Руханият • 05 Мамыр, 2019

Қазақ музыкасы мәскеуліктерді тәнті етті

1194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент - Елбасының бағдарламасы аясында, Мәдениет және спорт министрілігі мен Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, 3 мамыр күні Геликон-Операда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің концерті өтті. Екі сағатқа созылған «Ұлы дала сарындары» бағдарламасы ұжымның 85 жылдығына арналды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ музыкасы мәскеуліктерді тәнті етті

Мәскеулік талғампаз көрермен концерт бойы музыканттарды қошеметке бөледі. Ал, келесі концерт 5 мамыр күні Санкт-Петербордағы Михайлов театрында өтеді.

Бірегей Геликон залына жиналған 500-ден аса тыңдарман шығармашылық ұжымның  нағыз жанкүйері деуге болады. Олар әрбір шығарманы  ерекше ықыласпен қабылдап, көптің сүйіктісіне айналған «Дудар-ай» әнін  дауыстап бірге  орындап, халықтық шығармаға айналған «Сарыарқа», «Адай», «Түркеш» күйлерін  соңғы нотасына дейін тебірене тыңдады.

Концертте Құрманғазы күйлерінен бастап, қазақ,орыс және шетел композиторларының шығармалары: Е.Брусиловский, Л.Бернстайн туындылары мен қазақ–орыс халық әндері  шырқалды. Барлығы  21 шығарма орындалды. Оркестрмен   бірге қазақ өнер  майталмандары өнер көрсетті. Еңбек сіңірген қайраткер, оркестр директоры Нұрғиса Дәуешов Мәскеуде  ұжым  жанкүйерлерінің көптігіне сенімді.

«Бұл жерде бізді асыға күтетіндердің бар екенін мен жақсы білемін.  Өйткені, өткен жылы біз Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде концерт қойғанда бізді тыңдау үшін Францияға арнайы ұшып келген ресейліктермен кездестік. Жалпы, біздің ұжым биыл 100 концерт беруді жоспарлап отыр.  Бұл үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Себебі жағдай бар, мүмкіндік мол. Бізге жақында жеке концерт залы берілді. Бұл оркестр тарихындағы екінші ғимарат. Мәскеуден Петерборға, одан кейін Пекинде концерт қоямыз. Айтпақшы, Құрманғазы оркестрі бұған дейін Мәскеуде 16, Петерборда 30 жыл бұрын концерт беріпті. Тыңдарманға мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз деген үміттеміз», деді ол.

Мәскеуде өткен мерейтойлық концерт қазақтың ең таңдаулы, терең ой-толғамды -  «Көңілашар», «Көш керуен» күйлерімен басталды. Бұдан әрі концерт Қайрат Кәкімов шырқаған «Қыз Жібек» операсындағы   «Шегенің  термесімен» жалғасын тапты. Әсем ән көрерменді қазақтың сайын даласындағы көрініспен баурағандай әсерге бөледі.  Көркіне ақылы сай сұлу Қыз Жібек туралы,  махаббат машақаты жолында туындаған  оқиға  жайлы  ән көптің көңіленен шыққан ең үздік туынды болды. Концерт «Еділ мен Жайық» әнімен аяқталды.  Сондай-ақ  отбасылық жұп Мирас пен Құралай Бекжановтар орындаған А.Мұхамедиұлының «Нұр-Сұлтан» әні тыңдарманның көңілінен шықты.

«Мәскеуде күн сайын түрлі концерттер өтеді. Ал, Құрманғазы оркестрінің концертіне ерекше көңілге көңіл күймен бардым. Қазақстан үнемі ерекше бағдарламалармен келеді. Бүгін де дәл солай. Репертуар жүйелі талғаммен  таңдалған. Орындаушылар керемет дауысты», дейді  мәскеулік тұрғын Бурова Надежда Васильевна.

Музыка кеші Нұрғиса Тілендиев пен Құрманғазы композициясымен аяқталды. «Махамбет» және «Сарыарқа» күйлері қазақ музыкасының тарихында алтын әріптермен жазылған, сазгер жауынгер бейнесін бейнелеп, тәуелсіздік пен еркіндікті сездіртеді. Тыңдарманның ыстық ықыласы мен зор қошеметі музыкантарды ерекше күйге бөледі.