Аймақтар • 02 Мамыр, 2019

Алматыда «Достық дастарханы» фестивалі өтті

1621 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық дастарханы» атты ұлттық тағамдар фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алматыда «Достық дастарханы» фестивалі өтті

Фестивальге қатысқан әр ұлт өзінің таным-тарихын, қасиет қалыбын танытатын ұлттық құндылықтарын паш етуге тырысып бақты.  Басты ұстанымымыз бірлік деп ұрандатқан ҚХА қарасты этномәдени бірлестіктердің өкілдері жиналғандар назарына өздерінің бай дастархандарын ұсынды. Ұйымдастырушылар шараның негізгі мақсаты халықтар арасындағы ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыру. Сол арқылы көпшілікті Қазақстанда тұратын этностардың аспаздық ерекшеліктерімен таныстыру және түрлі этностар арасындағы мәдениетаралық түсіністікті нығайту екенін айтады. Қатысушылар әр этностың қонақ күту салты, тағамдарының денсаулыққа пайдасы, әзірлену әдістері  туралы әңгімелеп, ән мен биден шашу шашты.

– Тұрақтылық пен даму, татулық пен достық бәрімізге ортақ құндылық. Бүгінгі шара өскелең ұрпақты бір-бірінің салт дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелейді. Қазақтың қасиетті жерінде тату тәтті өмір сүріп жатқан барлық этностардың өкілдері тұтас жиналды. Өнерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын таныстырды. Қоғамның ынтымағын нығайтуға бағытталған шаралар жақсы нәтижесін көрсетіп жатыр. Алдымызда да маңызды іс-шаралар күтіп тұр. Жеткен жетістіктеріміздің негізі – халықтың бірлігі, ынтымағы. Бірлігіміз берік болса кез-келген мәселе оңтайлы шешімін табады, дейді «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Зиядин Хасанов.

Фестивальге қатысқандардың ішінде кәсіби аспаздармен қатар мұғалім, дәрігер сынды басқа саланың қазанында қайнаған әуесқой аспаздар да болды. «Қолың тәтті болса, дайындаған астың да дәмі тіл үйіреді. Егер ас жақсы ниетпен, махаббатпен,  көтеріңкі көңіл-күймен әзірленсе сөзсіз дәмді болады, дейді тағам көрмесіне қатысушылардың бірі Қазына Бекетова.

 м «Бірлік деген ұғымның сөз күйінде қалып қоймай, іспен дәлелденгені қандай жақсы. Үзбей өткізіліп келе жатқан бүгінгі дәстүрлі тағамдар көрмесі соның айғағы» деген қоғам қайраткері Аслы Осман, қиын тағдырдың қилы кезеңінде пана сұрап келген барша жұртты бауырына басқан қазақ елінің құшағы, кең дастарханы  қашанда жиылмай келе жатқанын айтады.