Спорт • 03 Мамыр, 2019

Мәулен Мамыров: Бозкілемде «әттеген-айлар» да аз болған жоқ...

1826 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ел спорты тарихында Мәулен Мамыровтың алар орны ерекше. Айтулы азаматтың есімі Қазақстанның еркін күрес өнерін биік белестерге көтерген балуан ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Сексенінші жылдардың екінші жартысында жасөспірімдер мен жастар буыны арасында аса ірі халықаралық додаларда дараланған қандасымыз кейіннен ересектер дуында да орасан зор табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, ол – КСРО кубогының иегері, КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, КСРО және ТМД біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы, Шығыс Азия және Орталық Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азия кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Жасыратыны жоқ, осы спорт түрін серік еткен бірде-бір жерле­сі­міз дәл осындай орасан зор табысымен мақтана алмайды. Бұл ретте Мамыровтың тұғыры өзге балуандардан әлдеқайда жоғары екенін барша жұрт мойындайды.

Мәулен Мамыров: Бозкілемде «әттеген-айлар» да аз болған жоқ...

– Мәулен Сатымбайұлы, өткен­­­ге зер салсақ, КСРО дәуі­рін­­де Қазақстанның намы­сын қор­ғаған еркін күрес шебер­­лерінің жетеуі ғана Одақ чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізген екен. Тағы 20-дан аса жерлесіміз айтулы жарыста жүлдегерлер санатына қосыл­ды. Солардың арасында қан­дастарым санаулы ғана. 1945-1991 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы 47 мәрте жел­бірегенін ескерсек, бұл көр­сет­кіш көңілімізді марқайт­пай­ты­ны анық. Біздің несібеміз неге кем болды?

– Кеңес Одағы тұ­­сында қан­дас­­тарымыздың түр­­лі кедер­гі­лерге кезіккенін көзіқа­­рақты жанкүйерлер ұмы­та қой­ған жоқ. Өз басында би­лі­­­­гі жоқ елдің берекесі де бол­май­­­­ты­ны белгілі ғой. КСРО дәуі­­рін­де шынайы спорттық са­­йыс­та мықтылығыңды сан мәр­те дәлел­десең де, түбі бар­лық мә­селе Мәскеу арқылы шеші­ле­тін. Әйтпегенде одан да биік белес­­терді бағындыруға аға­лары­мыздың күш-қуаты да, қа­рым-қабілеті де толықтай же­те­тін еді. Мәселен, Аманкелді Ғаб­саттаров, Әбілсейіт Айқанов, Аманжол Бұғыбаевтың қай-қай­сы­­­сын алсаңыздар да, өз дәуі­рі­нің дара тұлғалары екені еш кү­мән ту­ғызбайды. Олар қарсы кел­ген­дер­ді алып та ұрды, шалып та жықты. Үшеуінің де КСРО чемпионы деген дардай атақтары бар. Бірақ сол саңлақтарға Олимпия ойындары, әлем және Еуропа чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерде бақ сынау бақыты бұйырмады. Олардан бөлек, Кеңес Одағы біріншілігінде жүл­де­­герлер қатарынан көрінген Сейіт­жан Әбдікәрімов, Рамазан Нұр­манов, Мәлік Нәдірбеков, Сайлау Мұқашев және тағы басқа дүлдүлдерді қандай аламанға қоссақ та, жерге қаратпайтын еді. Десек те спорттағы солақай саясат олардың да бағын байлады.

– Балуандық өнерде атағы ал­ысқа жайылған аға буын өкіл­дері: «Кезінде әлемдік дода­лар­да жүлде алғаннан гөрі Одақ көле­міндегі жарыстарда топ жару әлдеқайда қиын болатын» деген пікірді жиі айтады. Осы­ған келісесіз бе?

