Әдебиет • 02 Мамыр, 2019

Коллекционердің пәтері (әңгіме)

1653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға жазушы Бақытбек Қадырұлының «Коллекционердің пәтері» әңгімесін ұсынып отырмыз. Оқып,ой бөлісе отырайық.

Коллекционердің пәтері (әңгіме)

Орындыққа қарсы мініп отырған аққұба Айсана, – орындықтың арқалығына айқастыра қойған аппақ білегіне иегін сүйеп отырған. Сосын орнынан еріне тұрды да қабырғаға толтыра жапсырған қара ала сауысқандай ақ-қара түсті фотосуреттерге жағалай қарап:

– Эрик, неге тек қана ақ-қара түске құмарсың осы?

– Түрлі-түсті ұнатпаймын. Өтірік пен жасандылықтың бәрі сол түрлі-түсті жылтырақтарға жасырынады.

Айсана үстелдің үстіндегі фотосуреттің бірін алып:

– Мына әдемі әйелдің үстіндегі көйлегі қара-сұр. Мүмкін бұл көйлек алқызыл болған шығар, егер фото түрлі-түсті болса, мына бейшара әйел одан да сұлу көрінер ме еді? – Басын екі жағына кезек-кезек қисайтып, әрі-бері қарағанына сүйсініп қалыпты Эрик. –  Өткен замандағы барлық түсті ұрлап, өзіне жұтып алған қара түстің мұнысы қылмыс емес пе?

Эрик мырс етіп езу тартты, кофеварканың түймесін басып жатып.

– Сен мойындауға тиіссің, бұл жай ғана ақ пен қара түстен басқа реңді қабылдай алмаудан туған кеще түсінік.

– Жаным-ау, бұл әр адамның өз қалауы. Коллекция жинау – жеке қызығушылық.

– Ал мына қалың қара ала суретте қандай мән-мағына бар?

– Мен бұл фотолардан сол кездегі адамдардың көңіл-күйін көремін. Мысалы, мына фотода үйдің қабырғасында жалаңаш әйелдің плакаты тұр... Міне, қара. Және осы ақ-қара түсті фотодан жаныма бір жылылық табамын. Адамдардың көзінен өмірге деген құштарлықты көремін.

– Ол тек сенің көзіңе ғана көрінген нәрсе. – Айсана әдемі аппақ саусақтарымен фотосуретті нұсқап, – Мектеп бітірушілер кешіндегі мына бір топ жігіттің, – міне, мына бір жалбырбас жігіт нағыз алаяқтың өзі, тек оның көзіндегі қызылды, жүзіндегі жазуды ақ-қара түс жуып кеткен.

Эрик кофесін араластырып жатып, бұған қырынан бір қарады да тағы да үнсіз қалды.

– Жарайды, жүрші, шығайықшы мына жерден. Қабырғадағы көздер өңменімнен өтіп барады. Мына ескі түстер адамды тұншықтырады. Бізге тезірек шығу керек, – деп сағатына бір қараған Айсана, – орындыққа қайта отырды.

– Сен ештеңеге таң қала алмайсың, Айсана. Себебі сен әлі де сол жұлдызнамадағы «Өміріңізде бір керемет өзгеріс болды» дегенге сеніп қалғансың. Сен күтіп жүрсің. Ия сен оны ұмыттым деп ойлайсың. Жоқ, ол бәрібір санаңның бір түкпірін кеміріп жатыр.

– Қойш, Эрик. Бүгіндікке мені мүлде құшақтаған жоқсың.

– Ұят емес пе, мына, мыналардан... Фотосуреттерге қарады.

Үнсіз қалды екеуі де. Эрик кофесін сораптап, ақ-қара фотосуреттерге; сосын шағын сөреге толтырған антиквариаттарға; көне сағаттар тіліне; көне заттардың арасын торлаған-салақтаған өрмекші торына қарап, неше түрлі ойға батып отырған. Сосын темекі тұтатпақ болған да бір-ақ көрді, бөлмеде ешкім жоқ болып шықты. Айсана қай уақытта келді, қай уақытта шығып кетті мүлде есінде қалмапты. Қалтасын сипалап оттық қарады.


Бақытбек ҚАДЫР