10 Сәуір, 2013

Табиғат пен өсімдік – егіз ұғым

1246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғат пен өсімдік – егіз ұғым

Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:17

Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағының  құрылғанына келер жылы 80 жыл толмақ. Елімізде алғаш дүниеге келген ботаникалық бақтың табиғатты сақтау, өсімдік зерттеу, қоршаған ортаны қорғау, адамдарға қуаныш сыйлауда алар орны ерекше. Соңғы бір жарым жыл бойы еліміздің шығысындағы іргелі де белгілі ұжымды өз ісінің білікті маманы Әбдірахман Сүлейменов басқарып келеді.

 

Сәрсенбі, 10 сәуір 2013 1:17

Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағының  құрылғанына келер жылы 80 жыл толмақ. Елімізде алғаш дүниеге келген ботаникалық бақтың табиғатты сақтау, өсімдік зерттеу, қоршаған ортаны қорғау, адамдарға қуаныш сыйлауда алар орны ерекше. Соңғы бір жарым жыл бойы еліміздің шығысындағы іргелі де белгілі ұжымды өз ісінің білікті маманы Әбдірахман Сүлейменов басқарып келеді.

Ботаникалық бақ Риддер қаласының бір пұшпағындағы 154 гектар жерді алып жатыр. Бізді бақтың бас директоры Әбдірахман Нұршанұлы қарсы алды. Табиғаты тамылжыған, қарағайы мен шыршасы, толықсыған қайыңдары мен теректері самсап тұрған өлкеде тұрып жатқанымызбен, мұндай ботаникалық бақты көп кездестірмеппіз. Енді міне, Иранбаққа кіріп кеткендей әсерге бөлен­дік. Мекеменің кіреберісінде Алтай ботаникалық бағында өсірілетін жеміс-жидек, өсімдіктер әлемі, «Қызыл кітапқа» енген гүлдер мен дендрология жайлы көп мағлұматтарды алуға болады екен.

– Ботаникалық бақта 3600-ден астам өсімдік пен ағаш түрі бар. Оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген Алтай сібірі, Сиверс алмасы, Алтай рауғашы, басқа да өсімдік түрлері ерекше орын алады. Қазір ботаникалық бақта төрт бөлім бар, олар табиғат сақтау, өсімдік зерттеу, дендрология, гүл және жеміс-жидек болып топ-топқа бөлінеді, – деп әңгімесін бастады ботаникалық бақтың бас директоры.

Қазіргі таңда елімізде  төрт қа­на ботаникалық бақ бар болса, Маң­ғышлақ, Жезқазған, Іле бота­никалық бақтары бір-бірімен  тығыз қарым-қатынас жасай бастапты. Әрине, әр өлкенің өзіндік ерекшеліктері бар, ендеше тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдай түскенге не жетсін. Алтай ботаникалық бағында қызмет ететін 43 адам өз білімдері мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Бас директор Әбдірахман Сүлейменов қол астындағы қызметкерлерге жан-жақты қолдау жасап отырады.

– Табиғат пен өсімдік әлемі егіз ұғым. Қарапайым ғана өсіп тұрған шөпті немесе  гүлді алайықшы. Оның емдік қасиеттерін зерттеп, адам ағзасын жаңартуға оңтайлы жұм­­сай білсек, ұтарымыз анық. Біз өсім­дікті зерттеп, оның құпиясын терең меңгеруге тырысамыз. Алтай бағында жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан биология ғылымдарының кандидаты Юрий Андреевич Котуховты Қазақстанды былай қойып, шетел мамандары да жақсы біледі. Дәрілік, әсемдік қа­сиеттері бар  түрлі шөптер, гүлдердің «тілін» жетік білетін маманның шәкірт­тері Ольга Ануфриева, Алевтина Да­нилова, Андрей Винокуров, Тамара Немцева табиғат-ананың байлығын ел игілігіне жаратуда талмай қызмет етіп келеді. Биология ғылымдарының кандидаты Татьяна Вдовина елімізде теңдесі жоқ жеміс беретін өсімдіктің жаңа түрін ойлап тапты. Сондай-ақ, инженер-көгалдандырушы Дәметкен Жаңатайқызы, инженер Вера Панова да Алтай ботаникалық бағының ыстығы мен суығына бірдей төзген тәжірибелі мамандар. Сонымен бірге бізге қыз­метке келген жас мамандар Нина Ка­данцева мен Анастасия Немцева да өз білімдерін жетілдіріп отырады, – дейді Әбдірахман Нұршанұлы.

Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарайтын Алтай ботаникалық бағының қызметкерлері алдағы уақытта да биік белестерден көріне бермек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы.