Сайлау • 04 Мамыр, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылды

1301 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының жұмысы жайында арнайы брифинг өтті. Оған кандидаттың сенімді өкілі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және басқа да бірқатар сенімді өкілдер қатысты. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылды

Кеше, яғни 3 мамыр күні Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеп, кандидат куәлігін оның сенімді өкілі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа тапсырды. Осы шешімнен кейін кандидаттың республикалық қоғамдық штабы құрылып, ол заңға сәйкес 11 мамыр күні сағат 18:00-ден бастап жұмыс істейтіні белгілі болды.

Бүгінгі брифингте Мәулен Әшімбаев Орталық сайлау комиссиясының шешімінен кейін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына «Nur Otan» партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылғанын айтты.

– Орталық сайлау комиссиясының шешімінен кейін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылды. Штаб заңмен бекітілген уақыттан бастап жұмыс істейді. Республикалық қоғамдық штабтың құрамына 187 адам енді. Олар елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ белгілі бір салада биік белестерді бағындырған белсенді азаматтар. Қасым-Жомарт Кемелұлы Республикалық қоғамдық штабты басқаруды маған тапсырды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Республикалық қоғамдық штабтың құрамына: Халық Қаһармандары: Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері: Иван Сауэр, Айман Мұсаходжаева, Серік Ақшолақов, Юрий Пя, Мемлекет және қоғам қайраткерлері: Кенжеғали Сағадиев, Әділ Ахметов, Сансызбай Есілов, Бақытжан Жұмағұлов, халықаралық спорттық сайыстарда еліміздің атын шығарып, абыройымызды асқақтатқан спортшыларымыз: Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Айбек Нұғымаров, Зүлфия Ғабидуллина, Әлия Жүсіпова, Қанат Ислам және Динара Сәдуақасова, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Аружан Саин, Динара Шәйжүнісова, Дианара Зәкиева, белгілі өнер қайраткерлері: Роза Рымбаева, Досxан Жолжақсынов, Алтынай Жорабаева, Майра Мұxамедқызы, Мейрамбек Бесбаев, Самал Еслямова, Сәкен Майғазиев, Қыдырәлі Болманов, Тамара Асар сынды әншілер мен әртістер, ал журналистердің арасынан Дарxан Қыдырәлі, Нұртөре Жүсіп, Дана Нұржігіт, Майя Бекбаева, Қалқаман Сарин сияқты қаламгерлер мүше болды. Сондай-ақ Республикалық штабтың құрамында Парламент депутаттары да бар.

Сонымен қатар Республикалық қоғамдық штабтың басшысы алғаш рет қоғамдық штабтың «TeamQazaqstan» жастар қанаты да құрылғанын айтты.

– Алғаш рет Республикалық қоғамдық штабтың жастар қанаты құрылды. Оған Қайрат Нұртас, Құралай Анарбекова, Анна Алябьева, Әйгерім Есенәлі және тағы басқа белгілі белсенді жастар мүше болды. Жастар қанаты негізінен еліміздегі жас буынмен жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы ретте Республикалық қоғамдық штабтың құрамындағы 187 адамның 33-і аталған жастар қанатының өкілдері екенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар жиында бүгінде еліміз бойынша 227 қоғамдық штаб құрылғаны айтылды. Оның 17-сі – облыстық, 37-сі – қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істейді. Аймақтық және аумақтық штабтардың құрамына 5766 адам енсе, оның 1267-сі жастар қанатының өкілдері.

Мәулен Әшімбаев аталған штабтар мүшелерінің бәрі «Nur Otan» партиясынан Қазақстан Президенттігіне кандидаттың сенімді өкілдері екенін ерекше атап өтті.

– Еліміз бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлының 19 500-ден астам сенімді өкілі тіркелді. Олар белгілі, белсенді азаматтар, ауылшаруашылық мамандары, ұстаздар, зиялылар, спортшылар, құрылысшылар, мәдениет қайраткерлері және басқа да маңызды салалардың өкілдері, – деді Республикалық қоғамдық штабтың басшысы.

Сондай-ақ Мәулен әшімбаев өз сөзінде барлық штабта кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейтінін, онда азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары қабылданатынын жеткізді. Одан бөлек, ол Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері 13 мамырдан бастап барлық өңірлерге шығып, халықпен кездесетініне назар аударды.

– Халықпен кездесулерде кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы мен азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелер талқыланады. Штабтың жұмысы мен оның мүшелері туралы ақпараттарды Республикалық қоғамдық штабтың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларынан да алуға болады. Аталған сайт пен ресми аккаунттар да заңға сәйкес 11 мамырдан бастап жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес сайлауалдың үгіт-насихат жұмыстарын жоғары деңгейде, креативті, тиімді, заманауи технологияларды қолданып нәтижелі өткізуге дайын екенін жеткізді.

– Тұңғыш Президент – Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл сайлау әділ әрі ашық, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықаралық нормаларға сай, жоғары деңгейде өтуі керек. Партиямыз сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін барлық шараларды жүзеге асырады. Ол үшін біз Орталық сайлау комиссиясымен, отандық және халықаралық бақылаушылармен, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сөз соңында ол еліміздің ірі саяси науқанның алдында тұрғанын айтып, бұл барша қазақстандықтар үшін жауапкершілік екенін тілге тиек етті.

– Бұл сайлау биліктің сабақтастығын қамтамасыз етуге, еліміздегі саяси жүйені күшейтуге, халқымыздың татулығы мен тұрақтылығын нығайтуға үлес қосатын қадам деп қабылдаймыз. Сондықтан бұл сайлаудың Қазақстанды дамудың жаңа кезеңіне алып шығатын шара боларына сенеміз және біздің партиямыз сол жолда аянбай еңбек етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара барысында Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері: белгілі қоғам қайраткері, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Байгенжин, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Абылай Мырзахметов, қоғам қайраткері, қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жүргізушісі, блогер Әйгерім Есенәлі сөз сөйлеп, алдағы саяси науқанға тас-түйін дайын екендерін жеткізді.