Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

500 млрд теңге жұмсалған ауыз су бағдарламасының нәтижесі қандай?

1179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына келген сапарында аймақ басшысы Амандық Баталовқа ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану, суару жүйелерін қалпына келтіріп, қайта жаңғырту жайын қадағалауды тапсырған еді.

500 млрд теңге  жұмсалған ауыз су бағдарламасының нәтижесі қандай?

Президент осы жолы еліміздегі ауыз сумен қамту бағдарламасына бөлінген қисапсыз қаражаттың есебін беретін уақыттың келгенін де айтқан болатын. Біз Тоқаев тапсырған міндеттердің ішінен ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану мен суару жүйелерін қалпына келтіруге қатысты және ауылдарға ауыз су тарту жұмыстарына бөлінген қаржы жайына аз-кем шолу жасап көрмекпіз.

Жалпы, Жетісу өңірі – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы өнімнің 20 пайызға жуығын беретін аграрлы аймақ. Қазір облыс диқандарының алдында өнімнің көлемін жыл сайын көбейту міндеті қойылған. Алайда, игерілген жердің аумағы ұлғаймай, алынатын өнімнің көлемін арттыру мүмкін емес екені белгілі. Әсіресе, егістік көлемін ұлғайтудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл бағытта істелген жұмыс бар. Мысалға, өткен жылы ғана облыстағы жалпы егіс алқабы 953 мың гектарға жеткен екен. Оның ішінде суармалы жердің көлемі ұлғайды. Есеп бойынша, 25 мың гектар суармалы алқап айналымға қосылды. Осының арқасында биыл диқандар игеретін жер көлемі де көбейді. Оның ішінде өңірдің негізгі дақылы саналатын қант қызылшасы егістігін 14 мың гектарға жеткізіп, жиналатын өнім мөлшерін 485 мың тоннадан асыру басты мақсатқа қойылған. Биылғы меже егіс алқабының көлемін арттырумен қатар, сапалы өнім алу болып отыр. Мысалға, бір ғана Ескелді ауданындағы дақыл егілетін аумақ 26 мың гектарға жетті. Ал Панфилов ауданында жүгері өсіру қарқын алды. Биыл жүгері егісінің көлемі 26 мың гектардың шамасында болмақ.

- Біз Алматы облысы аумағындағы ирригациялық желілерді қалпына келтіруді 2-3 жыл бұрын қолға алған болатынбыз. Қазір соның нәтижесін көрудеміз. Биыл 25 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған еді, міне көктемгі егіс науқанын да оған жеткіздік. Жалпы өңірдегі суару жүйелеріне толық түгендеу жүргізіліп, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды, үш жыл ішінде осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінді. Ал 2022 жылға дейін бұрын айналымнан шығып қалған 126 мың гектар суармалы жер қайтадан пайдалануға беріледі деп жоспарланған, - деді тақырыпқа орайғы сауалымызға жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов.

Елімізде 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы мәреге жетуге таяды. Өкінішке қарай, көптеген өңірде сапалы су әлі де қол жетімсіз. Ал ауызсу сапасының жақсаруы ауылдарды орталықтандырылған су құбыры жүйесіне қосуға тікелей қатысты. «Ақбұлақтың» басқа жобалардан артықшылығы дегенде осыны ескеруіміз керек. Алайда, ауыз сумен қамту бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының көлемі тіптен көп екен. Мәселен, бұл мақсатта қазынадан 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Демек, мол қаржы мақсатты жұмсалды ма, әлде сумен бірге басқа мақсаттар арнасына ағып кетті ме деген сауал туады. Мемлекет Басшысы да Талдықорғанға келгенде осы мәселені көтерген еді.

- Өңірлерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама қолға алынғалы 20 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Өкінішке қарай, нақты нәтиже аз. Бұл орасан қаржының мақсатты жұмсалуын Есеп комитеті мен құқық қорғау органдары сараптауы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтпақшы, тұтас еліміз сияқты Алматы облысында да халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Ал облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша мәселе шешімін тауып жатыр. Өткен жылдың есепті деректерін сараптасақ, ондаған ауылда жүздеген шақырымға созылған су құбыры тартылып, оған миллиадтаған қаржы бөлінгенін байқаймыз. Жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында облыста аталған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 25,4 млрд.теңге игеріліп, оған 221 сумен жабдықтау және cу жеткізу нысандары іске қосылыпты. Қазір бұған дейін сапасы күмәнді ауызсу тұтынып келген 338 мыңға жуық тұрғынның үйінде құбырдағы сапалы ауыз су ағып тұр екен. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясындағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Бүгінде жоспарланған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 8,1 млрд теңге сомасына 49 жоба іске асырылып жатқан көрінеді.

Айтпақшы, бағдарламаға бөлінген қаржыны игеру үшін өңірде бұрынан сапалы ауыз суы бар ауылдарды да тізімге қосып, қайтадан су құбырының құрылысын жүргізіп жатқан оқиғалар да кездеседі. Мысалға, біз облыстың Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазатком ауылы тұрғындарының елді мекендегі су тарту жұмыстарына қарсы болып отырғаны жайлы бұған дейін жазғанбыз.

- Ауыл әкім 2018 жылғы 4 тамызда Қазатком ауылындағы ауыз судың тұтынуға жарамсыздығы туралы № 907/ 250 – 251 хаттама толтырып, ауданға «Ақбұлақ» бағдарламасына сұраныс беріпті. Біз бұдан хабарсызбыз. Ауыл әкімі оны ел-жұртпен ақылдаспай, көзбояшылықпен толтырып жіберді. Біз қазір ауыл әкімдігінің хаттамасында көрсетілгендей ішіп отырған суымыздың сапасы төмен емес, керісінше аумақтағы ең таза су Қазаткомда екенін дәлелдей аламыз. Бірақ оған құлақ асар аудан жоқ. Керісінше, бізге «ауылдарың бағдарлама бойынша су тартуға кіріп қойды, енді шегінер жер жоқ. Біз құрылыстан бас тартсақ, үлкен айыппұл төлейміз» деп ары қарай арызданбауға үгіттеуде, - деген болатын тұрғындар атынан хабарласқан Қалиақбар Досымов. Ал облыстың жауапты мекемелері Қазатком ауылы тұрғындарының шағымына орай әлі нақты жауап беруге асығар емес...



Алматы облысы