Тазалық па, әлде тоғышарлық па?
Жұма, 31 мамыр 2013 2:01
Жақында бір телеарнаның жауын-шашын тыйылып, күн ашылғаннан кейін жол полициясы қызметкерлері қалалардағы автокөліктердің тазалығын тексеруге кірісті деген сыңайда ақпарат таратып жатқанын естідім. Бұл, әрине, бір қарағанда, көңіл қуантарлық-ақ хабар болатын. Әсіресе, сен тұратын қалада тәртіп пен тазалық орнатамыз деп жатса оған қалай қуанбассың? Дегенмен, егер мәселеге тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, осындай жақсы хабардың артында түйткілді түйіндер де бар сияқты.
Жұма, 31 мамыр 2013 2:01
Жақында бір телеарнаның жауын-шашын тыйылып, күн ашылғаннан кейін жол полициясы қызметкерлері қалалардағы автокөліктердің тазалығын тексеруге кірісті деген сыңайда ақпарат таратып жатқанын естідім. Бұл, әрине, бір қарағанда, көңіл қуантарлық-ақ хабар болатын. Әсіресе, сен тұратын қалада тәртіп пен тазалық орнатамыз деп жатса оған қалай қуанбассың? Дегенмен, егер мәселеге тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, осындай жақсы хабардың артында түйткілді түйіндер де бар сияқты. Ол нендей түйткіл?
Біріншіден, автокөліктерді жуып, әр уақытта таза ұстау қажеттігін түсіне және ондай талаппен келісе отырып, о жер, бұ жерлерінен қара май аққан, кузовтарының кей тұстары майысқан, бояуы кеткен, тіпті керек болса, шіріген автомобильдердің көшелерімізде толып жүргенін қайда қоямыз? Зауыттан шыққанына 15-20 жыл болған мұндай автокөліктер қаланың сәнін кетіріп қана қоймай, сонымен бірге онсыз да түтінге тұншығып тұрған шаһарларымыздың экологиясына да айтарлықтай нұқсан келтіруде. Осыны ескере келгенде, тазалықты тым ескі машиналардың көшелерде емін-еркін жүруіне тыйым салудан бастаған жөн шығар. Бұл ретте ондай көліктер иелеріне техникаңның сырт бейнесін әдемілеп, ауаға зиянды зат шығармайтындай жағдайға келтір деген талап қойса жетіп жатыр.
Ал, екінші мәселе осы автомашиналарды жуатын орындарға қатысты туындайды. Бүгінде Қазақстанның кез келген қаласында не көп, автомобиль жуатын орындар көп. Айта берсек, мұның өзі бизнестің ең бір жеңіл түріне айналып кетті. Бір автокөлікті жуғаны үшін (олардың мемлекетке қанша салық төлейтінін ешкім біліп те жатқан жоқ) 1 мың немесе одан жоғары теңге сұрайтын автомобиль жуушылар суды қайдан алып жатыр? Соңғы жылдары әлемде ауыз су тапшылығының тым шиеленісіп бара жатқанын айтып дүние жүзі ғалымдары дабыл қағуда. Ал біздің еліміздің ауыз суға бай емес екені ежелден белгілі. Демек, онсыз да алтынға бергісіз тапшы суды, автомашиналарды жуу арқылы (тәулік бойы жұмыс істейтін автомобиль жуу орындары суды тонналап шығындайды), босқа рәсуалап жатқан болуымыз да әбден мүмкін. Олай болса, көз алдайтын тазалықтың тасасында табиғатқа нұқсан келтіру, оның ішінде суды ысыраптау сияқты тоғышарлық жатқан жоқ па деген де ой келеді…
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».