Бүгінде Қазақстанның аталған саладағы ұстанған бағыты, яғни ядролық қарусыздану үдерісін толық қуаттайтыны әлемдік қоғамдастыққа белгілі. Еліміз өзінің бұл ұстанымын халықаралық алқалы жиындарда үнемі мәлімдеп келеді. Мәселен, жақында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев 2020 жылы өтетін ЯҚТШ Шолу конференциясына Дайындық комитетінің үшінші сессиясына қатысып, онда еліміздің ядролық қарусыздану мен таратпау режімін нығайтудың белсенді жақтаушысы ретінде ЯҚТШ ережелерінің қатаң және толыққанды орындалуын қолдайтынын атап көрсетті.
Дайындық комитеті сессиясының жұмысы Қазақстанның тағы бір маңызды мерейтойлық датасымен, атап айтқанда ЯҚТШ-ға мүше болғанына 25 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда Е.Ашықбаев өзінің ұлттық баяндамасында Қазақстанның соңғы ширек ғасырда атқарған қызметінің негізгі кезеңдерін айшықтап, әлемдік қауіпсіздік архитектурасын нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігерлердегі ерекше тарихи рөлін көрсетіп берді. Айта кетейік, мемлекеттің кеңінен танылған жетістіктерінің негізін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастамалары құрайтыны сөзсіз.
2018 жылдың 18 қаңтарында өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» атты тақырыптық брифингінде Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бастамаларды, атап айтқанда ЯҚТШ-тан шығуды қиындату бойынша шаралар әзірлеуді және Шарт ережелерін бұзатын елдерге қатысты жазалау шараларын қолдануды ұсынған. Осылайша, ядролық қарусызданудың өзіндік дара жолын қалыптастырған Қазақстан өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шарасы қарусыздану екенін нақтылай түсті.
Сонымен қатар Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсаттарда қауіпсіз және сенімді пайдалану жолындағы елеулі үлесі ретінде, 2017 жылы тұсауы кесілген және биыл сақтау материалын қабылдағалы отырған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) төмен байытылған уран банкі аталып өтті. Бұл саяси сипаттағы кедергілер туындаған жағдайда атом электр стансаларына қажетті отынды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге арналған теңдесі жоқ тетіктің іске қосылатынын білдіреді.
Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы және оның жұмысына белсене араласуы ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің ізгілікті ұмтылыстарына негізделген. Қазақстан тарапы ЯҚТШ-тың ядролық қарудың таралуына жол бермеуге және уақыты келгенде оның толық жойылуына, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалануға жәрдемдесуге бағытталған халықаралық күш-жігердің бастау көзі екенін толық түсінеді. Өйткені ядролық қаруы бар және ядролық қарусыз мемлекеттер арасындағы келісімді нығайтуға негізделген өзге халықаралық келісім болмағандықтан, ЯҚТШ бірегей құжат саналады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан БҰҰ-ның 2045 жылы болатын жүзжылдық мерейтойына орай ядролық қауіп-қатерден азат әлемге қол жеткізуге бағытталған Елбасының бастамаларын іске асыруды жалғастыруға ниетті.