Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзінде көпұлтты Қырғызстанның ішкі және сыртқы саясатын азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағыттап отырғанына тоқталды. Сондай-ақ Қырғызстан халқы Ассамблеясының этносаралық өзара іс-қимыл жасаудың тиімді институтына және бірліктің мызғымас тұғырына айналғанын атап көрсетті. Ж.Түймебаев екі ел тарихы мен әдебиетінен қазақ-қырғыз арасын жақындататын мысалдар келтіре отырып, түп-тамыры терең мәдени байланыстарымыз біздерді біріктіре түсетініне тоқталды. «Көне түркі дәуірінен бастау алатын қырғыз әдебиеті қай кезде де қазақ әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әдебиеттің кейбір үлгілерінің екі елде бір мезгілде дамуының мысалдары өте көп. Біздің Асан қайғы, Кетбұға, Алдар көсе, Толыбай сыншы сияқты тұлғаларымыз да ортақ. Халық ақыны Аалы Тоқомбаев өзінің әдеби еңбегінің алғашқы күндерінен бастап Абайды ұстаз тұтып, ұлы ақынның өлеңдерін түгелге жуық қырғыз тіліне аударды» деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.
Қырғыз ауыз әдебиетінің жарқын үлгісі «Манас» жырының хатқа түсіп, сақталуына қосқан Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтің еңбектерін де еске салды. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазақ ақын-жазушылары Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазамен достық қарым-қатынастарын кейінгі буынға үлгі етті.