Шерағаңның шапағаты
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:33
Шерағаңа орынбасар, бірінші орынбасар болғанға дейін «Лениншіл жас» газетінің редакторы, алғыр да алымды жазушы, абзал аға Сейдахмет Бердіқұловтың орынбасары, Шерағаңнан кейін Қазақстанның Еңбек Ері, ел ағасы, үлкен тәлімгер Әбіш Кекілбаевтың, ақкөңіл де ақжарқын зияткер, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің, қажырлы да қағылез замандас, ақадал қайраткер Уәлихан Қалижанның бірінші орынбасарлары болдым, өзім де бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып көрдім, талғамшыл басшы,
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:33
Шерағаңа орынбасар, бірінші орынбасар болғанға дейін «Лениншіл жас» газетінің редакторы, алғыр да алымды жазушы, абзал аға Сейдахмет Бердіқұловтың орынбасары, Шерағаңнан кейін Қазақстанның Еңбек Ері, ел ағасы, үлкен тәлімгер Әбіш Кекілбаевтың, ақкөңіл де ақжарқын зияткер, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің, қажырлы да қағылез замандас, ақадал қайраткер Уәлихан Қалижанның бірінші орынбасарлары болдым, өзім де бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып көрдім, талғамшыл басшы, Сауытбек Абдрахмановтың вице-президенті болдым. Тікелей басшым болған осы аталған азаматтар редакторлық тұрғыдан келгенде әрқайсысы бір-бір төбе болғанмен, Шерағаңның редакторлығы алабөтен айрықша еді. Сол редактор деген қызметтің өзі Шерағаң атқарған тұста мүлдем биік, өте жоғары лауазым болып көрінетін. Кейін ғой жұрттың бәрі бас редактор болып жатқанда Шерағаңды даралау үшін редакторлардың редакторы деген теңеуді қолдана бастадық.
Шерағаң «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор болып 1989 жылдың ноябрінде, еліміз егемендігін жарияламай, тәуелсіздік алмай тұрғанда, газет пен ай аттары әлі бұрынғыша айтылатын кезде келді. Асықпай, аптықпай келді, алғашқы күндері материалдар қараған жоқ, әкелген макеттерді де үнсіз шолып шығумен болды. Екі аптадай өткенде кабинетіне шақырды. Ол кезде редакциядағы насихат бөлімінің меңгерушісі болатынмын.
– Сен осы жастар газетінде орынбасар едің ғой… – деген Шерағаң сәл бөгеліп, әңгімесін жалғастырып кетті. – Газет шығарудың жауапкершілігін білетін болуың керек… – Менің жауабымды күтпестен әрі қарай тағы жалғастырды. – Маған жедел жұмыс істей білетін көмекші керек. Бөліміңнің жоспарларын, берген дүниелеріңді қарап шықтым. Қолай көріп отырмын. Қазірше орынбасар боласың… Өзің қалай қарайсың?
– Дұрыс қараймын.
– Онда былай… Біздің газет артық жүгі көп керуен секілді, өзгерістерге ілесе алмауда. Оқырманды өзімізге тарту үшін, дұрысы оқырманға бет бұру үшін, халықтың газеті болғанымызды дәлелдеу үшін желіскей аттардың жүрісі керек. Сен өзі қой баққан екенсің, желісі шапқан атқа жеткізбейтін жүйріктер болады. Бізге сондай желіс керек. Біздің жағдайда бұл – өмірдегі болып жатқан өзгерістерді дөп басатын, кейде алдын орайтындай материалдар беру. Ал өзгерістер алдағы кезде тіпті көп болады. Бәрін қамту үшін газеттің төрт бетіне күн сайын жиырма-шақты тақырыпты сыйғызып отырайық…
Шерағаң әлі орынбасар болып үлгермеген маған редакторлық стратегиясын осылай түсіндірді. Содан кейін бұл тақырыпқа оралған емес. Ара-тұра үлкен міндетті орындаудың нақты тетіктері секілді ойларын айтып тұратын. Солардың алғашқысы Алматыда, облыстарда болып жатқан оқиғаларды мүмкіндігінше молынан қамтып, ақиқат жазу керектігі еді. Жазатын дүние көбейіп, газетке сыймай жатқанда келесі ойын жеткізді. Онысын Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың бір қалжың оқиғасымен бастады. «Мына менің Қалтай досымның: «Сөздің қысқасы, колбасаның ұзыны жақсы» дейтін әпсанасы бар. Сол айтпақшы…» дейді де газетке шыққан қайсы материалдың мазмұнында суы көп екенін, қайсысына қандайлық көлем жетіп жататынын айтып шығатын.
