Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

Қайыс тіліп, қамшы өреді

2160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

М.Омаров атындағы ауылдағы мектептің технология пә­ні­нің мұғалімі Жиенхан Қаманайұлы қолөнер үйірмесін ашып, онда оқушы ер балаларға қамшы өруді, саптауды үйретуде.

Қайыс тіліп, қамшы өреді

Сабақтан тыс уақытта оқу­шылар қамшының 18 түрін өруді меңгеріпті. Ол үшін ар­найы шеберлік сабақтары өтеді. Бізге Нұрбол Берікбол, Ха­­қабай Аңсат, Мұратбек Ақ­­жол, Қабдығалым Алдияр, Өсер­хан Ақжол есімді жеткін­шектер қамшының қайысын дайындау тәсілін, өруді, саптауды қалай үйренгендерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Жиенхан Қаманайдың айтуынша, қазақ қамшының өрі­мін төрт, алты, сегіз, он екі, он төрт, он алты таспадан өріп жасайды. Мысалы, қам­шы­ның асау, қызқуар, көкпар, дырау, дода қамшы, бақсы қамшы, бозбала, бәйге, дүре қамшы,сарыала, жылан бауы­р, бала қамшы, ақ қамшы, қан­жар қамшы, киелі қамшы де­ген сияқты жиырмадан аса тү­рі бар екен. Әрқайсысы әр­түр­лі өрілген, қолданылу мақ­са­­ты, ережесі, жеке тәртібі бар.

– Мынау сабы жуан, қолға ұстауға ыңғайлы асау қамшы. Қызқуар қамшыны қыз қуу кезінде пайдаланады. Көкпар қамшы – бүлдіргесі ұзын, сабы жіңішке, ауызға тістей салуға ыңғайлы сапталған. Дүре қамшы қазір керек-ақ, деп әзілдеп те қойды ол бізге жымиып.

Шәкірттерінің бірі қам­шыны қай кезде қалай ұстап, қалай қолданатынын көрсетіп те берді. Бұрындары даулы ортада төрелік айтар кезде қамшысын екі бүктеп ұстап, жоғары көтерген.

– Салт-дәстүрімізде қам­шыны ұстау мен қолданудың ережелері, тәртібі бар және оның тәрбиелік мәні жоғары. Қамшыны оң қолға екі бүктеп ұстау керек. Өйткені оның өрімін салбыратып ұстау –әдепсіздіктің белгісі делінеді. Бұрынғы қазақ біреуге жол көрсеткенде бағытты қолмен емес, қамшының ұшымен нұсқаған. Қамшыны сыйға берерде, қолына ұстатпай жерге тастаудың да мәні үйдің құт-берекесі кетпесін, ұшығы жерде қалсын, дегенді білдіреді, – дейді кейіпкеріміз.

Қазір оқушылар «Бала қамшы», «Әскер қамшы», «Не­­ке қамшы», «Бақсы қам­шы», «Сүндет қамшы» сияқты қамшының түрлерін өріп, саптап үйренуде.

Қамшының сабын тобыл­ғыдан, ырғайдан, қамыстан жасауға, еліктің, киіктің сира­ғы мен мүйізінен, таутекенің мү­­йізінен саптауға да болады екен.

Ал құрылымы өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мой­нақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шы­ғыршық, топшы, түйнек деген бөліктерге бөлінетіні көрінеді.

– Бұрынғылар сиыр мен жылқының терісінен илеген қайыстан өрген екен. Қайысты иін қандырып илеп, таспаны сымдай жіңішке етіп тілесіз. Таспа біркелкі түспесе, өрімі дұрыс шықпайды, – дейді мұн­дағы мұғалімдер.

Біз әңгімелеп отырған Жиен­хан Қаманайұлы 1991 жыл­дары атамекенге алғаш­қы лекпен оралған қандас­тары­мыздың бірі. Бұл күндері Ақсу қаласына қарасты ауыл­дық аумақтарда негізінен Моң­ғолиядан оралып, атаме­кенге орныққан балалы-шағалы көп балалы отбасылар тұрады. Мектептерге бала толды.

Тәуелсіздіктің арқасында ұмытылып бара жатқан бұ­рынғы салт-дәстүр, ұлттық ой­ындар,қамшы секілді қа­сиет­ті заттарымыз ортамыз­ға қайта оралды.

Жиенхан ағамыздың айтуынша, хан сарайына жиынға келсе батырлар мен билер бәкі, қамшы алып жүрген екен. Уәзірлер қамшысын алып қал­са, билер де, батырлар да жиында сөз сөйлей алмайды. Қамшының сабы сынса біздің халық жамандыққа балаған. Ата-бабамыз оны қару ретінде де, сәнді де мәнді құрал ретінде де пайдаланған. Қамшымен балаларды, бала көтере алмай жүрген әйелдерді емдеген екен. Алыс жолға шыққан адам зираттардың ішіне түнеп қалса ер-тоқымын басына жас­тап, қамшыны қасына қоя­тынын да әңгімелеп берді.

Жиенхан мұғалімнің ауыл мектебінде ашылған үйір­месінің бөлімдері қазір Ақсу қаласындағы №1, №4, №8 лицей мектептерінде жұмыс істейді.

– Асық жинау, қамшы өруге арналған қолөнершілер үйір­месі 2004 жылдан бас­тап жұмыс жасап келді. Мек­теп директоры Бижамал Ақ­таева қолдау көрсетуде. Ме­нің ұққаным, ұлтымыздың бо­йындағы салт-дәстүрге, қол­­­өнерге деген жақындық қа­ны­мызда бар нәрсе болған соң ұрпағы да алыс кете алмай­ды екен, – дейді Жиенхан аға.


Павлодар облысы