– Жарыс атаулының оңайы жоқ қой. Тіптен, қатардағы қара­пай­ым турнирде өздігінен ешкім сенің ығыңа жығыла салмайды. Өйткені әр адамның өзі­нің жеке мүддесі мен көздеген ма­қ­­саты бар. Сол жоспарды жүзеге асыру үшін олар ай­қас алаңында жанын салып арпа­­лысады. Жарыс деңгейі жоға­ры­лаған сайын қарсыластар да қарымды келеді. Иә, Одақ тұ­сын­­да ешкімге оңай болмағаны анық. 15 республиканың өкілдері бас қосқан дүбірлі додада оза шабу өте қиын болды. Оған КСРО аумағында тұрып жатқан көпте­ген ұлт пен ұлыстарды қосы­ңыз. Олардың да өз батырлары мен бағландары, белді балуандары бар. Расында да, осындай дүрмекте даралану сол кездері ер­лік­пен пара-пар іс еді.

– Сіз сол дүрмектің бел орта­­сында жүр­діңіз ғой...

– Біздікі бер жағы ғой (күл­ді). Де­сек те біраз аламанға қатыс­қа­нымыз рас. 1987 жылы Алма­тыдағы Қажымұқан атын­да­ғы спорт мектеп-интернатында оқып жүрген кезімде Дағыстанда өткен «Достық» халықаралық тур­нир­інде 10 кездесу өткізіп, бар­­лығында айқын жеңіске қол жет­­­­кіздім. Бұл – менің үлкен арена­­­дағы ақжолтай табысым еді. Содан кейін-ақ жолым ашылды. Ха­­лықаралық додаларға қа­ты­­сып, өзімді мойындата бас­та­­дым. 1987-1989 жылдар аралы­ғын­да жасөспірімдер мен жас­тар буыны арасындағы жарыс­тар­да КСРО чемпионы және жүлдегері, КСРО-ның мектеп-интер­­наттары біріншілігінің же­ңім­­пазы, Бүкілодақтық жастар ойын­­дарының күміс жүлдегері атан­­­дым. Жастардың әлем бі­рін­­­­шілігі мен әлем кубогында үшін­ші орынды иелендім. 1990 жыл­дан бастап ересектер дуы­на қо­сылдым. КСРО кубогын жеңіп алдым, КСРО халықтары Спарта­киа­дасында күміс және КСРО мен ТМД чемпионаттарында қола медальды олжаладым.

– Сонда Барселона Олим­пиа­дасына баруға еш мүмкін­ді­­гіңіз болмады ма?

– Жоғарыдағы жеңістерден кейін КСРО-ның бас командасы­на қабылдандым. Ол кезде 52 ки­ло салмақ дәрежесінің тіз­гінін Сеул Олимпиадасы мен әлем чемпио­наттарының екі дүркін жүл­де­гері, Еуропа чем­пионы Вла­димир Тогузов мық­тап ұстап тұр­ған. 1991 жылы Запорожьедегі КСРО халықтары Спарта­киадасы мен 1992 жылы Мәскеу­дегі ТМД чемпионатында мені алтыннан айырған дәл сол бал­уан еді. Сол себепті де таңдау Тогузовқа түсті.

– Сол жарқын жеңістерден кейін біраз уақыт көпшіліктің көзі­­нен таса қалдыңыз. Сол кез­де­рі бағыңыз жанбады ма, әлде ба­быңыз келіспеді ме?

– КСРО-ның іргесі сөгілгеннен кейін бұрыннан қалыптасқан жүйе бұзылды. Елішілік жарыс­тар мен оқу-жаттығу жиындары си­рек өтетін болды. Шетелдегі бә­се­келерге қатысуға қаражат тап­шы. Көптеген спортшылар сон­­дай қиын­дықтарға шыдамай, өзге кә­сіпке кетіп жатты. Мен бозкілем­нен алыстаған жоқпын. Көп еңбек­тендім, көп іздендім. Алайда біраз­ға дейін жолым оңғарылмай-ақ қойды. Сондай қиын шақта кей­­бір бапкерлердің менен те­ріс айналғаны жаныма батты. «Мамы­ров осымен тоқтады. Енді оның оңды нәтиже көрсетуі екі­та­лай» деген қаңқу сөздерді де сан мәрте құлағым шалды. Бірақ мен мойымадым. Жатпай-тұрмай даярланып, мұратыма жету жолында жанкештілік таныттым. Ақыры ерен еңбегім ақталды. 1994 жылы Жапонияның Хиро­си­ма қаласында алауы тұтан­ған Азия ойындарында бас жүлдені ол­жа­ладым. Бұл жеңіс маған ерек­­ше рух берді. Кә­дім­гі­дей еңсе тіктедім. Ең бастысы, үш жылға созылған сәтсіз­діктің шыр­ма­уы­ғы­нан шық­қа­ны­ма қуандым.