Мұндай ойларын көбіне ілездеме үстінде, анда-санда жеке өзіме тапсыратын. Күнделікті нөмірді қарап отырып айтады. Бар-жоғы төрт бет болса да бармағын тіліне тигізіп қойып парақтайды. Соңында «Өзің қалай қарайсың?» дегенін қосып, пікіріңді тыңдайды да «Әп, бәрекелді!» деп қорытындылайтын. Материалдардың көлемі қысқара қоймаса, макет көру барысында тақырыптарға қарап отырып, макеттегі орнын қызыл қарындашпен белгілеп беретін. Сол тұста журналистердің арасында «Шерағаңның қызыл қарындашына ілігіп кетпейік» дейтін сөз жүретін.
Газет пен оқырмандар арасындағы байланысқа айрықша мән берді. «Газетіңнің өтімді-өтімсіз екенін оқырман хаттары білдіреді», дейтін. Оқырман хаттарының топтамасы, ойлы оқырман хаттары жиі шыққанын ұнататын. Өзі, әсіресе, келер жылғы газетке жазылу барысында оқырмандармен кездесулерге жиі шығатын. «Тың тақырыптардың көкесі сондай кездесулерде айтылады», деп отыратын. Ел ішіндегі өзгерістерді білу үшін мұндай байланыс таптырмайтын құрал екенін үнемі айтатын.
Шерағаң «Алты бет – арман» деген тақырыппен шыққан материалымды оқыған соң «Арманыңды оқырмандарға, совхоз, аудан басшыларына өзің айт», деп мені Талдықорған облысына сапарына ілестірген болатын. Және бір ойлармен бөлісті. «Ондай кездесулердің бәріне мен барып үлгермеймін. Батыс, солтүстік өңірлерге бірінші орынбасар ретінде сен барасың. Кездесулердің қалай өтетінін үйреніп ал. Оның үстіне мына жаңа орынбасар жігіттің келгенін жұрт білсін. Газетке қол қойып көрсін», деп барлық шаруаны Сабыржан Шүкіровке тастап, Аян Нысаналин, Сиез Бәсібеков төртеуіміз Талдықорған жағында жүргеніміз бар. Аттанар алдында газеттің есеп-шотын көп қылып басып алуымды тапсырды. «Алты бет шығаруға ақша керек, ал ақша табудың бір жолы жарнама болса, екінші жолы демеушілер тарту», деді. Сол жолы бір миллион теңгенің үстінде демеушілік қаржы тартып, аптасына бір рет алты бет болып шыға бастағанбыз. Оның бір бетіне жарнамалар мен ақылы құттықтаулар беріп тұрдық.
Бір аптадай болдық, барлық әңгімелерді бірдей тыңдадық. Бірақ оралған бетте Шерағаң ілездемеде қойын дәптерін парақтап отырып, талай тың жайттың шетін шығарды: шаруашылықтар керемет жүгері өсіреді, сүт, ет өнімдерін өндіруде, ал соларды мемлекетке шикізат күйінде өткізеді, неге дайын өнім жасап, сатпайды; ауылдарда жақсы мұғалімдер, әсіресе, шет тілі мұғалімдері, мықты дәрігерлер жетіспейді, озық мамандарды ауылға тартудың, тұрақтандырудың жолы қайсы, жас мамандарға үй берсе қайтеді; Шоқан өмірінің соңғы күндері өткен, жерленген жерлері туристік маршруттарға неге енбеген, т.т. Осылайша алғаш рет дербес елдік мәселелер көтеруді, соларды ауыл өмірінен, оқырмандар тілегінен өрбіте білуді үйрендік.
– Осы біздің газеттің атын өзгерту керек, – деп бастады кезекті бір әңгімесін. Содан ойласа келе, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Саяси бюросына газеттің атын «Қазақстан» деп өзгерту жөніндегі ұсынысымызды жазып, мұның бес-алты себебін келтірдік. Тіпті, басылымның ізашары «Ұшқын» революциядан бұрын Ғұмар Қараш шығарған «Қазақстан» газетінің құрал-жабдықтарын пайдаланып шығарылғанын да келтірдік. «Қазақстан» деген фирма атауын әзірлеп, бірге жібердік. Сонымен, Саяси бюроның қаулысы шығып, «Қазақстан» деген атау берілді ғой. Құжат жүзінде үш-төрт сағат «Қазақстан» болып тұрғанбыз да. Түстен кейін Өзбекәлі Жәнібеков ағай хабарласқан. Ол кісі Саяси бюро отырысында болмаған екен де, қаулыдағы «Қазақстан» атауына келіспепті. Республика атымен бірдей болғанына көнбей, Нұрсұлтан Әбішұлына кіріп, «Егеменді Қазақстан» атауына келістіріпті. Шерағаң Өзекеңді тыңдап болған соң әзірлеген фирмаға қарап отырып, кішірек шрифтпен «Егеменді» деп қосуды тапсырды. Кейін редактор болып келгенде Әбіш Кекілбаев ағай жаңа жылдық нөмірді ешқандай қаулысыз-ақ «Егемен Қазақстан» деп шығаруға ұйғарды. Сонымен Өзекең, Шерағаң, Әбекең үшеуінен қалған ескерткіш болып қазіргі атау келе жатыр.
