Қоғам • 03 Мамыр, 2019

Он бала тәрбиелеген Күлбаршын Кәкенова туралы бір үзік сыр

1313 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, ішіне кірсең шыққысыз, жып-жинақы бөлмеде күпсіген құ­­рақ көр­пенің үстінде отыр екен. Амандық-сау­лық сұрасқан соң іздеп келген себе­бімізді айт­тық. Әжей әуелі ойланып қал­ды. Сәлден соң тереңнен толғап сыр са­бақтаған.

Он бала тәрбиелеген Күлбаршын Кәкенова туралы бір үзік сыр

– Туған жерім бұрынғы Көк­шетау облысына қарасты Рузаев ауданындағы Мұқыр ауылы ғой. Етек-жеңі жинақы, кішкентай ғана елді мекен. Ұлы Отан соғы­сының өрті қияндағы біздің ауыл­ды да шарпып тұрған кезде ойын баласы едік. Бірақ бала бо­лып ойнап көрген жоқпыз. Тірі қалудың өзі арман еді. Әй­теуір, бір үміт алға жетелеп, тағ­дыр­дың тәлкегімен жағаласып жү­ріп ер жеттік. Тоғыз жасымда ұжымшардың жұмысына қол­­ғабысымды тигіздім. Ол кезде ұжымшардың шаруасы ша­ғын еді. Бірер жүз гектар егін салатын. Аз ғана мал. Ер-азаматтың бәрі Отан қорғау жорығына кеткеннен кейін сол шағын шаруаның бабын табудың өзі бес батпан жүк. Соқаның тұтқасын ұстауға шама жоқ, етегіме сүрініп, жы­лап-еңіреп жүріп, өгіз айдаймын. Барболғырлар табандап, ал­ға ұмтыла қоймайды. Қара жер­ге қадалған соқаның тісі қай­тып ажырамастай болып желімдеп қойғандай жабысады. Қабырғасы арса-арса, жамбас сүйегі шодырайған, жілік майы жұқарған өгіздердің соқаны сүйреуге шамасы келмейді. Қа­зіргі күні ойлаймын, сол өгіз­дер со­қаны емес, майдан кезіндегі бар­ ауыртпалықты сүйреген екен ғой...

Өмірге 15 перзент әкелген, оның онын тәрбиелеп өсірген ардақты ана Күлбаршын Кәке­нова­ның тіршіліктен түйгені аз емес екен. Перзенттерінің төртеуі жастай, ал бесіншісі ер жеткен соң өмірден озған. Ел ішінде ме­­дициналық көмектің тапшы кезі. Қай­ран да қайран сәбилер қызылшадан, жұқ­палы аурулардан көктей солған. Қал­ғаны қазіргі күні бір-бір үйдің иесі, ақар-шақар отбасы болып, тү­тін түтетіп отыр. Күлбаршын әже­міздің өрісін кеңейтіп, туысын көбейтіп, көз қуанышына айнал­ған. Отызға жуық немереден, жиырмадан астам шөбере сүйіп, шөпшегінің маңдайынан өпкен.

– Біздің қазақ баладан немере ыстық деуші еді, немереден шөбере, шөбереден шөпшегің ыс­тық екен ғой, – дейді әжей, – Жаратқан иеге тәубе, жастық шақ­та көрген бейнет егде тарт­қан шағымызда зейнет болып оралды. Осынша жасқа келіп бақыттың құшағына бөленіп отыруым – зайыры, үлкендердің берген батасының шарапаты шығар.

Күлбаршын әжеміз сол кез­дегі көптеген замандастары тә­різ­ді ұзап шығып, білім қуа ал­маған. Тұрмыстың тұсамыс тау­қыметі босатпаса керек. Жеті жыл­дық мектепті бітірген соң сауыншы анасына ілесіп ұжымшар жұ­мысына жегілген. Кейін Көк­шетау ауда­­­нына қарасты Баратай ауылының тумасы Манап есімді азаматқа тұрмысқа шыққан соң да еңбектен қол үзбеген. Он бала­ның ас-суын дайындау, киім-ке­шегін әзірлеу тәрізді күнделікті тау­­сылып бітпейтін қарекеттен бас­қа аталас ағайын, ет жақын туысы Нұр­ғожа Молдажанов ақ­сақал­ды табаны күректей жеті жыл бағыпты. Әжеміздің осы ерлікке бергісіз еңбегін есті­ген­де таңғалғанымыз да рас. Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір келін төрт атадан қосылатын аға­йын түгіл, туғандарына да те­ріс қарап кетіп жатқан жоқ па? Нет­­кен мейірім, неткен жүрек жылуы дерсіз.

– Бала-шағасы жоқ, жетім адам еді. Жасы келіп қалған. Жал­ғыз кемістігі буын ауырына шал­дыққандықтан, аяғын басып жүре алмайтын, – дейді әжей, – уа­қытында ас-суы дайын тұруы керек, оның өзінде де қайын ағам аздап кірпияз адам болды. Тек жуындыруы ғана қиын. Өйткені мен келін де, ол кісі қайын аға есебіндегі адам ғой.