– Хиросимадағы өнеріңіз кү­ні бүгін­­гідей көз алдымызда. Бір өкініштісі, содан бері таба­ны кү­ректей 25 жыл өтсе де, Қа­зақ­­станның бірде-бір еркін кү­рес шебері Күншығыс елін­дегі сіздің сол жетістігіңізді қай­та­лай алмай жүр...

– Иә, бұл өкінетіндей-ақ жағ­дай. Сол кезден бері ширек ғасыр уақыт өтсе де, біздің балуан­дар­дың сол белесті бағын­ды­ра алмай жүргені менің де жаныма батады. Бірқатар спортшылардың Азиаданың алтынын алуға жақсы мүм­кіндігі болғанына дүйім жұрт куә. Мәселен, 2014 жылы Инчхон­да­­ғы дода­да Расул Қалиев, Есболат Нұр­жұмбаев және Дәулет Шабан­­бай сынды қазақ жігіттері фи­нал­ға шық­ты. Барша жанкүйер сол қандас­тарымыздың кемінде бі­реуі бас жүлдені олжалайтын шығар деп үміттенді. Бірақ ше­шу­­ші тұста үшеуі де ұтылды. Былтыр Жакартада Данияр Қай­са­­нов ақтық сынға жолдама алды. Алайда оның да жолы бол­ма­ды. Әрине, бұл жағдай балуан­дардың әлі де бір қайнауы кем екенін аңғартады. Ал осы мәсе­ле­­нің шешімін табу – ұлттық құ­рама бапкерлері мен олардың жеке жат­тықтырушыларының құзы­рын­дағы шаруа.

– 1996 жылы сіздің есіміңіз еркін күресті серік еткен қан­дас­­­­­­тарымыздың арасынан ал­ғаш­­қы болып Олимпия ойын­­­да­­рында жеңіс тұғырына көте­­­ріл­ген балуан ретінде та­рих­та ал­тын әріптермен жа­зыл­­ды. Сол жарыс­ты жадымыз­да тағы бір жаң­ғыртсақ...

– Атланта Олимпиадасы ме­нің ең бір кемелденген кезім­мен тұспа-тұс келді. Жа­лындап тұр­ған 25 жастамын. Жарыстың алғашқы айналымында канадалық Грег Вудкрофты 10:0 есебімен тас-талқанын шығардым. Келесі кез­десуде КСРО халықтары Спар­та­киадасы мен ТМД чемпионатында мені алтыннан айырған Украинаның өкілі Владимир Тогузовтан «кегімді» алдым – 3:1. Одан кейін төрткүл дүниенің теңдессіз балуаны, болгариялық Валентин Иордановтан ұтып жатып, қателікке бой алдырдым – 3:7. Сол қателік мені Олимпиаданың алтыны үшін айқасу мүмкіндігінен айырды. Одан кейін түркиялық Метин Топақтаны оңай ұттым – 5:0. Ал шешуші бәсекеде ресейлік Шешенол Монгуштан 3:2 есе­бі­мен басым түсіп, қола медальды мойныма ілдім.

– Мәулен Мамыров пен Валентин Иордановтың Атлан­та­­­дағы айқасы Бірлескен күрес әле­мі­­нің (United World Wres­tling) алтын қорында сақ­тау­­лы. Ата­­ғынан ат үркетін бал­­­уанды алға­шында біраз састыр­­дыңыз ғой...

