Терактілерге күдікті деп 70 адамды ұстады. Жарылыстан 253 адам көз жұмып, 500-дейі жараланған. Жалпы саны 45 бала қайтыс болды. Көз жұмғандардың көпшілігі – жергілікті тұрғындар, Шри-Ланканың 207 азаматы. Сондай-ақ 46 шетелдік те бақилық болды. Олардың тізімі мынадай: Үндістан – 12, Қытай мен Британия – 6, Дания мен Нидерланд 3 азаматынан айрылған. 253 құрбанның ішінде бүкіл отбасылар да бар екен. Ал Данияның 3 азаматы – бір үйдің балалары. Әкесі осы елдің ең бай азаматы, миллиардер Андерс Холх Повлсен.
Терактіні жасаған кім? Трагедияға ДАИШ және Таухид Жамағат террористік ұйымдары жауапты деген ақпарат тарады. ДАИШ террористік ұйымы бұл терактілерге жауапкершілікті өз мойнына алды. Оған қоса, жарылысқа ДАИШ-тың қатысы бар екенін осы елдің премьер-министрі Ранил Викрамасингхе хабарлады. Алайда, барлық жарылысты ДАИШ ұйымдастырды деп айту қиын. Неге? Себебі терактілерде өзін-өзі жарып жібергендердің барлығы әлгі Таухид Жамағат ұйымына қатысы болған. Оған қоса, олар шетелден нұсқау алғанға ұқсайды. Себебі бірнеше жарылысты бір топ адамның ұйымдастыруы қиын. Ерекше белсенділік танытқан Захран Хашим есімді азамат болған. Ол жергілікті жастарға радикалды тақырыптарда жиі уағыз айтқан екен. Шри-Ланка мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары осыдан үш жыл бұрын Хашимді бақылауға алу керек деп ескерткенін айтады. Бірақ жергілікті құқық қорғау органдары неге шара қабылдамағаны белгісіз.
Терактіні не үшін жасады? Шри-Ланка халқының 70%-ы – буддистер, 12% -ы – индуистер, 9,7%-ы – мұсылмандар және тек 7,4%-ы ғана христиандар. Ал жарылыс христиан мерекесі Пасха күнінде болды. Террористер елдегі азшылық топ христиндарды неге нысанаға алды? Болжамның бірі – Шри-Ланкадағы бұл террактілер Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласында жергілікті ұлтшыл адамның 50 мұсылманды өлтіруіне қайтарған жауабы болуы мүмкін. Егер естеріңізде болса, биыл 15 наурыз күні Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласында Брентон Харрисон Таррант есімді қылмыскер жергілікті үш мешітте 50 мұсылманды атып өлтірген еді. Ол антииммигранттық және антиисламдық көзқарастағы ультра ұлтшыл болған. Оның қылмысын жергілікті үкімет теракт деп бағалады. Яғни, Тарантты террорист деп атауға толық негіз бар. Айтпақшы, ол өзі жариялаған манифесте өзін фашист деп те атайды.
Террорист жайлы ескі түсінік. Жалпы, соңғы үш жылдағы террактілер, кейбір оқиғалар терроризм жайлы дәстүрлі түсінікті өзгертіп тастады. Бұрындары террорист деген сөз айтылса, қолында Калашников автоматы бар, араб елдерінен шыққан, жұмыссыз, байлығы да, білімі де таяздау адам елестейтін. Таяу Шығыста террористік топтардың көбеюіне осы аймақтағы кедейлік, жұмыссыздық та тікелей әсер етеді деп айтылатын. Бірақ Шри-Ланкада өзін-өзі жарған жанкештілердің барлығы орта дәулетті, білімді азаматтар болған. Тіпті, арасында біреуі Британияда оқыған. Әлгі Брентон Таррант та жергілікті фитнес залда жұмыс істеп, кейін әлемнің біраз елін аралап шыққан орта тап өкілі еді. Яғни, адам санасы радикализммен уланса, оған табыс та, білім де кедергі бола алмайды екен.
Осы орайда 2016-2017 жылдары Мьянмада рохинджа мұсылмандарына қарсы жасалған жаппай қылмыс та еске түседі. Сол кезде жергілікті әскерилер Ислам дінін ұстанатын рохинджалықтарға шабуыл жасап, мыңдаған кісіні зорлап, кейін өлтірген. Жүз мыңдаған рохинджалық көрші елдерге бас сауғалап кетті. Ал мұның бәрін істеген – буддизм дінін ұстанатын Мьянма әскерилері. Алайда, ең сорақысы – осы бір үлкен қылмысты әрі трагедияны елдің басшысы, Нобель сыйлығының бейбітшілік номиниациясы бойынша иегері Аун Сан Су Чжи тоқтатпады. Яғни, Нобель сыйлығы да гуманизм өлшемі емес екен.
Фактілер. Жалпы, әлемдегі терроризм жайлы фактілерге үңілсек, былтыр жаһан бойынша 15 300 теракт болған. Одан 13 400 бейбіт тұрғын көз жұмған. Сондай-ақ террористер 90 мемлекетте бой көрсеткен. Зерттеушілер биыл жағдай жақсарды, терактілер 30 пайызға азайды деп отыр. Бірақ 15 300 жарылыс, қақтығыс, қылмыс жақсы нәтиже деп айту қиын.
Жоғарыда сипатталған жайттар терроризмде ұлт та, дін де болмайтынын көрсетті. Тек адам сенімін, көзқарастарын өз мақсатында қолданатын қылмыскерлер, терроршы топтар болады. Ал енді радикалды идеялар қанат жаймау үшін кешенді шаралар қажет-ақ: арнайы қауіпсіздік қызметінің жұмысы – өз алдына бөлек міндетті іс. Бірақ қоғамның әлеуметтік жағдайын көтеріп, сауатын жан-жақты арттыру да – маңызды мақсат. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, қарны тоқ, көйлегі көк саналы адамның қолына қару ұстап, жарылысты жоспарлауы екіталай.