Қоғам • 03 Мамыр, 2019

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскерилер үшін жаңартылған бағдарламаны іске қосты

1275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2019 жылдың 2 мамырынан бастап тұрғын үй төлемін алушыларға несие бірыңғай шарттар бойынша беріледі. Яғни, займ сомасының 15%-ын құрайтын ең төменгі бастапқы жарнасы бар салымшылар несиені жылдық 8% мөлшерлемемен алатын болады деп хабарлайды бүгін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз қызметі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскерилер үшін жаңартылған бағдарламаны іске қосты

Енді әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) арқылы баспана сатып алу үшін конкурсқа қатысып, оның қортындысын күтудің қажеті жоқ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «әскери өнімнің» шарттарын жеңілдетті.

Сондай-ақ, тұрғын үйді таңдау барысында ешқандай шектеулер қойылмайды. Несиені жаңа үйден дайын пәтер сатып алуға, үлестік құрылысқа қатысуға немесе қайталама нарықтан баспана сатып алу үшін жұмсауға болады. Тұрғын үйді сатып алу кезінде заем сомасына пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығындарды қосуға болады.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына жеке пәтері бар, бірақ өз мекемесінде тұрғын үйге мұқтаж тұлға ретінде танылған әскери қызметкерлер де қатыса алады.

– Жаңартылған шарттарға сай, 16 миллион теңгені құрайтын алғашқы несие талдықорғандық әскери қызметкерге берілді. Ата-анасымен тұрған ол енді өз отбасымен бірге жаңа үйдегі 4 бөлмелі кең пәтерге көшетін болады. Біздің болжамға сәйкес, осы жылы қоныс тойын жалпы 4 000 әскери қызметкер атап өтпек. Оларға несие беру мақсатында банк тарапынан 59 млрд теңге бөлінді, - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

«Әскери өнім» бойынша несие сомасы еліміздің аймақтары мен отбасының құрамына тәуелді тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бойынша есептелінеді. Яғни, отбасы құрамы неғұрлым үлкен болса, тұрғын үй де соғұрлым үлкен болады. Сондықтан, әлі де өз отбасын құрмаған әскери қызметкерлер мен балалы болуды жоспарлаған отбасылардың пәтер сатып алуға асықпағандары жөн. Дәл қазіргі кезде олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй төлемдерін жинап, алдағы уақытта жылдық 3,5-5% мөлшерлемемен заем алу аса тиімдірек.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы әскери қызметкерлердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану механизмі өзгерді. Яғни, олар енді осы төлемдерді тек жалға алған біреудің пәтеріне төлемей, өзінің жеке баспанасын сатып алуға жұмсай алады. Әскери қызметкерлерге қолдау көрсету мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қаражат бөліп, олар үшін 2025 жылға дейінгі жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп шығарды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «әскери өнім» бағдарламасына 2 500 адам қатысты.Тағы 70 мың әскери Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашып, өздерінің тұрғын үй төлемдері есебінен қаражат жинақтауда.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – арнайы салымдары ерекше мәртебе мен қол сұғылмаушылық кепіліне ие жалғыз банк. Әскери қызметкерлердің жинақтары бюджет есебіне алынбайды, аталған шот иесінің басқа міндеттемелері бойынша тыйым салынбайды әрі екінші деңгейлі банк қандай да бір берілген несиелер бойынша уақытылы төленбеген берешектер үшін төлем талабын қоя алмайды.

Ал өткен жылы Askeri.baspana.kz порталы арқылы бағдарламаға қатысу үшін өтініш бергендермен бағдарламаға қатысушылар пулына енгізілген әскери қызметкерлер өтінімді бұрынғы шарттар бойынша, яғни, 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін берулеріне болады.