Атаулы шара Жастар жылының аясында ұйымдастырылды. Бақ сынаушылар әр аймақтағы жоғары оқу орындарында іріктеуден өткен. Шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, доцент Жаннат Елемесқызы биыл 98 студент қатысып отырғанын айтты. «Республиканың әр түкпірінен жеткен жалынды жастардың басын қосатын олимпиаданы филология факультетінің шет тілдер кафедрасы бес жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бұл шара студенттердің шет тілдерін оқуға деген ынтасын арттыру, білім алушылардың әлеуметтік-мәдени және лингво-мәдени құзыреттілігін кеңейтуді көздейді. Биылғы қатысушылардың 32-сі неміс тілінде, 62-сі ағылшын тілінде бақ сынады», дейді. Оның айтуынша, Marcello Lopez Lara, Stephanie R. Olson секілді шетелдік мамандар мен «Inter press» Халықаралық тіл орталығының Қазақстандағы филиалынан келген әдіскер үздіктерді анықтауда тәуелсіз сарапшы болды. Ал олимпиаданы ұйымдастыруға АҚШ, Германия мен Британия елшіліктері қолдау көрсеткен.
Сайыс екі турдан тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар тілдің B1/B2 деңгейінен тыңдалым, лексика-грамматика және оқылым бойынша тест тапсырса, екінші турда «Бүгінгі жас – ертеңгі болашақ» (Today’s Youth – Tomorrow’s Future) тақырыбында жоба қорғады. Тестілеуге 2 сағат бөлінсе, екінші кезеңдегі әр презентацияға 5 минут уақыт берілген.
Олимпиадаға қатысушы Ерсұлтан Омар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Сәулет-құрылыс» факультетінде оқиды. «Осыған дейін облыстық оқушылар арасында өткен тілдік олимпиадаға қатыстым. Республикалық деңгейдегі байқауға алғаш келіп тұрмын. Бірінші турда бұрыннан таныс тестілеу болды. Мен үшін екінші кезең қызық болып тұр. Өйткені онда тілді қалай меңгергенің ғана емес, идеяң, ойың және оны жеткізу қабілетің сынға түседі», деді Ерсұлтан.
Қатысушыларды ғана емес, бізді де қызықтырған екінші кезеңде іріктеліп шыққан 26 бала өз идеяларын белгіленген межеде қорғап шықты. Барлығы ойын ағылшын және неміс тілдерінде еркін жеткізді. Соның бірі, Еуразия ұлттық университетінің студенті Дінмұхамед Баяндыны қазылардың тосын сұрақтары өзгелердей тосырқатпай, керісінше қолдау болыпты. «Америкалық қазы идеям туралы сұрағанда кеңінен ашыла түстім. Жетпеген уақытты толықтыруға көмектесті. Мен презентациямда келешекке қажетті дағдыларды көрсеттім», дейді болашақ биолог. Олимпиада қорытындысы бойынша Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық, Ясауи атындағы халықаралық және Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінің студенттері жүлделі орындарға ие болды. Оларға жоғарыда аталған елшіліктердің құнды, тіл үйрету кітаптары табыс етілді.