Қоғам • 06 Мамыр, 2019

Бірлік күні баспаналы болды

932 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында 1 мамыр – Қазақ­­стан халқының бірлігі күні мере­­кесі кеңі­нен аталып өтті. Бұл күні орталық мәде­­ниет және демалыс саябағында мерекелік кон­церт ұйымдастырылып, этномәдени орта­лықтардың көрмесі қала тұрғындары мен қонақтарына айқара есік ашты.

Бірлік күні баспаналы болды
Мереке барысында бірнеше көп балалы отбасылар айтып-жет­­­­­­кізгісіз қуанышқа бөленді. Бұл күні олар жаңа баспанаға ие бо­­лып, қоныс тойын тойлады.
Саябаққа жиылған халықты мерекемен құттықтағаннан кейін облыс әкімі Ерлан Қошанов  көп ­­балалы 10 отбасына «Үш ­­жапырақ» тұрғын үй кешенінде орын тепкен жаңа пәтерлердің кілт­терін табыс етті. 

Жалпы, облыс бойынша, атап айтқанда Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск, Приозерск, Қаражал қалаларында, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарында бұл күні 27 отбасы баспаналы болды.

– Бұл – ең мейірімді және жар­қын мере­келердің бірі. Осын­­дай күні бейбітші­лік­ пен келісімде өмір сүру біздің халқымыз­дың ең басты байлығы екені ерек­ше сезі­леді. Елбасының арқа­сында елімізде ұлт­ара­лық келі­сімнің бірегей үлгісі, се­нім, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы қа­лып­тасты. Біздің күшіміз осында, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі, сонымен қатар мамыр айының соңына дейін 130-дан астам көп­ балалы отбасының баспанаға ие болатынын мәлім етті. Ал жыл соңына дейін облыс­та 560 көп балалы отбасын баспанамен қамту жос­парда бар.

Баспаналы болып, қуанышы қойнына сыймаған көп балалы ана Айгүл Әбішева атқарушы би­лік­ке деген өзінің алғысын зор тебіреніспен айтты. 

– Мен өте қуаныштымын. Осы күнді 19 жыл күттік, міне бүгін, осын­дай жарқын мерекеде облыс әкімінің қолынан пәтер кіл­тін алып отырмыз. Менің алты балам бар, бүгінгі күнге дейін пәтер жалдап тұрдық, біраз қиналдық. Бірақ енді бізде бәрі жақсы болады. Осындай сыйлық үшін бар­лығыңызға рақмет! Бұл күн – біз­дің отбасы үшін естен кетпес ерек­­­­­ше күн болып қалады, – деді ол.

1 мамыр күнгі мереке об­лыс­­­­­­­тың қалалары мен аудан ор­талық­тарында, барлық елді ме­кен­­дерінде кеңінен аталып өтті. Бұл күні саябақтар мен алаң­дарда театрландырылған қойылымдар мен концерттер және облысты ме­кен еткен түр­лі ұлттардың дәс­­­­түр­лі та­ғамдарының байқауы ұйым­­­­­дас­тырылды.

ҚАРАҒАНДЫ