Президент • 07 Мамыр, 2019

Үш үміткер тіркелді

1240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы болып, онда 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Төлеутай Рақымбековті, Жамбыл Ахметбековті және Әміржан Қосановты Президенттікке кандидат ретінде тіркеу мәселесі, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу жөнінде мәселе қаралды.

Үш үміткер тіркелді
2019 жылғы 26 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына «Ауыл» халық­тық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Төлеутай Рақымбековтің, ал «Қазақстан Коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл Ахметбековтің құжаттарын ұсынған еді. Сол сияқты Орталық сайлау комиссиясына 2019 жылғы 27 сәуірде «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Прези­денттікке кандидат ретінде Әміржан Қосановтың құжаттарын ұсынды. 

Президенттікке кандидаттардың мем­ле­кеттік тілді еркін меңгергендігі Линг­вис­тикалық комиссия отырыс­тарында жан-жақты анықталды. Осыған орай Президенттікке кандидат Төлеутай Рақым­бековтің, Жамбыл Ахметбековтің және Әміржан Қосанов­тың Конституция мен «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталып, оларға азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді. 

Сол сияқты президенттікке кандидаттар Орталық сайлау комиссия­сы­на кіріс­тері мен мүлкi туралы дек­лара­ция тапсыр­ғаны туралы мем­ле­кет­тік кірістер орга­нының анықта­масын, оларды тіркеуге кедергі келтіре­тін ауру­лар­дың жоқтығы туралы ме­дицина­лық қоры­тынды мен аумақ­тық сайлау ко­мис­сияларының прези­денттікке кандидаттарды қолдап жина­ған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсы­нылды. Мәселен, осы хаттамаларға сәй­кес президенттікке кандидат Төлеутай Рақым­бековті қолдап Қазақстанның 15 өңірінен 122 309 азаматтың қолы жиналды, олардың 120 754-і рас деп танылды. Осылайша Төлеутай Рақымбековті президент­тікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келетіндігі белгіленді. 

Ал президенттікке кандидат Жам­был Ахметбековті қолдап, Қазақстан­ның 16 өңірінен 138 294 азамат­тың қолы жиналған, олардың ішінен 135 506 қол рас болып есептелінді. Аумақ­тық сайлау комиссияларының президенттікке кандидат Әміржан Қосановты қолдайтын азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамаларға сай Әміржан Қосановты қолдап, Қазақстанның 14 өңірінен оны президенттікке қолдайтын 131 189 азаматтың қолы жиналған, олардың ішінде 129 582 қол рас болып танылды. 

Міне, осылардың негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақ­стан Республикасы Президентінің кезек­тен тыс сайлауына Төлеутай Рақым­беков пен Жамбыл Ахметбековті және Әміржан Қосановты Қазақстан Респуб­ликасы Президенттігіне кандидат ре­тінде тіркеу туралы» жеке-жеке қаулы қабыл­данып, оларға тиісті куәлік берілді.

Бұдан кейін Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі Зәуреш Баймолдина өз баян­дамасында «Қазақстан Республи­ка­сындағы сайлау туралы» Конституция­лық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемле­кет­тердің, халықаралық ұйымдар­дың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойын­ша жүзеге асырады», деді. 2019 жыл­­ғы 29 сәуірде, 2 және 3 мамырда Сырт­қы істер министрлігінен 45 байқау­шы­ны аккредиттеуге ұсы­ныстар келіп түскен. Олардың барлы­ғы аккредит­­теуге шы­ғарылып отыр. Олардың ішінен: 7 бай­қаушы – Тәуелсіз Мем­лекет­тер Дос­тас­тығын, 22 байқау­шы – Тәуелсіз Мем­лекеттер Достасты­ғына қатысу­шы мем­лекеттердің Парла­мент­ара­лық Ассам­блеясынан; 12 байқау­шы Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық жөнін­дегі ұйымның Демокра­тиялық инс­титуттар және адам құқықтары жөнін­дегі бюросы миссиясынан, 4 бай­қаушы – Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан аккредиттелмек.

Бұдан әрі Зәуреш Баймолдина ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД миссияларының ақпаратына сәйкес сайлауға 700-ден астам қысқа мерзімді байқаушыны жіберу жорамалданып отырғанын және аккредиттеуге ұсыныстардың түсуіне орай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылатынын айтып өтті. 

Сондай-ақ бүгінгі күні Сыртқы істер министр­лігіне сайлауды жария ету үшін шетелдік тілшілерден 53 өті­нім түскен. Жалпы алғанда, қазіргі күні Сыртқы істер министрлігінде тұрақ­ты негізде 28 шетелдік бұқара­лық ақпарат құралының 94 журна­лисі аккредиттелді. Соған сәйкес миссия­лар­дың басшылары болып: ТМД-дан Бай­қау­шылар миссиясы – ТМД Атқару­шы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, ТМД қатысушы мем­лекеттер­дің Парла­ментаралық Ассам­блеясынан байқау­шылар тобы – Бас хатшы – ТМД ПАА Кеңесі Хат­шы­лығының басшысы Дмитрий Кобиц­кий, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлау­ды байқау жөніндегі миссиясы – Уршула Гацек (Поль­шаның Еуропа Кеңе­сіндегі бұрын­ғы елшісі, Польшаның Нью-Йорк­тегі Бас консулы, Сейм депутаты), Шан­хай ынтымақтас­тық ұйымынан Байқа­уш­ылар миссия­сы – Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының Бас хатшысы Вла­димир Имамович Норов; Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынан Байқау­шылар миссиясы – елші, Ислам Ынтымақ­тастығы Ұйымының саяси мәселе­лер жөніндегі департамент директоры – Махмұд әл Раиси (Оман) бекітілді.