– Негізі Иордановты да жеңу­ге бола­тын еді. Төреші белгі берген бет­те бірден шабуылдаған мен оның аяғынан іліп алдым да, жерге алып ұрдым. Үш ұпайға тати­тын әдіс еді, төрешілер бір ғана ұпай беру­мен шектелді. Жерде ауна­тып алдым да, тағы екі ұпай олжа­ла­дым. Сәлден кейін қолын «кісен­де­дім» де, қос жауырынын жерге ти­гізбек болдым. Ол тыпыршып көрді. Бұл әрекетінен ештеңе шық­пағаннан кейін болгариялық бал­уан айла­ға жүгінді. «Қолым сынып кетті» дегендей сыңай таны­­тып, айғайға басты. Жеті дүр­кін әлем чемпионы деген атағы бар даңқты балуанның жан дауысы шық­қанда, төрешінің «үнсіз» қалуға дәті шыдамады-ау деймін. Кілем­дегі қазы бәсекені дереу тоқ­та­тып, ортаға дәрігерді шақыр­т­ты. Иордановтың қолын ұстап көрген ол ештеңе болма­ға­­нына көз жеткізген соң қайта кі­лемге шы­ғарды. Бұл ретте тө­­ре­­шілерден ағаттық кетті. Ондай жағдайда ай­лаға жүгінген бал­уан жазалану керек. Маған екі ұпай беріліп, қар­сы­ласым төрттағандауға тиіс еді. Бірақ төреші ештеңе болмағандай екеу­мізді тік тұрғызып, қайта кү­рес­­тірді. Көп ұзамай мен қате­лікке бой алдырып, оның қақпанына түсіп қалдым. Өз кезегінде қарсы­ласым өз мүмкін­ді­гін қалт жібер­ген жоқ.

– Сол кезге дейін болга­рия­­­­лық балуанмен жолыңыз қиыс­­па­ған ба еді?

– Мәселе сонда ғой. Атлантаға дейін Иордановпен бірде-бір рет бел­дескен жоқпын. Екеуміздің жолы­мыз ең болмағанда бір мәрте қиысқанда ондай қате­лік­ке бой алдырмас едім. Ол көпті көр­ген көкжал ғой. Болга­рия­ның бет­ке­­ұстары әлем чемпио­на­тын­да­­ғы әрбір жеңі­сінен кейін боз кі­лем­ді құштарлана сүйіп: «Бұл – менің соңғы жарысым. Енді үлкен спортпен қош айтысамын», – деп жер-жаһанға жар салады. Біздер соған иландық. Енді онымен жолықпайтын шығармын деп ойладым. Ал ол болса, келесі чем­пио­натқа тағы келеді де, бә­рін тақырға отырғызып кетеді. Десек те Валентин Иордановтың, шын мәнінде, ұлы балуан екенін мо­йын­дамасқа лаж жоқ. Ол 1983-1995 жыл­дар аралығында әлем чемпиона­тында 10 мәрте жеңіс тұғы­рына көтерілді. Сол жүлде­лер­дің жетеуі алтын. Тағы жеті рет Еуропа біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеді. Оның спорттық биографиясының сәл ғана сәнін кетіріп тұрғаны – Олимпиада чемпионы деген атақтың жоқтығы еді. Болгариялық балуан 1988 жылы Сеулде ұтылды, 1992 жылы Барсе­лонада қола медальды қанағат тұт­ты. Ақыры Атлантада айдарынан жел есіп, 36 жасында өмір бойы аңсаған арманына қол жеткізді.

– Қола медаль үшін тартыс­та сіз­бен белдескен Шешенол Мон­­­гуш үстіне май жағып жық­­ты дей­ді. Сол рас па?

– Ол рас. Ресей балуаны дене­­сін майлап шыққанын мен бірден аңғардым. Ұстаса кетсек, ол су­дағы балықтай уысым­нан шы­ғып кете береді. Осы жағ­дай­ды төрешілерге мен де айттым, бапкерім де айтты. Алайда олар жұм­ған ауыздарын ашпады. Амал жоқ, «тәуекелге» бару­ға тура келді. Монгушты бір сыбап алдым да, қайта шабуыл­да­дым. Ақыры не керек, осал тұсын тауып, қарсыласымды қапы қал­дыр­­­дым.