Шерағаң сақа қызметкерлерді, тәжірибелі журналистерді айрықша қадір тұтатын. Олардың жазғандарын қызыға оқитын. Жеке-жеке тапсырма беруімді, жазғандары жатып қалмауын тапсыратын. Тәжібай Битаевтың көкбазардағы бағалар жөнінде жазған репортаждарын оқығанда мұны ілездемеде арнайы атап өткен. Апта сайын жазып тұруын қадап айтқан. «Жұрт елдегі жағдайдың өзгергенін сол базар бағаларынан-ақ біле алады», дейтін. Кейін бұл тақырыпты басқа басылымдар да көтеретін болды. Қазір ол елдегі экономикалық саясаттың нәтижесі ретінде беріліп жүр. Әділ Дүйсенбектің, Кеңесхан Зәкеновтің, Қойшығара Салғариннің, тәжірибелі меншікті тілшілердің жазған мақалаларын оқығанда қуанып қалатын.
Сол тұста журналистердің кейбірі зейнеткерлікке шығып, кейбірі жаңа ашылып жатқан газет-журналдардың басшы қызметіне ауысып жатты. «Кетем деген жігіттердің жолынан қалдырмайық», дейтін. Бірақ Қойшекең қызметтен босату жөнінде өтініш жазғанда қатты қынжылды. «Осы жаққа жүрерде кімдермен жұмыс істеймін деп жігіттерді көз алдымнан өткізгенмін. Сонда әдебиет бөлімі сенімді қолда екен деп едім. Қойшекем, кітап жазамын дегеніңе қарсы емеспін. Жаз, шығар, ал газетке қайтып келемін десең, осы бөлімің, осы қызметің өзіңді күтіп тұрады», деп шығарып салған.
Жас журналистерге көп үміт артатын. «Бұлардың ойлау жүйесі жаңаша, жаңаша жазады, мынау өзгерістерді олар жедел қабылдайды», деп отыратын. Қайнар Олжайдың, Әміржан Қосановтың, Тілекқабыл Боранғалиевтің, Ермұрат Бапиевтің, Басқар Битановтың, Қарашаш Тоқсанбайдың, Гүлзейнеп Әбдірахманованың жазғандарынан жаңалық көріп жатса, мәз болып қалатын. Олардың тақырып қойыстарынан бастап, бүкіл жазу әдістерін ұнататын. Нұртөре Жүсіп пен Рысбек Сәрсенбайұлын қызметке Шерағаң алған.
– Шұбырған көп бөлімдердің орнына үш-төрт блок болса жетер еді, – деген бір жолы. – Әрқайсысы негізгі тақырыптарын белгілесін. Жаңа тақырыптар туындаған кезде оңай бұрыла алатын болсын…
Бұл да желіскей жүріске қажет жағдай деп еді. Осы тапсырмасын бет-алты жыл кейін іске асырғанбыз.
Шерағаң алпысқа келгенде ең алғашқы тойын ұжым болып өткізгенбіз. Ол кезде Балғабек Қыдырбекұлы тірі еді. Сол тойда екеуі қыз-жігіттерге әңгіме айтып, өте көңілді отырған. Сөйтсек, сол тойымыз Шерағаңды радио-телевизия комитетінің басшысы қызметіне шығарып салуымыз да болыпты ғой.
Одан беріде 20 жыл өте шығыпты. Біз де есейдік, қазір зейнет демалысындамын. «Егеменнің» кейінгі толқын қызметкерлерін «балам», «қызым» деп еркелетемін. Бірақ өзімді еркелетер, өмірге құштарлығымды арттырар «Ерекем» деген таныс дауысты, арқамнан сипап өтер алақанды күтумен келемін. Шерағаңның дауысы мен алақанын сағынып жүрмін.
Ержұман СМАЙЫЛ,
журналист.
АCТАНА.