***
Өзен кешіп өскем мен,
Сөйтсем...
Өмір, сірә, лас.
Қотыр тайлақ көшке ерген,
Добал таяқ, дың ағаш.
Әрі сүрең, әрі сел,
Кез келмей жүр «кетсем...» дер.
Ескі жырым әлі сол,
«Есік алды топ шеңгел».
Бүрікпе мұз, жол бүрік,
Мал жатқандай тоңға нық.
Ома қапсақ сол жүріп,
Омақастық оң барып.
Тар кезеңде тарбаң боп,
Тартар жапырақ, түбір-ай.
Өзім таңдап алғам жоқ,
Солай болған ғұмыр-ай...
***
Жылжыма мұз жылдардан,
Мұз бекіген шыңдардан,
Бұдырмағы омбы-омбы боп қалған,
Басын өзі алатұғын ақ қардан,
Менің жаным жаралған-ау, жаралды,
Оның іші – жәһаннамдай қараңғы.
Оның іші – алай-дүлей боран-ды,
Содан болар, жиі жаурап қалам-ды.
Содан болар, жоқ көктемім, жоқ күзім,
Есімім де еш тізімде жоқ-ты ұзын.
Көзден жасым ыршиды кеп, ыршиды-ау,
«Керсенімді» керген кезде көк мұзым.
Оның іші – тұтас жылтыр, қабыршақ,
Қабыршақты қарпып жеген – ауыр сәт.
Тоңып ғана ауырамыз, ауырсақ,
Қар астынан табыламыз, табылсақ.
Сүрік етік, сұп-сұр тартқан сұрық бар,
Сұсты күнге боп барамын кіріптар.
Құстар мұнда қонбағалы қай заман,
Қанат-қанат қар жауады...
Суық қар.
Суық қардан – айбат, жігер, дәрменім,
Көз ашқалы қаңтар еді көргенім.
Құрсағынан жаралғасын Мұзтаудың,
Мұз болмауға қандай хақым бар менің?!.
Содан, содан менің жаным – шағыр мұз,
Мәңгілік мұз – шағыр мұз,
Ерімейтін ауыр мұз!
...Айбарынан пенде атаулы сескенген,
Аяз төгіп, қар боратқан дәуірміз.
***
Желдің бетін жел қайтарып күн өтті,
Секпіл қанат қар соқталап жүдетті.
Сере құндақ бір сағыныш тырнайды-ау,
Жусан иісі сіңіп кеткен жүректі.
Қыш молаға құстың жасы тамғандай,
Теңбіл айдан түн тамады сормаңдай.
Өмір сүрсем екен дейсің өкінбей,
Өмір сүрсем екен дейсің алданбай.
Бір сағыныш...
Тұман жаққа ықтырған,
Тұман жақтан тырна мұңын жұқтырғам.
Күйген сайын күндерді іздеп жүрем мен,
Кер құла аттың шашасына шық тұнған.
Бұлттар ғана боз шудасын тарайды,
Жас емендей тік көтердік талайды.
Көп кещеге төрін беріп жүректің,
Көйлегімнің жағасы ерте қарайды.
Не болады жел өтіне ер көнсе,
Жыр жазайын...
Жұлдыз ағып сөнгенше.
Жусан өскен жүрек суып қалғанша,
Суыт жүріс бір жүргінші келгенше.
Шырт үзілген жүген қалып кермеде,
Шомбал түнде кісінеймін мен неге?!.
Ақ қағазға шұқшиямын содан-соң,
Аруақ күткен адам құсап бөлмеде.
Ағаш атқа мінгізбеген жөндеп те,
Бұл тобырға жоқ-ау, жоқ қой менде өкпе.
Әлі күнге аңғал, албырт баламын,
Қара өлеңім, көкіректен сен кетпе!..
Қойсын, мейлі, тылсымымен түн матап,
Өмір деген кімге - қайғы, кімге - атақ.
У ішпеген пысықтардың сәтінен,
Бір ғұмырым,
Жыр-ғұмырым қымбат-ақ.
***
Бұл өмір ойынның бір түрі дегенмін,
Кейіпкер ішінде ойыншық-денемнің.
Уақыт – жеңімпаз, соңыңа жеткізер,
Басыңнан бұлттарды, заманды өткізер.
Жабығып отырмын. Жарымжан күйдемін.
Аз ғашық болғанмын. Тым қатты сүйгенмін.
Ойлаушы ем өзеннің көпір деп құрамы,
Көпірден өте алмай көп үміт құлады.
Есінеп Уақыт тұр, мұңайған тәрізді,
Мұңайтып тұр ма әлде мені мен тамызды?..
Жабығып отырмын. Түн сөйлеп санамда...
Бақытты болғанмын. Тағы да болам ба?
Аспанның үрейі жерде деп жазғанмын,
Он екі жасымда алғаш көр қазғанмын.
Айнаға қарасаң, Уақытты көресің,
Ол сенің өткенің, өтерің, елесің.
Жабығып отырмын. Өзімді аядым.
Сақылдап күлемін. Түкіріп қоямын.
