Мамырда 1316 пәтер беріледі
Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру жөніндегі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 12 наурыз бен 4 мамыр аралығында Үкіметтің жұмыс тобы республиканың барлық өңірін аралаған болатын. Сапар барысында қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде Г.Әбдіқалықова баяндады.
27 мың адамды қамтыдық, – деді ол.
– Кездесулерді талдай келе халықтың әлеуметтік осал санаттарын, ең алдымен көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үй, атаулы әлеуметтік төлем, жұмысқа орналасу, шағын несие беру, жер телімдерін беру, білім беру, денсаулық сақтау сапасы және басқа да өзекті мәселелер толғандыратынын көрдік. Екіншіден, аудан әкімдіктерімен, кәсіпорын басшыларымен, бизнес-құрылымдардың жетекшілерімен кездесу өтіп, әлеуметтік еңбек саясаты, жалақысы төмен азаматтардың айлығын көтеру, айлық бойынша қарызды өтеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері талқыланды. Әлеуметтік көмек бойынша бизнес құрылымдардың белсенділігін ерекше атап өтер едім, – деді Үкімет басшысының орынбасары. Өз сөзінде Г.Әбдіқалықова Алматы облысындағы «Ақтерек» шаруа қожалығының иесі Темірлан Шайнүсіпов деген азаматтың ауылдастарын жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға ақша бөліп жатқанын атап өтті. Бизнесмен ауылында балабақша, спорт алаңын, сауда орталығын салған. 2008 жылдан бастап көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін 105 пәтер тұрғызып берген. Сол сияқты Қостанай облысында «Еңбек» бағдарламасы, Қызылорда облысында білім мен ғылымға қатысты бағдарламалар, Ақмола облысында «Денсаулық» бағдарламасы, Жамбыл облысында алғашқы медициналық көмек беру бағдарламасы, СҚО-да еңбек ресурстарының мобильділігі жұмыстарының барысы талқыланды.
160 мың отбасына атаулы көмек беріледі
Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау қалай атқарылып жатқанын айтты.
– Ел ішіндегі жұмыс сапарлары аясында әлеуметтік мәселелердің барлығына жауап берілді. Оның қалай шешілетіні жөнінде айтылды. Әр министрлікке қарасты мемлекеттік органдармен бірлесе құрылған жұмыс тобы бар. Өткен 4 айда жұмыс тобы 11 отырыс өткізді. Жалпы, қазіргі таңда 160 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, бұл шамамен 806 мыңдай адам, – деді Б.Сапарбаев. Министрдің айтуына қарағанда, сәуір мен мамыр айының өзінде АӘК үшін 23 млрд теңге бөлінген. Жалпы, жыл бойы атаулы әлеуметтік төлемді төлеу үшін 130 млрд теңге қарастырылған. Орта есеппен әрбір отбасына 105 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
– Бір айта кететін мәселе, әлеуметтік желіде кейбіреулер бұл төлем бірінші тоқсанда төленеді деп жатыр. Қайталап айтарым: төлем жыл бойы төленеді. Бірақ оның ережесіне сәйкес табыс жыл сайын, тоқсан сайын нақтыланып отыратын болады, – деді министр.
Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру үшін қарастырылатын жеңілдіктердің төрт түрі алынып тасталды.
− Мемлекеттік органдармен бірге, әсіресе жеке қожалықтарына, егініне, малына алатын жәрдемақыларына байланысты есептеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада шешім қабылданады, – деді министр. Б.Сапарбаев өз сөзінде аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек жергілікті билік арқылы көрсетілетінін атап өтті. Қазір жергілікті билік тарапынан көрсетілетін көмектің 11 түрі бар. Бұған қоса сол жердегі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар арқылы да көмек көрсетіледі. Министр назар аударған мәселенің бірі – халықтың кәсіп ашуына жәрдем беру.
− Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс істеуі керек. Ал биліктің міндеті – соған жағдай жасау. Грант пен микронесие сол үшін беріледі. Мәселен, бір әйел үйінде отырып, тігін тігіп, тамақтың түр-түрін әзірлей алуы мүмкін. Тігін мәшинесінің құны көп болса 300-400 мың теңгені құрайды. Оны алуға мемлекет көмек береді. Тамақ істейтін құрылғыларды алуға да мемлекет жәрдемдеседі, – деді ол.
АӘК-ге қатысты даулар, туындаған сұрақтар көп болғаны белгілі. Әлеуметтік желідегі ондай шу басылды. Негізгі түсінбеушілік – табысты есептеуде. Әсіресе малы мен егініне байланысты әңгімелерді білесіздер. Тіпті жиһаз есептелініпті деп жатыр. Жиһазды есептемеу керек. Негізінен біз жергілікті органдарға «үйге барудың керегі жоқ» деп тапсырма бердік. Өйткені әрбір қала түгілі, ауылдардағы тұрғындар бойынша мәліметтердің бәрі бар. Көп көтерілген сұрақ тауық пен жұмыртқаны табыс ретінде есептеуге қатысты болды. Оның ешқайсысы есептелмейді. Алма, шие, құлпынай да есепте жоқ, – деді Б.Сапарбаев.
Мектептердің мәселесі шешілді
Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесі өзекті екенін айтып, оны шешу жолдарын түсіндірді.
Өңірлерге сапарлы барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кадр тапшылығы мәселесі туындап отырғанын айтты.
− Кейбір елді мекендерде, әсіресе ауылдарда учаскелік дәрігерлер екі есе жүктемемен жұмыс жүргізуде. Мұның арты әлбетте медициналық қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Сондықтан кадрлар тапшы елді мекендерге, әсіресе ауылдарға алдағы уақытта 6300 жас маман жіберіледі, – деді Е.Біртанов.