– Мәулен Мамыровтың тағы бір ерлігі – әлем чемпио­натының қола жүлдегері атануы. Сізге дейін осы спорт түрін серік еткен қазақ­тың ешбір балуаны бұл атақ­қа қол жеткізе алмады емес пе?

– Жалпы қазақстандық балуандар жайында айтар болсақ, маған дейін 1976 жылы Олимпия ойындарында Александр Иванов және 1995 жылы әлем чемпионатында Елмәди Жабырайылов қана жүлде алды. Ал қандастарымыздың арасынан айтулы қос жарыстың жеңіс тұғырына көтерілу бақыты маған бұйырған екен.

– Алайда олардың екеуі де легионер ғой...

– Иә, оныңыз рас. Александр Иванов – Якутияның, ал Елмәди Жа­бырайылов – Дағыстанның ту­масы.

– Легионер дегеннен шығып отыр. Осыдан талай жыл бұрын өз сұх­батыңыздың бірінде сіз «Мен өзімді Ресей құрамасында жүр­­­гендей сезінемін» деп ашына айтқан едіңіз. Расында да тоқ­саныншы жылдары ұлттық ко­ман­­дамыздың сапында өнер көрсет­­­кендердің дені өзге ұлт өкіл­­дері еді ғой..

– Мен боз кілемде өнер көр­сет­кен кездері Қазақстан құрамасы сапында қазақтар санаулы ғана болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тек Мұрат Мәмбетов, Берік Деңгел­ба­ев, Мадияр Құрамысов сынды бал­уан­дар аса ірі додаларда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Кейіннен олар спорттан қол үзіп кетті. Сол ортада мен жалғыз қалдым. Кейде әлем чемпионаты мен Олим­пия ойындарында мен өзімді Ресей құрамасының сапында жүр­ген­дей сезінгенім рас. Өйткені, коман­дада кілең өзге ұлттың өкіл­дері. Жалғыз қазақ мен ғана. Жа­сы­ра­тын несі бар, сол тұста мені де шет­теткісі кел­ген бапкерлер та­былды. Олар Әзербайжаннан Әбіл Ибра­ги­мов­ты, Өзбекстаннан Ділшот Ман­сұровты шақыртып әлек болды. Бірақ олардың маған әлдері жетпей, екеуі де еңселері түскен күйде елдеріне оралды. 2001 жылы Софияда өткен әлем чемпионатында өзбекстандық Ман­сұровпен жолымыз қиысып, оны 11:1 есебімен тізе бүктірдім. Кейін­­нен ол жігіт екі дүркін әлем чем­пионы, үш дүркін Азия ойын­­да­рының жеңімпазы атанды. Ал жастар арасындағы әлем чем­пио­­ны Ибрагимовты жаттығу за­­лында талай иледім. Негізі мен легионерлердің Қазақстанға кел­ге­ніне түбегейлі қарсымын. Ол үрдісті тоқтату керек. Мұны мен бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге бейім бапкерлердің тірлігі деп түсі­немін. Олар ел келешегін ойла­­майды. Егер ойласа, өз өрен­­­дерін неге алға сүйремейді? Со­­­лар­ды жақсылап тәрбиелеп, дұ­­­рыс­тап баптамай ма? Қыруар қа­ра­жатты шетелдіктерге шаш­қан­нан гөрі, Қазақстандағы талантты жастардың игілігі үшін жұмсаған жөн.

– Ғасырлар тоғысында Сид­ней­­­де алауы тұтанған Олим­пия ой­ын­дарында өнер көрсеттіңіз. Сол жарыс қарсаңындағы нә­ти­­­­же­лерге үңіл­сек, жасыл құр­­лық­­та да жеңіс тұғырына көте­­рі­­летіндей жөніңіз бар еді-ау де­­ген ой келеді...

