Руханият • 07 Мамыр, 2019

Жетісулық жеңімпаз анықталды

1099 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қа­ла­сының Оқу­шылар са­райында «Бала дауысы» Ұлт­тық балалар ән байқауының төр­­тінші мауысымының кезекті іріктеу кезеңі өтті.

Жетісулық жеңімпаз анықталды
Әділқазылар алқасының құрамына кірген танымал қазақстандық орындаушы Марсель мен музыкалық продюсер Фарида Ниязова балалардың вокалдық қабілеттерін, сахналық шеберліктері мен репертуарлық таңдауларын бағалады.

Ең үздік дауыс иесі деп Қарасай ауданы Жалпақсай ауылының он екі жасар тұрғыны Аружан Рахманәлі танылды. Дарынды қыз 8 жастан бастап вокал үйірмесіне қатысады. Ол түрлі қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі вокалдық байқаулардың жеңімпазы. «Бала дауысы» туралы ғаламтор желісінен оқып, байқауға тек 8 бен 12 жас аралы­ғындағы балалар қатыса алатынын білген қыз өзінің соңғы мүмкіндігін жібергісі келген жоқ. Анасының айтуы бойынша, қызы Алматы облысының үздіктер үштігіне кіретініне сенімді болғандығына отбасы алғашында таң­ғалды. Бұл сенімділікті жақсылыққа жорып, әке-шешесі байқауға қатысуға рұқсаттарын берді. Аружан қазылар алқасын ғана емес, сонымен қатар көрермендерді ерекше дауыс ырғағы мен табиғи әсерлілігімен баурап алды.

Күзде Аружан Қазақстанның басқа аймақтарының 16 финалисімен «Жұлдызды Арман үйінде» кездеседі. Байқаудың суперфиналына дайындық сәтінде балалар вокал, хореография және әртістік қабілеттерін арттыратын сабақтарға қатысады.

25 мен 27 қазан күндері балдыр­ғандар жобаның ақтық бағдар­лама­ларында өнер көрсетіп, байқауға арнайы жазылған әндерді орындайды.
«Бала дауысы – 2019» байқауының жеңімпазы музыкалық оқу орнында білім алуға мүмкіндік беретін грант пен Диснейленд ертегілер әлеміне сая­хат жолдамасына ие болады.