Осындай тарихи жәдігердің бірі – Жамбыл облысы Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейде тұрған Кенен атаның домбырасы. – Мен әкемнің жеті домбырасын көрдім, – дейді жыршы бабамыздың баласы Бақытжан аға. – Соның ішінде «Кененің кер домбырасы» деген болды. Оны атақты қырғыздың төкпе ақыны сыйлаған екен. Одан кейін өзім көргем жоқ, 1910 жылдар шамасында Еркебай болыс жасатып берген ерен домбырасы болғаны туралы естігенім бар...
Ал ана музейдегі домбыраны Кенекеңнің 75 жылдық тойында академик Ахмет Жұбанов өзі жасатып әкеліп сыйлаған екен. Мұндағы өздеріңіз көріп отырған сурет сол тойдың үстінде фотоаппарат таспасына түсіп, кейін тарихқа айналған бір бейне.
Бір қызығы, Кенен атамыздың бұған дейін ешқандай мерейтойы атап өтілмепті. Алғаш рет 1954 жылы үкіметіміз ақынның 70 жылдық тойын атап өтуді жоспарлағанымен бұл шара Кеңес елінің көсемі Сталиннің қайғылы қазасымен қабаттасып қалып, тоқтатылған көрінеді.
Кененнің мерейтойына қатысып, өзінің сый-сияпатын жасаған Ахмет Жұбанов өзінің ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі «Замана бұлбұлдары» атты кітабының 2001 жылы қайталап басылған нұсқасында: «1959 жылы Кененнің 75 жасқа толу салтанаты өтті. «Той десе қу бас домалайды» дегендей, Алматыдан, Тараздан, басқа қалалардан, көршілес қырғыздан көптеген адамдар жиналды. Ол күні Кенен бұрынғысынан да жасарып, үнемі жаңа бір әуендерге құрылған шығармалар айтумен болды. Сонымен қатар жаңалықты көркем ізсіз қалдырмайтын ақын, өзінің осы бір кезеңіне, асуына арнап «Жетпіс бес» деген жаңа әнін мен сыйлаған домбырамен айтып берді» деп еске алыпты.