Руханият • 06 Мамыр, 2019

Болашақтың батыры

1082 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Болашақтың батыры
Көше қиылысынан шыға келіп, біздің алдымызға түс­кен «Джиптің» артқы те­ре­зесіндегі «Қазақ хал­қына + 1 батыр!» деген жа­зу­ды көріп, езу тарттық. Ұл­ды болған екен-ау! 
Рульдегі жігіттің көңіл күйі көлікке бірден әсер ете­тіні анық. Жүйткіп-ақ ке­леді. Бағдаршамның қы­зы­лына кілт тоқтап, жасылы жан­ғанда сілкіне жөнеледі.

Қазекемнің мұндайда: «Әйелі ұл тапқандай қуа­нып!» дейтін әзілін еріксіз еске түсіреді.

Біз отырған машинаның руліндегі жігіт басын шайқап: «Қуаныштың да өз орны, өз жауапкершілігі бар емес пе, – дейді әлгі жүргізушіден сақтаныңқырап келе жат­қанын сездіріп. – Бүйте берсе, бірнәрсеге арандап қалуы әбден мүмкін ғой».

Әрине, мынау мега­полистегі көше қозғалысы ешкімнің де еркелігін кө­тере алмайды. Ерсілі-қар­сылы ағылған маши­на­лардың тізгінінде шиы­р­шық атып бір-бір «Жүйке» отырғанын естен шы­ғар­маңыз. Олар­дың бірінің шамына ши жү­гіртсеңіз, жүз көлікке ке­сіріңіз тиюі мүм­кін.

Әйткенмен, артқы орын­дықта жалғыз өзі отырған балуан тұлғалы, жомарт мінезді досымыз кеңк-кеңк күліп: «Әй, жігіттер, бәрінен де анау терезедегі жазудың сал­мағы ауыр емес пе?! – де­ді гүжілдеп. – Жаңа ғана дүниеге келген сәбиді батыр етіп тәрбиелеуден ар­тық жауапкершілік бар ма, сірә?..».

Осыдан соң әрқайсымыз оның сөзін өзімізше таразылап, үнсіз қалдық.

Кім білсін, біз туғанда да әкеміз батыр болады деп қуанған шығар деген ой іш­тей мазалап келе жатты...