Қолмерген
Сәрсенбі, 29 мамыр 2013 1:16
Атақты Қарқара көтерілісінің батыры, Әлмеректің ұрпағы Тазабек бидің немересі Жақыпберді асқан мерген болған. Атқан оғы мүлт кетпейтін қолмергенге қатысты әңгіме, дерек көп.
Айырпланды атып түсірген
Қулық тауында Жақыпберді жасақтарымен атысқан ГПУ-дің әскері: «Біз атсақ тасқа тиеді, Жақыпберді атса басқа тиеді» деп одан үрейленеді екен. Батырдың серігі, Жақыпбердімен бірге атылған Әуезхан ақын «Тас түрмеде туған жыр» атты дастанында Жақаңның Айырлы асуында жалғыз оқпен аэропланды атып түсіргені баяндалады.
Сәрсенбі, 29 мамыр 2013 1:16
Атақты Қарқара көтерілісінің батыры, Әлмеректің ұрпағы Тазабек бидің немересі Жақыпберді асқан мерген болған. Атқан оғы мүлт кетпейтін қолмергенге қатысты әңгіме, дерек көп.
Айырпланды атып түсірген
Қулық тауында Жақыпберді жасақтарымен атысқан ГПУ-дің әскері: «Біз атсақ тасқа тиеді, Жақыпберді атса басқа тиеді» деп одан үрейленеді екен. Батырдың серігі, Жақыпбердімен бірге атылған Әуезхан ақын «Тас түрмеде туған жыр» атты дастанында Жақаңның Айырлы асуында жалғыз оқпен аэропланды атып түсіргені баяндалады.
Жақаңды Ораз Жандосов қатты құрметтеген екен. Бір кездесіп қалғанда Ораз: «Жақыпберді, сенің шын мерген екеніңді өз көзіммен көрейін. Анау аспанда шырылдап тұрған бозторғайды көздемей атып түсіре аласың ба?» дейді. Ат үстінде тұрған Жақыпберді оқтаулы мылтығын ердің қасынан алып, бозторғайды қолмен нысаналап, шүріппені басқанда бозторғай жалп етіп жерге түседі. «Зуылдап ұшып бара жатқан құсты құлатқанда, бір орында қалықтап тұрған бозторғайды ату тіпті оңай, Ореке», депті Жақаң. Ғажап мергендігіне сүйсінген Ораз оған риза болып, бесатар мылтықтың кырық оғын сыйлапты.
Жалп етті
Осыдан он бес жыл бұрын Халық деген қария өмірден өтті. Ол Жақыпбердімен аталас еді. Жақаңның мергендігі туралы қызықты әңгімелер айтқан. Енді сол әңгімелерге құлақ түрелік.
Бір күні ертелетіп Жақыпберді кіріп келді.
– «Кедейдің ұйқысы қалың» деген рас екен ғой. Адам түске дейін жата ма, – деп әкеме әзілдеп, сәлем берді де қайтадан сыртқа шықты. Әкемнің жалғыз жауыр атына бір сауысқан маза бермеді. Жақаң сүйеулі тұрған мылтықты оқтап, сауысқанды нысанаға алып, көздей бастағанда әкем: «Ойбай, Жақыпберді, жалғыз атымды өлтіресің, атпа, құрысын», деп мылтықка жармасты. «Атың өлсе ат төлеймін», деп батыр әкемнің қолын кағып, бесатарды тарс еткізді. Жауырға жабысқан сауысқан жалп етті.
Қарақұстан тиіпті
– Әкем екеуміз жолаушылап биік тау етегінде келе жатқанбыз. Жолда Жақыпберді жолықты. Қайқыға қарай бет алғанымызда қарсыдағы беткейден қылаңдап қаскырдың басы көрінгендей болды. Жақаң атын кілт тоқтатып, нысанаға алды. Мылтық тарс ете түсті, шауып барсақ тайыншадай арлан қасқыр сұлап жатыр. Оқ қарақұстан тиіпті, деді Халық ақсақал.
Қарагердің қасиеті
Қарқара жәрмеңкесі – «жәрмеңке-базар» емес, керемет ойын-сауық, ат бәйгесі, саятшы-серілердің өнері, палуан күрес, ақындар айтысы өтетін жер болған.
