Араға бір жыл салып, Елбасы мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға қол қойды. Сөйтіп Қарулы Күштердің құрамы анықталды. Сол тұста оған әскери басқару органдары, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Әскери-теңіз күштері, Тыл, Азаматтық қорғаныс басқармасы мен бөлiмдерi кірді. Сондай-ақ Қарулы Күштер ықтимал соғыс жағдайында ҰҚК Шекара әскерлерін, ІІМ Ішкі әскерлерін, Республикалық ұланды және Азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен бөлiмдерiн қамтиды. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Жоғарғы Кеңестің құрылымында Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитетін құру туралы ұсынысты мақұлдады.
Елбасының стратегиялық шешімдері еліміздің жаңа Қарулы Күштерінің құрылуына негіз болды. Оның қатарында ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін бөлек атап өткен жөн. Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық әлеуетке жеткізетін Кеңестің әскери мұрасынан бас тартты. Ол жердің кез келген нүктесіне жетуге қауқарлы 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110-нан аса баллистикалық зымыран еді. Осылайша Тұңғыш Президент елінің тыныштығы мен гүлденуін саяси амбициялардан жоғары қойды. Бұл қазақстандық армия үшін де тура жол болды, өйткені ядролық күшке арқа сүйемей, жаңадан әскери әлеуетті қалыптастыруға күш салды.
Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1999 жылы 7 мамырда Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы елордаға қоныс аударды. Жаңа ғасырдың басында 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітіліп, Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттар нақтыланды. Сол жылы Тұңғыш Президент Қазақстан армиясының әскери әлеуетін жақсарту үшін өзгерістер енгізіп, Қарулы Күштер қайтадан Жалпы мақсаттағы күштер және Әуе қорғанысы күштері болып екі түрлі құрылымға бөлінді. Жалпы мақсаттағы күштерге Зымыран әскерлері мен артиллерия және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді. Бір жылдан соң Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың функциялары бөлінді.
Ал 2003 жылдан бастап Қарулы Күштер үш түрлі құрылымнан – Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштерінен құралды. Мобильді күштер негізінде әскердің жаңа түрі – Аэроұтқыр әскерлері жасақталды. Зымыран әскерлері мен артиллерия жеке әскер ретінде құрылды. Сондай-ақ Штаб бастықтарының комитеті құрылып, әскери округтер «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары болып қайта құрылды.
Мемлекет басшысы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ететін ХХІ ғасырдың армиясын құру туралы талап қойды. Сондықтан Қарулы Күштерді одан әрі жетілдірудің басым бағыты – әскерді кәсібилендіру болып белгіленді. Осы мақсатта 2007 жылы жаңа Әскери доктрина бекітілді. Онда алдыңғы әскери құжаттың негізгі тезистері сақталып, соңғы жеті жылда әлемде болған өзгерістер, мемлекеттер басшыларының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басымдықтарға көзқарасының өзгеруі ескерілді.
2017 жылы қыркүйекте жарияланған бесінші Әскери доктринада ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Соңғы құжатта қазіргі заманғы саяси жағдай қаперге алынып, Қазақстан өзінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін сақтауға, терроризмге, заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы күрес жүргізуге дайын екендігі айтылады.
Сонымен қатар әскери саладағы өзгерістер білім беру бөлімдеріне оң ықпалын тигізді. Қазір Қазақстанның әскери саласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін әскери кадрларды даярлаудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Әскери білім беру үш деңгейлі Болон жүйесі: бакалавриат, магистратура, докторантура негізінде іске асады. Кадрлық әскери қызметкерлер Ұлттық қорғаныс университетінде, Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында даярланады. Бұған қоса кәсіби сержанттарды шыңдайтын Кадет корпусы және республикалық әскери мектептер желісі жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда Қазақстан армиясында белгіленген міндетті орындауға қауқарлы заманауи техника үлгілері бар. Соңғы жылдары қару-жарақ қатарын шеттен алдырған БПМ-97 және «Кобра» секілді оқ өткізбейтін машиналар мен қазақстандық өндірістен шыққан өздігінен жүретін «Семсер» артиллериялық қондырғысы, 120-мм «Айбаг» минометтері секілді жаңа техникалар толықтырды. Әуе қорғанысы күштеріне МиГ-31, Су-27С көп нысанды жойғыш, Су-24М, Су-25, Су-30СМ бомбалаушылар, Eurocopter EC145, Ми-171Ш, Ми-24 тікұшақтары және тағы басқа техникалар қосылды. Ал Әскери-теңіз күштерінде «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымырандық-артиллериялық кемелері, «Жайық» гидрографикалық кемесі бар.
Қарулы Күштердің, әскер мен әскери құрылымдардың қажеттіліктеріне сәйкес отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен даму көкжиегін кеңейту, олардың өнімдерін нарықта алға жылжыту мақсатында былтыр Нұр-Сұлтан қаласында «Kadex» көрмесі өтті. Бұл халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесінде әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.
Биыл 15 сәуірден бастап осы күнге дейін жалғасқан «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына жалпы 8 мыңға жуық әскери қызметші мен 2 мыңнан аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Бұл оқу-жаттығу жиынының барысымен Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып, танысып қайтты. Онда шартты түрде түрлі қақтығыстар орын алып, сайдың сақпан тасындай сарбаздар жауынгерлік іс-қимылдарын шебер көрсетіп, әскери дайындықтарын пысықтады. Мемлекет басшысы бұл іс-шарада Қазақстанның Қарулы күштерінің қуаты көрсетілгенін, күшті әрі мобильді армиямыз елдің сенімді қалқаны әрі тірегі екенін айтып, қазақстандықтарды Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтады.