәл ертерек барады. Екеуінің басы қосылысымен-ақ, бір әңгімені бастайды. Артынша әңгіме де қызып, адам саны да арта түседі. Колхозбастыққа көңіл толмастықтан басталған әңгіме қызды-қыздымен Таяу Шығысқа барып бір-ақ тірелсе де ешкім таңқалмайды. Күндегі ғадет. Кейде таласып қалып та жатады. Дау жетер жеріне жетіп, әне-міне төбелеске ұласып кетердей болып тұрғанда қой келіп қалып абырой болады. Өз қойыңды қашаңа қамап тұрып санайсың. Санағың отыз тоғызға жетсе жаның тынады. Отыз жеті болса тентіреп кетесің. Әркімнің итін абалатып, есік алдында ысқырып тұрғаның. Үй иесі шыққандағы сұрайтының жалғыз сұрақ: «Бөтен қой жоқ па?» Сөйтіп жүріп табасың. Тапқаннан кейін сол үйде қала берсе де болады емес пе, бүгін сойғалы жатқан жоқсың. Ертең бәрібір қайтадан өріске шығарасың. Жоқ, болмайды. Үйге әкелуің керек. Тап бір балабақшадағы бала сияқты, дедектетіп үйге әкелесің. Әйтпесе жаман үйреніп кетеді. Данышпан әкеңнің зоопсихоаналитикасына қарсы шығып көр.
Не десек те қой кезек дегеніңіз өткен шақтың аяулы естелігі, тәтті суреті. Алғашқы жауапкершілікті сезіндіріп есеюіңе, өзіңмен-өзің қалып ой қиялыңды жетілдіруіңе, табиғатпен етене болуыңа ықпал етеді. Ең қызығы біз өзі бастық болуға құмар адамдармыз ғой. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бір қауым елді басқармасаң да жүз қаралы қойға басшылық жасап, айдауыңа жүргізу дегеніңіз де өзінше бір қызық, бала кезде. Ең кереметі Нұрсәлімге деген өкпең болса, соның қойын сом қамшымен қақ маңдайдан салып қал…
Неге екенін қайдам, қой кезек дегенде Нұрәбілда шал есіме түсті. Жасы сол күндерде жетпістен асқан болуы керек, есегіне ер салып, аяғы салбырап қой соңынан келе жататын еді. «Жиырма қойы бар біз де бір кезек өткіземіз, 60 қойы бар Сержан да бір кезек өткізеді. Бұл әділетсіз. Ол үш кезек өткізгенде біз бір кезек өткізуіміз керек» деген өкпені де, «Сенің маңдайыңа 20 қой жазып қойған менмін бе, маған десең қойыңды жүзге жеткізіп, түгел қос» деген ұтымды жауапты да естігенбіз. Шіркін қой кезек, керемет еді ғой. Жаз уақытында барып қой кезек өткізуге қазір де қарсы емеспін. Ондай мүмкіндік туса қуанар едім,– деп аяқтады әңгімесін Бейбіт.
Қой кезек десе, біздің тұғырластарымыз ғана емес, аға буынның да айтары мол екеніне кәміл сенеміз. Өйткені, қойдың кезегінен кеше ғана құтылған кейінгі толқынның өзі сол шақты ыстық ықыласпен ойға алғанда, үлкендер жағының ойдағысы мен қайдағысы қалай қоздамасын?!.
Өмірдің өзі де қойдың кезегі секілді. Тағдыр ағзам маңдайға жазғанды кезегімен көре бересің.
Мына жалған дүние де қойдың кезегі тәрізді. Кезегің келгенде… кетесің. Қысқасы, қойдың кезегі – ойдың өзегі.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.