Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

ЕҚДБ қазақстандық кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға инвестиция салады

1018 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі (ЕҚДБ) ашық нарықтық экономикаға өтуге, сондай-ақ жеке және іскерлік қызметті дамытуға ықпал ететін жобаларға инвестиция салуын жалғастырып келеді.

ЕҚДБ қазақстандық кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға инвестиция салады

Таяу күндері ЕҚДБ аталмыш бағдарламаның нәтижелерімен таныстыру үшін БАҚ өкілдерін Goldman және Young, Clotwell, Sunpaper, «Алматы ашықты зауыты» АҚ «Almaty Yeast Plant», «Adal Sut» ЖШС-нің басшыларымен бейресми жағдайда кездестірді. Журналистер шағын және орта бизнесті жүргізуге қатысты екі тараптың да уәжін тыңдап, сауалдар қоюға мүмкіндік алды.

ЕҚДБ Қазақстанның шағын және орта кәсіпорындарында (ШОБ) тауар айналымын ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларға нақты қолдау көрсетіп отыр. Осының арқасында Банк ШОБ-қа, яғни меншік иелері мен басқарушыларына өз бизнесін трансформациялауға және оны бәсекеге қабілетті етуге көмектесетін білікті жергілікті кеңесшілер мен халықаралық салалық сарапшыларды тартуға көмектеседі. Бұл іс-шаралар үшін ЕҚДБ осындай жобаның құнын ішінара жабуға көмектесетін гранттар бөледі. Гранттық қаражаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, «Теңізшевройл» ЖШС және «Shell Kazakhstan» компаниялары арқылы қамтамасыз етілді.     

Goldman and Young (G&Y) – HORECA секторлары мен  басқа да азық-түлік өндірушілеріне өнеркәсіптік химикаттар шығарады. Аталмыш компания ЕҚДБ қолдауының арқасында жергілікті және халықаралық сарапшылармен бірігіп, бірнеше жобаны жүзеге асырды. Нәтижесінде компанияның сауда айналымы екі есе өсті, сату бөлімшелеріндегі үдерістер жақсарды. Химиялық өнімдердің ең ірі халықаралық өндірушілерінің бірі Diversey-мен келісім-шарт жасалып, іске қосылды.

Талғардың Clotwell тігін фабрикасы да Кайзен жөніндегі ЕҚДБ-ның жергілікті кеңесшілерімен бірге өз жобаларын іске асырып, кәсіпорынды автоматтандыруға қол жеткізді. Халықаралық сарапшылар компанияға өз стратегиясын дамытып, сондай-ақ нарыққа жаңа өнімдерді енгізуге көмектесті.

Сол сияқты наубайхана ашытқысын шығаратын еліміздегі жалғыз мамандандырылған кәсіпорын «Almaty Yeast Plant» АҚ ЕҚДБ-на халықаралық сараптама жүргізу үшін өтініш берген болатын. Әлемдік брендтермен жұмыс істеу тәжірибесі мол Түркиядан келген салалық сарапшы ашытқы сапасын айтарлықтай жақсартуға, шығындарды 10% төмендетуге, ашытқылардың сақтау мерзімін 25-тен 45 күнге дейін арттыруға және жабдықтардың өнімділігін екі есеге арттыруға көмектесті. Сербиядан мамандар маркетинг және сату мәселелерін шешуге септесті. Ал жергілікті кеңесшілер компанияға қаржылық есеп пен автоматтандыруды енгізуге көмектесті. 

«Адал Сүт» агроөнеркәсіптік компаниясы» ЖШС Қазақстан нарығына 20 жылдан астам уақыт бойы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Компания ЕҚДБ-ның халықаралық индустриалды сарапшыларымен екі жобаны, жергілікті кеңесшілермен екі жоба жүзеге асырды. Осы жобалардың арқасында компания сату бөлімінің құрылымын оңтайландырып, жаңа өнім түрлерін шығарып, Қырғыз Республикасының нарығына кірді. ЕҚДБ-мен әріптестіктің арқасында «Адал Сүт» компаниясының айналымы 44%-ға, белсенді клиенттік база 18% -ға өскен. 

АЛМАТЫ