Сайлау • 06 Мамыр, 2019

Қоғамдық штаб құрылды

1081 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының жұмысы жайында арнайы брифинг өтті. Оған кандидаттың сенім білдірілген адамы, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және басқа да бірқатар сенім білдірілген адамдар қатысты.

Қоғамдық штаб құрылды
3 мамыр күні Қазақстан Рес­пуб­ликасының Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаевты Қазақ­стан Республикасының Президент­тігіне кандидат ретінде ресми түр­де тіркеп, кандидат куәлігін оның сенімді өкілі, Nur Otan пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа тапсырды. Осы шешімнен кейін кандидаттың республикалық қоғамдық штабы құрылып, ол заңға сәйкес 11 мамыр күні сағат 18:00-ден бастап жұмыс істейтіні белгілі болды.

Брифингте Мәулен Әшімбаев Орталық сайлау комиссиясының шешімінен кейін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына Nur Otan партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қо­ғам­дық штабы құрылғанын айтып, оны басқаруды Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне жүктегенін мәлімдеді. 

Республикалық қо­ғам­дық штабтың құрамына: Халық Қаһар­мандары: Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері: Иван Сауэр, Айман Мұсақожаева, Серік Ақшолақов, Юрий Пя, Мемлекет және қоғам қайраткерлері: Кенжеғали Саға­диев, Әділ Ахметов, Сансызбай Есілов, Бақытжан Жұмағұлов, халықаралық спорттық сайыстарда еліміздің атын шығарып, абыройымызды асқақтатқан спорт­шы­ларымыз: Жақсылық Үшкем­піров, Александр Винокуров, Ай­бек Нұғымаров, Зүлфия Ғаби­дуллина, Әлия Жүсіпова, Қанат Ислам және Динара Сәдуа­қа­сова, үкі­меттік емес ұйымдар­дың өкіл­дері Аружан Саин, Ди­нара Шәйжүнісова, Динара Зә­киева, белгілі өнер қай­рат­керлері: Роза Рымбаева, Дос­xан Жолжақсынов, Алтынай Жо­ра­баева, Майра Мұxамедқызы, Самал Еслямова, Сәкен Май­ға­­зиев, Қыдырәлі Болманов, Тамар­а Асар сынды әншілер мен әр­­тістер, ал журналистердің ара­­сы­нан Дарxан Қыдырәлі, Нұр­­төре Жүсіп, Дана Нұржігіт, Майя Бекбаева, Қалқаман Сарин сияқты қаламгерлер мүше болды. Сондай-ақ Республикалық штабтың құ­ра­мында Парламент депутаттары да бар.

Республикалық қоғамдық штаб­тың басшысы алғаш рет қо­ғам­дық штабтың TeamQazaqstan жастар қанаты да құрылғанын айтты. Осы ретте Республикалық қо­ғам­дық штабтың құрамындағы 187 адамның 33-і жастар қа­на­тының өкілдері екенін айта кеткен жөн.

Жиында бүгінде еліміз бо­йын­ша 227 қоғамдық штаб құ­рыл­ғаны айтылды. Оның 17-сі – облыстық, 37-сі – қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істейді. Аймақтық және аумақтық штабтардың құрамына 5766 адам енсе, оның 1267-сі жас­тар қа­натының өкілдері.

М.Әшімбаев аталған штабтар мүшелерінің бәрі Nur Otan пар­тиясынан Қазақстан Прези­дентті­гіне кандидаттың сенім біл­­ді­рілген өкілдері екенін ерек­­ше атап өтті.

– Еліміз бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлының 19 500-ден астам сенім білдірілген адамы тіркелді, – деді Республикалық қо­ғамдық штабтың басшысы. Сондай-ақ ол өз сөзінде барлық штабта кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істей­тінін, онда азаматтардың өті­ніш­тері мен ұсыныстары қабылда­на­тынын жеткізді. Одан бөлек, Рес­публикалық қоғамдық штабтың мүшелері 13 мамырдан бастап барлық өңірге шығып, халықпен кездесетініне назар аударды.

М.Әшімбаев партия Төраға­сының тапсырмасына сәйкес сай­лауалды үгіт-насихат жұмыс­тарын жоғары деңгейде, креативті, тиімді, заманауи технологияларды қолданып нәтижелі өткізуге дайын екенін жеткізді.

– Елбасы, партиямыздың Төр­ағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл сайлау әділ әрі ашық, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықаралық нормаларға сай, жоғары деңгейде өтуі керек. Партиямыз сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін барлық шараны жүзеге асырады. Ол үшін біз Орталық сайлау комиссиясымен, отандық және халықаралық бай­қаушылармен, сондай-ақ бұқа­ралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз, – деді М.Әшімбаев.

Сөзінің соңында ол еліміздің ірі саяси науқанның алдында тұр­ғанын айтып, бұл барша қазақ­стандықтар үшін жауап­кершілік екенін тілге тиек етті.

Іс-шара барысында Рес­пуб­ликалық қоғамдық штабтың мү­шелері: белгілі қоғам қай­раткері, «Ұлттық ғылыми меди­циналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин, «Атамекен» ҰКП басқарма төра­ғасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Абы­лай Мырзахметов, қоғам қай­рат­кері, қайырымдылық қоры­ның директоры Аружан Саин және «Qazaqstan» ұлттық теле­арна­сының жүргізушісі, блогер Әйгерім Есенәлі сөз сөйлеп, ал­дағы саяси науқанға тас-түйін дайын екендерін жеткізді.