Аймақтар • 02 Мамыр, 2019

Көкшетауда қайырымдылық қоры жалғызбасты анаға үй алып берді

1353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Көкшетау қаласында жанашыр қауым жеті бірдей баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған анаға пәтер алып берді. Пәтер алып, қуанышқа кенелген Нұргүл Қаржауова ұзақ жылдардан бері жеті баламен жалдамалы баспаналарда күн кешіп келген болатын.

Көкшетауда қайырымдылық қоры жалғызбасты анаға үй алып берді

Тұңғышы он сегізде, ал, сүт кенжесі бар болғаны екі жасар. Тіршілік қамытын жалғыз өзі сүйреу оңай ма, пәтерақысын уақытында төлей алмаған соң жалғызілікті ана колледжде оқып жүрген үлкен ұлын амалсыз оқудан шығарып та алған. Тұрмыс тауқыметін тартқан отбасыға баспана алып бергенде ана да, бала да, жиналған қауым да ақ түйенің қарны жарылғандай қуанды.

Облыстық мешіт жанында «Зекет» қайырымдылық қоры осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған болатын. Қордың басты мақсаты – тіршіліктің ақ бас толқындарымен алысқан жалғызілікті жандарды қолтығынан демеу. «Ел үлесі – пәтерге» атты әлеуметтік жоба сәтті жүзеге асып келеді. Бұған дейін де төрт отбасына пәтер алып берген болатын. Қор басшыларының айтуына қарағанда, пәтерді сатып алу үшін қаржы жинауға студенттерден бастап зейнеткерлерге дейін қолдау көрсеткен. Сөз арасында көкшетаулық жас әнші Мұратқазы Әпезхан қайырымдылық концертін өткізіп, одан түскен 500 мың теңгені қорға аударғандығын айта кеткен ләзім.

Бір жақсысы, облыс орталығында таяуда ғана, Ораза алдында өткен «Жарамазан» атты рухани кеште Бұланды және Біржан сал аудандарында да екі отбасына жергілікті қайырымды жандардың көмегінің арқасында баспана кілті табыс етілгендігі жария етілді. Осылайша, қайырымды жандардың көмегінің арқасында бір күнде үш отбасы баспаналы болды. Жан жадыратар жақсы іс әлі де жалғасын таба бермек.  

 

Ақмола облысы