Аймақтар • 05 Мамыр, 2019

Ақжайықта ат спорты кешені ашылды

1137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Құлагер» ат спорты кешені ашылды. Осы өңірде үйір-үйір жылқы айдаған белгілі кәсіпкер Болат Аткеевтің бастамасымен ұйымдастырылған кешен ұлттық ат спортын дамытып, келушілердің мәдени демалысын байытуға, сондай-ақ иппотерапиялық қызмет көрсетуге ден қойып отыр.

Ақжайықта ат спорты кешені ашылды

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қозғау салған осы бастаманың салтанатты тұсаукесер шарасына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов арнайы қатысты.

- Қазақ үшін жылқының орны ерекше. Тарихымызға көз салсақ, бабаларымыз осынау ұланғайыр атырапты ат үстінде жүріп қорғап қалған. Бүгінгі буын бабадан қалған мұраға адалдық танытып, атқа міну мәдениетін үйреніп жатқаны қуантады. Жастар жылында балауса толқынды тәлім-тәрбиеге баулып жатқан ақжайықтықтардың бұл бастамасы көпке үлгі. «Құлегер» ат спорты кешені – облысымыздағы осындай бесінші ат спорты мектебі. Ауданнның басқа да округтерінде ат спорты үйірмелерін ашу қолға алынып жатыр екен. Ержүрек те елжанды ұрпақ тәрбиелеудегі бастамаларыңыз баянды болсын, - деді Миржан Мұнайдарұлы.

Жаңа кешенде ұрпақ санасына ұлттық құндылықтар сіңіріліп, атадан балаға мирас болған көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды халықтық ойындарды дамыту қолға алынбақ.

- Бізге қазірдің өзінде 30-ға тарта балғын спортшы тіркелді. Оларға аттарымыз да дайын. Атқорамызда 5 бәйге аты, көкпарға арналған 20 ат, серуендеуге арналған 5 қылқұйрық бар. Білікті екі бапкеріміз де сақадай сай. Біраз жыл бұрын құрылған «Құлагер» көкпар командасы талай жерде олжа салып жүр. Сол шабандоздардың ізін басатын жас спортшыларды дайындамақпыз. Бәйгеге қосатын шабандоздарымыз бір төбе. Сонымен қатар кешенде сал ауруына шалдыққан балаларға арналған атпен серуендеу - иппотерапия үйірмесі қызмет көрсетеді. Бұл жерге кез келген адам келіп, ақы төлеп атпен серуендеуіне де болады. Кешен демалыссыз жұмыс істейді, - дейді кешеннің атқарушы директоры Нұралы Кенжемұрат.

Кешеннің ашылу құрметіне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары» облыстық ашық турнирі жоғары деңгейде өтті. Көкпар, тай жарыс, құнан жарыс, аударыспақ, теңге ілуден болған бәсекелер тартысты болды. Болат Аткеевке Ақжайық ауданы әкімінің алғыс хаты табысталды.