Қарт болу да бір бақыт…
Жұма, 3 мамыр 2013 1:57
Күнделікті өмірде көз алдымыздан алуан түрлі оқиғалар өтіп жатады. Соның кейбірі болмаса, көбі үйреншікті суреттердің қатарында көмескіленіп барып бірте-бірте ойдан өшеді. Ал мына көрініс көз алдымнан әлі күнге кетер емес.
Жұма, 3 мамыр 2013 1:57
Күнделікті өмірде көз алдымыздан алуан түрлі оқиғалар өтіп жатады. Соның кейбірі болмаса, көбі үйреншікті суреттердің қатарында көмескіленіп барып бірте-бірте ойдан өшеді. Ал мына көрініс көз алдымнан әлі күнге кетер емес.
Бірде сабақтан қайтып келе жатып, үйге керек-жарақ алмақ болып Алматы мен Қаскелеңнің арасында орналасқан «Алтын Орда» базарына бұрылдым. Мынадай бір келеңсіз оқиғаға кезігіп таң-тамаша болдым да қалдым. Базардың жеміс-жидек сататын бөлігінде жас шамасы 65-ті алқымдаған әжейдің алма, жүзім ұрлап жүргеніне көзім түсті. Оның бұл ерсі қылығын бәрі де жақсы біледі екен. Сатушылардың еті әбден үйреніп кеткен сияқты. Бірі мүсіркесе, енді біреулері «жарымаған неме, енді көзіме көрінуші болма» деп артынан балағаттап жатты. Ара-тұра қайыр сұрап жүрген мұндай әжелердің кездесіп қалатыны әрине рас. Ал осындай оғаш оқиғаны алғаш рет көруім. Күн ұзақ бір орында тапжылмай тұрып қайыр тілеп, әркімге көз сүзгеннен гөрі нәпақасын осылайша «өз еңбегімен» тапқысы келді ме екен әлде? Әжейдің мына қылығы біртүрлі тосын көрінді. Сөйтіп, кейуананың соңына түсіп, қарекетін анықтап білгім келді. Бірақ қалың топтың ішіне кіріп кеткен әжей ұшты-күйлі көзден ғайып болды. «Жүрісі тым ширақ екен», дедім іштей. Әлі күнге әл-қуаты қайтпаған мұндай адам ақ адал жолмен жүріп-ақ пайда табар еді-ау деген ой да қылаң берді. Сонымен, қажетті затымды алмақ болып манағы жерге қайтып келгенімде, базар сатушылары ұры кемпір туралы жарысып қызу әңгіме айтып тұр екен. Біреулері «ұрлаған жеміс-жидектерін сатып сауда жасайды» десе, енді біреуі оның ет базарында сатушы екенін айтып даурығып жатты.
Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан үлкен базардың бір бұрышын дүр еткізген бұл оқиғаны жымысқылық деп пайымдап қойғам өзімше. Алайда, арада бір апта өткенде ғайыптан тайып әлгі әжемен жолымыз тағы түйісті. Мен мінген автобустың артқы жағына мүскін күйде жайғасыпты. Үстіндегі киімі тым ескі әрі кір, күннің салқындығына қарамастан аяғына жеңіл шәрке іле салыпты. Көліктегілер одан барынша қашқақтап тыжырынып отыр. Қызық болғанда ол кісі Төле би мен Бауман көшесінің қиылысына келгенде менімен бірге автобустан түсті. Жолдың келесі жағына өту үшін бағдаршамға жақындадық. Әжей қызыл шамға қарамай алға аттай бергенде ағылып жатқан көліктің бірі қағып кете жаздады. Дереу артынан жүгіріп келіп, қолтығынан кері қарай тарттым.
– Күте тұрсаңыз болмас па еді, әлі жасыл шам жанған жоқ қой?
– Соның қызылына қарап тұра беремін бе? – деді ол өз әрекетін дұрыс санап.
– Қайда асығып барасыз?..
– «Алтын Ордада» ет сатамын. Тезірек бармасам, саудадан қағылам. Қарап жатқан адамға кім несін әкеліп береді?! – деді де, бұрылып алдыңғы аялдамаға қарай қаздаңдап басып кетіп бара жатты.
Мені ойландырған қарт деген сөздің мағынасы еді. «Дана қарт», «қарт абыз» дейтін ұғымдар болатын. Ақжүністей аруға қызыққанмен, Ертарғын сынды ерді өлтіруге қимай, сүйгенімен қосып бостандыққа жіберген дана қарт Қожақ батыр, намысын ту қылып көтерген қарт Бөгенбай секілді тұлғалар ойымнан тізбектеліп өтіп жатты. Көкейіме түйгенім бұл сөз тек жақсы мағынада ғана қолданылады екен. Сол қарттарға деген сағынышын «Құрыштан құйған құдірет, қарттарым аман-саумысың» деп жеткізбеп пе еді бір кезде ақын ағамыз. Қарт сөзінің мағынасы мына кейуананың бейнесімен лайланып бара жатқандай болды. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Қорқамын кейінгі жас балалардан», деген еді ұлы Абай. Сол сөздің мәні өзгергені шығар қайдам. Қарттық қасиетке емес, қарт атына ие болған мынадай жандардан да қорқу керек сияқты. «Адам қартайғанда бір бала» деуші еді ғой. Әжейдің артынан қарап тұрып түбі «бір нәрсеге ұрынып қалмаса» деймін-дағы іштей. Сірә, одан басқа не айтуға болады. Қадірлі әрі қалыпты қарт болып дұрыс жүргенге не жетсін бұл тіршілікте.
Аян ӘБДУӘЛИ,
С.Демирел атындағы
университеттің студенті.
АЛМАТЫ.