Қазақстан • 03 Мамыр, 2019

Жаңа міндет, жаңа көзқарас

1348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы халыққа Жолдауында жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілер қалыптастыру қажеттігі, олар мемлекет пен қоғам арасын жақындатудың дәнекері екендігі ерекше атап көрсетілген. Мемлекеттік қызметші сапаны өмір стилі етіп, өзін-өзі жетілдіруді басты қағидатына айналдыруы тиіс.

Жаңа міндет,  жаңа көзқарас

Білікті кадр – мемлекеттік қызметтің беделі

Мемлекеттік саясат саласында қа­был­­да­натын шешімдер үшін жауап­кер­шілік сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында «орталық-өңір» қағидаты бойынша орын ауыстыру практикасы күшейтіліп жатыр. Яғни, жоғары мемлекеттік органдардың қыз­меткерлері өңірлерге тәжірибе алу үшін жіберіледі. Өйткені мем­ле­­кеттік қызметшілерді кезектен тыс ат­тес­­таттау нәтижелері бойынша ми­ни­­с­трліктер мен комитеттер ап­па­рат­­­тарында өңірлерде жұмыс тәжі­ри­­бесі бар кадрлар жеткіліксіз екені анықталған. Бұдан өңірлік деңгейде іске асырылатын саясатты әзірлеуде аймақтарда қызмет еткен кадрлардың қадірі артқанын байқауға болады. Сондықтан кейінгі кездері өңірден орталыққа қызмет бабымен алға жыл­жы­­ған мемлекеттік қызметшілер қа­­­тары арта түскен. Санмен дәйек кел­тір­­сек, 2017 жылға қарағанда 2018 жылы орталыққа ауысқандардың үлесі 32 пайызға артқан. Нақтырақ айт­­қанда,
5 186 маманнан 6 826-ға дейін көбейген. Олардың ішінде тө­мен­­гі лауазымнан жоғары лауазымға көте­рілгендердің салмағы басым. Бұл ішкі конкурс қорытындылары бойынша тағайын­дал­ған адамдардың жалпы санының 62,7 пайызын құрады.

Білікті кадр – қоғамның кез келген саласын дамыту мақсатында мем­ле­кет­тік қызметті тиімді ұйым­дас­ты­ру­дың кепілі. Өңір тәжірибесіне қоса, мамандарды кәсібилендірудің маңызды бөлігі – Президент жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы мен оның филиалдары базасындағы кадр даярлау, қайта да­яр­­лау және білік­тілігін арттыру жүй­е­сі. Елбасы жүк­теген тапсырманы ор­ындау үшін саяси қызметшілерге арнал­ған «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы және «А» корпусының ла­уа­­зымына тағайындалғандарға арнал­­ған арнайы қайта даярлау курс­­­тары да­йын­далды. 2018 жылы жоба­лық менеджмент бағытында 5 000-ға жуық қызметкер оқытылды. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында 3239 мемле­кеттік қызметші қайта даярлау және білік­тілігін арттыру курстарынан өтті.

Елбасы Жолдауында үздік шетел­дік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші уни­вер­ситеттерінде білім алған жеке сектор­да­ғы кәсіби мамандарды тартудың маңызды екені көрсетілген. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі «тез жалдау» тетігін іске қосты. Бұл құралды пайдалана оты­­рып, мемлекеттік органдар Пре­зи­дент жанын­дағы Кадр саясаты жөнін­дегі ұлт­тық комиссияның шеші­мі бойынша конкурстан тыс негізде тәжіри­белі және креативті мамандарды та­ғай­ын­­дай алады.

Жалпы, қазіргі кезде мемлекеттік қыз­метшілердің білім деңгейі тұрақты, 92 пайызының жоғары білімі бар. 2017 жылмен салыстырғанда былтыр «Болашақ» бағдарламасы стипен­диат­та­рының үлесі 13 пайызға, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектері 3 пайызға өскен.