Қашан қайтпас сапарға аттан­ғанша қабағына кірбің түсірмей, үстіне құс ұшырмай бақса керек. Батасын беріпті, ұзақ ғұмыр тілеген. Ұл-қызыңның қы­зық-қуанышын көр деген. Немере келі­нінің қызметіне әбден тәнті болған ғой. Өзі уақытымен намазын оқыған, оразасын ұстаған та­қуа адам екен. Ақ тілегі қабыл болған. Әжеміздің үлкеннен бата алуы жалғыз бұл ғана емес. Баратай – бірлігі бекем ауылы. Ол тұста ел ішінде омыртқадан дәм татыру бұлжымас заң.

– Қайын енем соғым сойған күні көрші-қолаңды қуырдаққа ша­қырады. Кемі үш-төрт табақ. Одан соң кешкілік ауылдың үл­кендері. Бес-алты табақ. Әр табақта он адамнан деп есептеп көріңіз, – дейді күйеу баласы Асылбек Есмағамбетов, – сонша кісінің бабын табу оңай-ос­пақ шаруа емес. Ал енді бұл кі­сі­ні­кі тіпті қызық. Қыстың кү­ні бол­­ған соң ауыл ішінде қа­тынау қиын. Үйдегі балаларды жіберіп үлкендерді қол шанамен тасиды. Моншасын жағып қоя­ды. Бұйырған дәмін татып бол­ған соң ауылдағы әжелерді мон­ша­ға түсіреді. Олар қона жатады. Келесі күні шай-суын ішіп бол­ған соң қайтадан күпіге орап, тон­мен қымтап, шанамен тасиды.

Менің ойымнан он баланың салмағы шығар емес. Әңгіменің бір тұсында әжемізден:

– Он баланы өсіріп жеткізу қиын болды ма? – деп сұрадым.

– Әр бала өз несібесін ала туа­ды. Барға қанағат. Кішкента­йынан қанағатшыл болуға тәр­­биелеп өсірдік.

Шаруабасты отағасы Манап ақ­сақал таңның атысы, күннің батысы жұмыста болғандықтан, үй­Дегі малды да өзі жайлаған. Жарына еріп шөп шабуға да бар­ған, отын да жинасқан, үй шаруасына да үлгерген. Өзге­­сін былай қойғанда, текемет то­қып, алаша басатын өнерін айт­саңызшы. Әр қызын ұзатарда жа­­­са­уын өз қолымен жасаған. Көр­пе­сін көктеген, жастығын жай­натқан. Қыс­қаша айтқанда, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. Сол өне­рі ар­қылы балаларын әдемілеп киін­діріп қояды екен.

– Туған ауылдың әр түтіні көз алдыңда ғой, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – бұл шаңырақтан өрбіген балалардың бәрі үлкеннің алдын кесіп өт­пейтін, аға сыйлай білетін, ата сый­лай білетін тәрбиелі болып өсті. Қазір әрқайсысы бір-бір үй­дің иесі болып отыр. Соның бар­лығы ұшқан ұяның тәлімінен ғой.

– Жалғызбасты ана дегеніміз кім?! – деп толқыды аға, – олар неге көп. Әрине, бір парасы дәм-тұзы жараспай ажырасып кетуде жатыр. Мәселен, ел газеті «Егеменде» Ақмола облысын­да өткен жылы шаңырақ көтерген жас­тардың қақ жартысы ажырасып кет­кені туралы жазған жоқсыңдар ма? Міне, түпкі себеп қайда жатыр. Ал жал­­ғызбасты ананың құшағында ер жет­­кен ер баланың мінезі қалай болатынын ойладыңдар ма? Оның үстіне қазір білім ошақтарында көбіне қыз-келін­шектер жұмыс істейді. Сонда айналып келгенде ұрпағымызды әйелдер ғана тәрбиелеп жатыр. Балалардың бойында ерге тән мінездің, ерлік пен өрліктің кем­шін түсіп жатуы менің ойым­ша, осы себепті.

Ағаның айтуына қарағанда, біз бұл кеселден ұлттық тәрбиенің тұмшалан­ған көзін ашқанда ғана бетін қайтара ала­мыз.

– Бұрын ел ішінде ажырасу деген ілуде біреу ғана болатын. Ұят саналатын, – дейді аға, – қазіргі күні кей жас­тар ар-ұятты ойлаудан қалып барады.

Арды ойлаған Күлбаршын тәрізді аналар ұрпағы үшін тау көтерген толағайдай қия­пат ең­­­­­бек етіп, бүгінде сол еңбе­гі­­нің зейнетін көріп отыр. Ба­ла­ларының басым көпшілігі жо­­­ғары білім алған. Ауыл шаруа­шы­лығының маманы, дәрігер, сау­да саласының қызметкері, не­ме­релері де жетіліп қалды. Жа­­ратқан иеден одан артық не тілерсің?!


Ақмола облысы