Қадірлі замандас, ойымды ұғарсың,
Сен бірақ... ойыншықтың бағасы шығарсың?
Асылып өлуден сақтайтын шығар деп,
Ойымды сыйладым, өтпе оған құмар боп.
Жабығып отырмын. Жалғыздық кем емес
Ауадан, аспаннан. Бәрі де – ерегес!
ӘПКЕ
(4 шегініс)
1
Бұл қалаға көнді жүрек, көнді дем,
Ал, кірпігім неге зіл?
Кімге айтайын, кімге оқиын енді мен
Түнгі желдің мерезін?..
Жоқ, әлде, мен барамын ба ескіріп?
Қорқарым бар өзімнен.
Көңілді әнге салсам болды кешкілік,
Қан тамады көзімнен.
Өмір жатыр сахнадан шаң ішіп,
Кітаптарым ішінен.
Маңдайыма жол түседі тағы шік:
Ай кіреді түсіме.
Бұл қалаға көнді қайғы, көнді ілім,
Қызыл таңнан жаралы.
«Ақын деген – мұң» екені белгілі,
Лас және Қаралы.
Естен таңған қара жаңбыр, зарлығым,
Гүл білгенде семерін.
Үнсіз ғана күз тыңдайды барлығын,
Күз біледі себебін.
Бізді ұқпайды,
Бағын күткен аулақтан,
Надандықтың данасы – ел.
Күнге қарай қарашығын аунатқан
Жапырақтар ғана әсем.
Бақ дегеннің бар ма осы, әпке, керегі,
Құрала ма ол тастардан?
Бақыт жайлы бір шумағым бар еді,
«Тәйірі-ай...» деп басталған.
Уақыт бізге көрін бекер қазбасын...
Мен бәрін де түйсінем!
Ағыл, төгіл, аңыратшы, көз жасым,
Жуынайын иісіңе.
Сізге деген сағыныштың ұйқысын
Бұза алмайды еш адам.
Көшелердің қалың айқыш-ұйқышын
Өлеңсіз де кеше алам.
Ал, әзірге, жел ойнасын қаламен:
Түрінен сол қожаның!
Мен жай ғана жалғыздықтың маманы ем,
Сіз білесіз о жағын.
Тағы да бір күн жылжыды айтулы,
Сездірді де салқынын.
Сізді еске сап...
Сізді еске сап Ай туды,
Жаным, әпкем, алтыным.
2
Маңымда күз демігіп қаңыраған,
Түн келді жол ортада тағы маған.
Ақ жаңбыр.
Дамқыл қала.
Мұңайған жел.
Адамдар – бірін-бірі танымаған.
Жалғыз Күз.
Жалқы түнге құлайды ерен,
Мен соған сенім артып, Құдай көрем.
Сөзімнің суреттерін қалқып ұшқан
Айғыздап сүртем ішкі лайменен.
Жалғыз Күз.
Жалқы жаңбыр төккен еді...
Мұңлы екен;
Бәлкім, мені жек көреді?..
Әйтеуір, тамшылары құрғақ мүлдем...
Ол маған ұқтыртпақшы, әпке, нені?..
Нені ұғам,
Не күтейін енжарлымнан?
Өлеңді жан емес ем арзан қылған.
Сұп-суық ой басады көкірегімді,
Сытылып жеткен маған сол жаңбырдан...
Ол түнді күрсінтеді сосын маған:
Ай сөйлеп,
Ұйқы безі шошынбаған.
Аңырап бос қалғандай алты құрлық,
Қаңырап, қара басып, қасым қағам.
Еш ақын салмайтұғын салдым ба әнге?
Әпкетай, түске аудым ба, аудым ба өңге?
Адамдар – бірін-бірі танымаған.
Бұл, мүмкін, ауру шығар?..
Саумын ба әлде?..
Қызара бұрқырайды тағы естен сел...
Ақ жаңбыр.
Құрғақ жаңбыр.
Жаңа өшкен шер.
Әпкетай, «Ботам...» деші бұлт арқылы,
Биігім, жалғыз гүлім, нәрестем сол.
Ақ жаңбыр.
Құрғақ жаңбыр.
Тамған әлем.
Жан қанған – жарық қанған, қанған өрем.
Дауыстап жалғыздығын желге оқуда
Шылымның тұқылында жанған өлең.
Рас, маған шатыр да өлең, жалбыз да өлең,
Қаңғырып кетем бір күн таңғы ізбенен.
Әзірге жарымжан түн жанымда отыр,
«Бәрі де ақындардың жалғыз!» деген.
Сағыныш,
Сансыз күннен аттайды арман,
Бір елес көз алдымда жоққа айналған.
Жан деген жалғыз шумақ өлең сонда,
Тән деген қонақ үйге тоқтай қалған.
Түн ғана:
Үміті керней,
Уайымы алдай...
Ақ жаңбыр тағы сөйлер жайы бардай.
Көнерген бір шумаққа жүрегім-ау,
Жатқаны қараңғыдан айыға алмай.