Оңтайландыру жұмыс тиімділігін арттырады

Мемлекеттік қызмет істері агентті­гі­­нің негізгі міндеттерінің бірі – ең­бек­ақы төлеудің жаңа жүйесінің тиім­­ділігін зерделеу. Президент Әкім­ші­­лігінің жанынан құрылған жұмыс тобы қанатқақты жобаны одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеп, мем­­ле­­кеттік органдар жаңа жүйе бо­йын­­ша төлемді қаржыландыру көз­де­­рін айқындауды жалғастыруда. Бү­­гін­де бюджетке түсетін жүктемені азай­ту жолдары белгіленді. Оның бірі мемлекеттік мүлікті тиімді және ұтым­ды пайдалану болса, енді бірі ве­дом­­стволық бағынышты ұйымдарды оңтайландыру. Бұл жұмыстар Үкімет бекіткен Мемлекеттік органдардың штат­тық саны мен шығыстарын оңтай­лан­дыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр.

Бірінші кезекте қайталанатын функ­­ция­ларды алып тастау, басшы­лық құрамын қысқарту, жекелеген бөлім­шелерді орталықтандыру тұрғы­сы­­нан басқару құрылымдары қайта қаралады. 2018 жылы үш әкімдікте – Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы және Ақмола облысында трансформациялау жүргізілді. Бұл шаралар елорда әкімдігіне шамамен 22,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік беріп, Ақмола облысында басшылық лауазымдар мен атқарушы қызметтердің арақатынасы екі есе қысқарды, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінде персоналды басқа­ру­дың орталықтандырылған қызметі құрылды және 6 басқарма таратылды.

Тиімсіз шығындарды оңтай­лан­ды­ру есебінен үнемделген қаражат қызметшілердің еңбекақысын көте­ру­ге бағытталады. Бұл жаңа жүйе еңбекақы­ны көбейтуді ғана емес, жұмыс тиім­ді­лі­гін арттыруды көз­дей­ді.

Бүгінгі таңда бюджеттен қаржы­лан­ды­рылатын белгілі бір жұмыс түрлері, атап айтқанда жолдарды жөндеу, көшелерді тазалау, жылу, электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және тағы басқа халықтың өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бірақ оларда мемлекеттік қызмет мәртебесі жоқ. Осыған байланысты «Мемлекеттік көрсе­тілетін қызметтер туралы» заңды қайта қарап, «қоғамдық маңызы бар қыз­меттер» ұғымын енгізу ұсынылды.


Әдеп кодексінің талаптары қатаң сақталуы керек

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қызметінде тұрақтылық және ауысу­дың төмен деңгейі байқалады. Соңғы екі жыл ішінде кадрлардың кету көр­сет­­кіші 6,2 пайызды құрайды, ал теріс себептер бойынша ауысу 4,6 пайызға қысқарды. Теріс себептер демекші, мемлекеттік қызметші азаматтармен тең қарым-қатынаста болуы, кез келген жағдайдан жол таба білуі, өз сезімін басқара білуі керек. Мамандардың Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы қатаң бақыланады.

Жақында Мемлекеттік қызмет іс­те­рі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мем­ле­кет­­тік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Мадина Наурызбек 2018 жылы Әдеп жөніндегі комиссияның бес отырысы, биыл бір отырысы өткізіліп, онда 18 мәсе­ле қаралғанын мәлімдеді. Соның нәти­же­сінде Әдеп кодексін бұзғаны үшін төрт қызметшіге ескерту, үш қыз­метшіге қатаң сөгіс жарияланды және бір қызметші лауазымынан боса­тыл­ған. Олардың атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы, бірақ жол берген олқы тұстары басқаға сабақ болуы керек. Мысалы, Парламент Сенаты аппаратының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кә­сіп­керлік комитетімен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің меңгерушісі өзіне бағынышты қызметкерлерге тіл тигізіп, шындыққа жанаспайтын мәлі­мет­терді таратқаны үшін қызметінен боса­тылған. Сондай-ақ Әділет минис­тр­­лігінің екі қызметкерінің тәртібі қара­­лып, министрліктің тәртіп­тік ко­мис­­сиясы отырысының бары­сы­на заңсыз араласқаны үшін жауап­кер­ші­лік­ке тартылған. Ал биыл Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төраға­сының орынбасары қоғамдық орын­дарда масаң күйде көзге түсіп, оған қатаң сөгіс берілген.

Әр мемлекеттік қызметші өзін мем­ле­­кеттің айнасы ретінде сезі­ніп, Әдеп кодексінің талаптарын қашан­да назарда ұстағаны жөн. Өйткені маманның өз ісін жете меңгеруі­мен қатар, адал­дық, әділдік, қарапайым­ды­лық, байсал­ды­лық сияқты қасиеттерімен беделі жина­лып, тұлғасы қалыптасады.