Атақты тақуа имам Насаий «Рамазан – мүбәрак ай. Ол айда Алла мұсылмандарға ораза ұстауды парыз етті және бұл айда мың айдан қайырлы қадір түні бар» деген Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өсиет-хадисін жеткізсе, ислам әлемінің төртінші халифасы Әли Әбутәліп: «Маған бұл дүниеде екі нәрсе сүйкімді көрінді: қонаққа қызмет көрсету және ораза ұстау» деген екен.
Ораза – мұсылманның жан азығын байытатын ғибадат. Ислам ғұламалары «ғибадат ол жеке кәсіпке ұқсайды: қаржылық қоры – тақуалық, жұмысы – құлшылық, соңғы нәтижесі – жәннат» деп пәтуа айтса, дана Абай атамыз 12-нші қарасөзінде: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ғибадаттан тыюға болмайды, жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ» деп құлшылықтың шариғи үкіміне өзінің ақиқат үнін қосады.
Мұсылмандар үшін Рамазан айының мұншалықты маңызға ие болуына басты себеп – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Рамазан айында жақсы іс жасаған адамға Алла басқа айларда жасағаннан жетпіс есе көп сауап жазады» деген хадисі. Бұл өсиет-хадис жақсылықтан үмітті мүминдердің оразаға деген ынта-ықыласын оятса, тақуалар үшін бұл ай нәпсі тізгіндеудің кемел амалы деп біледі.
Осы орайда, табиғиндер дәуірінде өмір сүрген исламның үлкен пірәдары Хасан Басридің «нәпсінің тізгіні – ашығу» дейтін мойындалған үкіміне жүгіне отырып, бұл ғұламаның қасиетті оразаның нығметтері жайлы айтқан құнды тұжырымын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз.
Үлкен оқымыстының айтуынша оразаның бірінші нығметі – тәубе ету. Яғни бұл адам баласының тәубесі мен тәуекелі қабыл болатын ай. Тәубесі қабыл болған жанның сыйлығы қиямет-мақшарда пайғамбарлармен бірге бір сапта тұрады. VІ ғасырда өмір сүрген арабтың жаңашыл ақыны Ахнаф ибн Қайыс: «Шынайы тәубе жасаушы адам күнәсі үшін опынады, жүрегінде мұң басым болады, жамандықтан қашады, тілін бос сөздерден сақтайды», депті.
Екінші нығметі – кешірім айы. Яғни оразада Алладан кешірім сұрау, жарылқану тілеген дұрыс. Жаратушы шынайы ықыласпен кешірім өтініп, жарылқану тілеген құлының мал-мүлкін көбейтеді, оны көлденең пәле-жаладан сақтайды, жарылқау тілеген қауымға рахым етеді, олардың несібесін молайтады, ұрпағын көп қылады және қуатты мемлекетке айналдырады. Бұл нығметке берік болу үшін Абай атамыз 13-інші қарасөзінде айтқандай, қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек.
Үшінші нығметі – күнәдан тыйылу айы. Құранда мұсылман адам үшін Алла Тағала үкім еткен тыйымдар бар. Әлбетте Раббымыз өзіне бойұсынушыларды харам дүниеден тыйды. Ал оразада мұсылмандар харамды былай қойып, халалдың өзінен тыйылады. Яғни ораза тұтқан адам күнделікті қолданып жүрген халал ас-судан бас тартады. Мұның тәрбиелік мәні зор. Халалдан тыйылып үйренген адамға ертең харамнан тыйылу оңай болады. Исламның алғашқы жылдары өмір сүрген хорасандық ілім иесі Хатим әл Асам айтқандай, харамнан тыйылмай тұрып – Алланы жақсы көрем деу мүмкін емес.
Төртінші нығметі – иманды күшейту. Мысалы, дені сау, ақшасы бар, қарны тоқ адамда нәпсі қуаты да күшті болады. Басына қиындық туып, (денсаулығына, дүниесіне, бала-шағасына қатысты) қиналған адамның нәпсісі азайып, иманы оянады. Сол сияқты ораза тұтқан адам, шөлдеу, ашығу арқылы тоқшылық нәпсісін тізгіндейді. Хадисші ғалым Муғаз ар Разидың сөзімен айтқанда, кімнің уайымы жоқ, тоқшылығы көп болса, денесінің майы көп болады. Денесінің майы көп адамда, желік пайда болады. Желігі бар адам күнәға ұрынғыш келеді. Күнәсі көбейген адамның жүрегі қатыгезденеді. Жүрегі қатыгезденіп өлі күйге түскен пенде пәнидің қызықтарына батып кетеді.