Жақыпберді де жамбы атып, жұртты мергендік өнерімен тәнті етіп жүреді. Бір жылы «Албан-Бұғының» үлкен тойы болып, оған қазақ-қырғыздың жақсылары мен жайсаңдары келеді. Бұл «той- базарға» атақты бір ояз қатысады. Оған жақсы жерден барлық қызықты көрсету үшін орын белгіленеді. Ол бірде атқан оғы нысанаға мүлт кетпей тиіп жатқан Жақыпбердіні көреді. Астындағы қара жорға атқа қатты қызығады.
Ояз шақырып алып: «Саған екі ат берейін, қара жорғаны маған сыйла», дейді. Жақыпберді: «Тақсыр, мен қара жорғаның үстінде келе жатып мылтық атсам – оғым көздегеніме дәл тиеді. Сондықтан атымды бере алмаймын», дейді. Онда анау кетіп бара жатқан аттылы екі қырғыздың біреуінің құйысқанындағы «шорды» атып түсірші дейді. Жақаң жорға үстінде тербеліп бара жатып, көк аттылы қырғыздың кұйысқанындағы «шорды» бір атқанда оғы көздеген жерге тиіп, быт-шытын шығарады. Ояз таңғалып, мынау өзі ғажап адам ғой деп риза болып, орнынан көтерілгенде, Жақаң екінші қырғыздың басындағы ақ қалпақты атып, жерге түсіреді. Мұны көрген ояз: «Бұл тегін адам емес екен», деп қарагерден күдерін үзіпті.
Бастықтың басына тиген оқ
Бір айқас-атыс кезінде Жақыпберді оншақты жасағымен таудың шатқалында құрсауда қалады. Жоғары көтеріліп кетейін десе, таудың құз жартасы кесе-көлденең тұрады. Төменде бұларға қарсы өрлеп келе жатқан әскер тықсырады. Жақаңда санаулы ғана оқ қалады. Тірідей қолға түсу қаупі туады. Үрей билейді. Құзға тіреліп, құрсауда қалған «жауды» қызылдар қолға түсіру үшін алға ұмтылады. Жақаң алдымен әскерді батыл бастап келе жатқан «нәшәлнікті» қақ маңдайдан көздейді. Аттан ұшқан бастығына оқтың дәл бастан тигенін көріп, орынбасары: «Ойбай, мынау Жақыпберді ғой. Ол бәрімізді бастан атады. Кері қайтыңдар!» деп бұйрық береді. Аяғы үзеңгіге ілініп ат сүйреген бастықтарының денесін көргендер шегініп қана қоймай, бет-бетіне қашады. Жақаңның адамдары қоршаудан құтылады.
Жасқап ату
Қарауыл-нысанаға алған нәрсесін мүлт жібермейтін қолмерген Жақыпберді жауларына жасқап оқ атады екен.
Бірде шекара маңындағы бір таудың ішімен Жақыпберді көшкен бір ауылды сыртынан қорғап келе жатады. Көшті тоқтату үшін босқындардың алдарынан әскер шығады. «Көшке тимеңдер, бәрі қатын-қалаш, бала-шаға», деп Жақыпберді айқайлады. Әскердің ішінде бұрын Жақыпберді жағында болып, кейін қызылдар жағына шығып кеткен бір жігіт болса керек. Ол Жақыпбердінің даусын естіп, жаңадан келген бастығына: «Ана айқайлаған – оғы мүлт кетпейтін атақты Жақыпберді мерген. Оған қарсыласпай-ақ қояйық. Арты қиын болады», дейді. Бұл сөзді естігенде қатты ашуланған бастық тауды жаңғырта айқайлап: «Мерген болса мына менің баскиімімді атып түсірсін», деп басындағы «шәпкесін» мылтықтың найзасына іліп жоғары көтереді. Мұның бәрін қарағайдың тасасында бақылап, анық көріп, сөздерін естіп отырған Жақыпберді бесатарды гүрс еткізгенде әскер бастықтың бас киімі ұшып жерге түседі. Мұны көріп, қорыққан әлгі бастық көшті бөгемей еркіне жіберіпті.
Жақыпбердінің мергендік қасиетін үлкендер ұлы атасы Жәнібектен дарыған бір кие деп түсіндіреді. Оның атасы Әлмерек би қасиетті адам болған екен.
Ораз ҚАУҒАБАЕВ,
жазушы.