– Сол кездері де бабым өте жақсы еді. 1998 жылы Бан­гкок­та Азия ойындарының қола жүлде­г­ері және 1999 жылы Ташкентте Азия чемпионы атандым. Басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда біраз табысқа қолым жетті. Олим­пиадаға да көтеріңкі көңіл күй­мен келдім. Алғашқы екі айна­­лымда қос қарсыласымды ай­қын басымдықпен жеңдім. Алай­­да үшінші кезеңде Беларусь елі­нің намысын қорғап жүр­ген якут балуаны Герман Контоевқа қо­­сымша уақытта ұтыл­дым. Осы­лай­ша, Атланта Олим­пиа­­да­сын­да жеңіп алған қола меда­лім­ді Сиднейдегі додада алтынға алмастырсам деген асқақ арманым желге ұшты.

– 2004 жылы өткен Афины Олимпиадасына да даярланып жатыр дегенді естіген едік. Бірақ байрақты бәсеке жақын­да­­ған тұста үлкен спорттан қол үз­геніңіз жайында құлағдар болдық...

– Афины Олимпиадасына қат­ыс­сам деген ой болды. Біраз уақыт бойы айтулы додаға ерекше құлшыныспен даярландым. 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойын­дарында төртінші орынды қанағат тұттым. Басқа да бай­рақ­ты жарыстарға қатыстым. Бірде – ұтамын, бірде – ұты­ла­мын. Алайда Олимпия ойын­дары жақындаған сайын ескі жара­қатым жиі мазалай бастады. Сек­сенінші жылдардың аяғында бі­лек­тің сүйегін сындырып алған едім. Дер кезінде емдетпей, өзі бітіп кеткенше, еш мән бермей жүре бердім. Соның салдарынан қолымды жерге көп тіреп тұра алмайтындай жағдайға жеттім. Өйт­кені, білегім икемге кел­мей­ді. Әбден мазам кеткеннен кейін тексертсем, дұрыс бітпеген екен. Операция жасатып едім, дәрігерлер оны басқа сүйекке жалғап жіберіпті. Кейін тағы бір қаратсам, ақ халаттылар енді бұл жарақаттың емделмейтінін айтты. Сөйтіп, дәрігерлердің қателігі және өзімнің салғырттығымның кесірінен үлкен спортпен қош айтысуға тура келді.

– Қалай болғанда да сіздің ел спортына сіңірген еңбе­гің­із­дің ерен екені еш дау ту­ғыз­­­байды. Олимпиада мен әлем чемпионатында жүлде ал­ды­ңыз. Азия ойындарында да халқыңыз­ға алтын медальдың сың­­­ғы­рын естірттіңіз. Осындай биік белес­терді бағындырған адам­­ның арманы жоқ шығар?

– Менің спорттық жолымда «әттеген-ай» дейтін сәттер де аз болған жоқ. Мәселен, Олимпиада алтынына қолым жетпеді, әлем чемпионы атана алмадым. Осы күнге дейін соған күйінемін. Егер деңгейім жетпей, бабым кем болса, бір сәрі. Бірақ кезінде ешкімнен кем болған жоқпын. Күш-жігерім бойымда, намыс оты кеудені кернеп тұрды. Бірақ ондай бақ маған бұйырмады. Сенсеңіз, Олимпиада жайында ойласам, есіме қола медальды кеудеме таққан сәт емес, Иордановтан жеңіліп қалған кез жиі оралады. «Неге бұлай болды? Сол бәсекеде мен ұтуым керек еді ғой?», – деген сансыз сауал санамды шарлайды. Жалпы, менің жолымда кедергілер көп болды. Бір ғана мысал: кезекті бір дүбірлі додаға нағыз бабымда келдім. Жалындап тұрған шағым. Алайда төрешілер бұра тартып, мені қалай да сүріндіруді көздеді. Көпе-көрнеу қиянат жасағаннан соң мен өз наразылығымды біл­дір­дім. Ол кезде халықаралық феде­рацияның талабы бойын­ша ресми түрде протест жазу үшін 500 АҚШ доллары көлемінде қара­жат төлеу қажет болатын. Сол ақшаның өзін таба ал­май, шыр-пыр болғаным есімде. Жиған-тергеніміз 400 долларға әзер жетті. Бұл сомаға қана­ғат­танбаған қазылар жеңісті қарсы­ласымның уысына ұстатып жі­бер­ді. Ал біз жер сипап қалдық. Міне, осындай да жағдай басымнан өткен...

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»