Әпкетай,
Түрленгенім қалай мына...
Бұл өмір, рас, түрме – талайлыға.
Түнгі екі.
Құдай ұйықтап қалған болар,
Бір мызғып алайыншы...
Жарайды ма?..
3
Көшеде тамшылар күзгі,
Уақытты сұраймыз кімнен?
Жел, бекер алдама бізді,
«Осы шақ болмайды мүлдем».
Жұқарды Ай – есеймес бала.
Келемін жеңілдеп денем.
Көз жасын сүртеді қала
Күрсінген жапырақпенен.
Адамдар – көлеңкесі ұзын.
Жауып тұр көкшілтім елес.
Жұлдыздар – тамағы қызыл,
Ал, аспан әдемі емес!..
Көшеде тамшылар күзгі,
Үкінің ұйқысын баққан.
Тамшылар іздейді Сізді,
Тамшылар ретсіз аққан.
Жұқарды Ай арқалап жүгін
Жерлейтін тұстан...
Мазамды алмады бүгін
Қарғалар және де құстар.
Айнала неондар жанған.
Бізге, әпке, лайық ұшу!
Ертеде күз ғана болған:
Қарайған шеңбердің іші.
Қолымнан құлады кесе.
Кезекте:
Ақ жаңбыр жауар.
Мен Сізден күткен ем кеше
Хабар...
Әпкетай, шаршаған шығар
Жастығым – қыңсылдақ итім...
Мына түн оқиды дұға
Молдадай алқымы шикі.
Көшеде тамшылар көркем,
Жел әлек жолымды жорып.
Мен Сізге барамын ертең
Ақкөңіл қараша болып.
Жұқарды Ай.
Көңілі бекем.
Жөтелген жұлдыздар түсі.
Әпкетай, мен жалғыз екем...
Қарайған шеңбердің іші.
4. САҒЫНЫШ
Сағынамын...
Нені сағынамын осы мен?
Кімді сағынамын?
Таңға жиналамын, содан соң түнге шағыламын.
Гүлді сағынамын ба –
Ерініме алқоңыр таңдайын тигізген?
Ымыртты сағынамын ба –
Шайтанға салқын маңдайын сүйгізген?
Жұмыр басымды сүйрелеп қайта тууды сағынамын ба,
Жоқ, әлде,
еркелеп күлуді сағынамын ба?..
Әй, әй, еркем...
Жылауды сағынамын-ау осы мен:
Үкінің киесін тамызамын сонда әрбір ғашықтың есіне.
Олар ұғады сонда:
Қайғы терең болғанда, Құдай жақын болатынын,
Жан нұрлы болғанда, Бақыт өзі қонатынын...
Олар ұғар еді сонда:
Құлақсыз естуді, көзсіз көруді,
Дінге сенуді, яғни, өзіне сенуді!..
Әділдік болмайтынын – әділетсіздік болмаса,
Арман алдайтынын – сенуші дұрыс боламаса.
Сағынамын...
Кімді сағынамын?
Жалпы, сағынып не етемін?
Мендегі ақылға бөтен бұл қазақ, бөтен үн...
Тордағы құс ұшарын ұмытады ғой,
Адамдар да әсте ойламайды екен кетерін.
Әпкемді сағынамын-ау, сол ғана түсінеді,
Биік әніне тартатын құсым еді...
Нені сағынамын осы мен?
Жазуды сағынамын-ау:
Аз сөйлеуді үйрендім, салмақ салмаймын өңешке...
Маңдайым тиеді солай азуға.
Ой, барлық ақын бір-ақ кітапты жазуда емес пе?
Ой, барлық ақын бір ғана көрді қазуда...
Сағынамын...
Басқа амалым бар ма ендігі?
(Бұзушылық сарыным жаны тазаға бола алмайды үлгілі).
Бір ортаға сыймай жүрген қайран басым,
Бір табытқа сыймайтының белгілі.
Кімді сағынамын осы мен?
Алғашқы іңкәрлікті сағынамын!
Алғашқы іңкәрлікті сағынамын – балалығымды сағынамын,
Жапырақ иісінен тарқатылған қара бұрымды сағынамын...
Сезімді сағынамын,
Сірі жердегі тірліктен тоналып болғам...
Ең бастысы, Өзімді сағынамын,
Қара түнге шыққан да, жоғалып қалған...
***
Құдықтарға жуық болғым келмейді,
Түбі жоқ.
Қоңыр күздей суық болғым келмейді,
Мұңы бар да, тілі жоқ.
Ерте келіп ерте кеткім келмейді,
Қию қайда өмірді?!
Жылы сөзбен еркелеткім келмейді
Көңілді.
Айды естімес қатты болғым келмейді,
Түнімен.
Ел жаяуда атты болғым келмейді,
Шынымен.
Жүрегімді аша салғым келмейді
Жанға кез келген.
Бес күнімді шаша салғым келмейді
Бос сөздермен.
Үйіме де жақын болғым келмейді,
Бар туысым – жел, елес...
Және мүлдем ақын болғым келмейді,
Жазатын да мен емес.