Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өткен фестиваль туған жерге, елге деген әркімнің жүрек түкпіріндегі махаббатты қырдың қызыл қызғалдағындай алаулатты. «Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады» деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Қазақстанда осы әсем гүлдің 35 түрі кездессе, соның бірі, Голландиядағы сұлулығына әлем сұқтана қарайтын қызғалдақтардың арғы тегі болып саналатын, еліміздің «Қызыл кітабына» кірген Шренк қызғалдағы көктемде Тобыл-Торғай даласына кілем төсегендей, қырларды жауып қалады. Мамыр айы – Ұлы дала үшін қызғалдақ айы.
– Осы Амангелді кентінен 8-9 шақырым жерде Сүлікті деген жер бар. Сол жерлерде қызғалдақ қалың шығады, көрпе болып жатыр. Көздің жауын алатын нәзік гүлді жұлуға қимайсың. Далама осындай әдемілікті, байлықты берген Аллаға шүкірлік айтамын! – дейді Амангелді ауданының тұрғыны Сапар Төлебаев ақсақал.
Сүліктіден кем емес орынның бірі Степняк ауылының сырты екен. Қызғалдақ фестиваліне асыққан қонақтар мен туристер алдымен осы далада жылқы өсіріп, қымыз сауып отырған Сәрсенбек Досмағамбетовтің жайлауына бұрылды.
– Әттең-ай, үш күн бұрын қар жауып, кілемдей түрленіп жатқан қызғалдақтарымызды суық ұрып кетті! Енді күн қыза қайта көтеріледі ғой, – дейді С.Досмағамбетов. Дегенмен, әлжуаз болса да қызғалдақтар әр жерде бір қияқ шөптің арасынан көзге оттай басылады. Жусанның қышқылтым иісі мұрынды қытықтайды. Оның отбасы мамырдың басынан, бие байлай бастапты. Ақшаңқан үйді айнала шауып, құлындар құлдыраңдайды. Қонақтар мен туристерге бие сауып, қымыз дайындау ісі көрсетілді. Ысталған күбіден құйылған мамырдың бал қымызының дәмі қонақтардың таңдайын жұлып барады-ау!
Халқымыздың, жеріміздің тарихы да, дәстүрі де, өнері де қызғалдақтай сұлу екенін Амангелді кентінен әудем жерге тігілген ақшаңқан үйлердегі көрмелер айта жөнелгендей. Қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдардың әрқайсысы халқымыздың тарихымен өріліп жатыр. Қолөнерші Айдын Диқанбаев терімен жұмыс істеуді әкесінен үйренген екен.
– Мен бұйымның барлығын да кәдесый деңгейінде емес, күнделікті тұтынуға жарайтындай етіп жасаймын. Олар тұрмысымызда қолданылса ұмытылмайды. Мына қымыз торсықты сиырдың терісінен жасадым. Енді шамалы жұмысы қалды. Аузына қайыңнан тығын жасап, ішін қаймақпен сылап, тобылғымен ыстаймын. Сонда қымыз құюға дайын болады. Бұл жолға алып жүруге сондай ыңғайлы, сынып қалады демейсің, ішіндегі қымыз айнымайды, – дейді ол. А.Диқанбаев сонымен қатар қамшының неше түрін пайдалану үшін өреді. Қамшының сабын тобылғыдан жасайды. Торғай бойының тобылғысы қатты болады, қасиетті ағаш саналады.
– Осы екі бұйымның өзінде халқымыздың қаншама салт-дәстүрі жатыр? Өзім Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қолөнер үйірмесін жүргіземін. Балаларға осының барлығын жырдай етіп әңгімелеймін, үйретемін. Олардың бойында ұлтқа, жерге, елге деген сүйіспеншіліктің дәнін егуге тырысамын, – дейді ол. Фестивальде аталарымызбен бірге жасасқан ұсталық, зергерлік, киіз басу, кілем тоқу, тоқымашылық – бәрі-бәрі көрсетілді.
Мерекенің ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жиналғандарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан Қызғалдақ фестивалімен құттықтады. Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов жас ұрпаққа атамекеннің, Ұлы даланың тағылымды тарихы танымдық рухани күш, тәуелсіз елдің бүгінгі жетістігі мақтаныш екенін жеткізді.
Мереке сәнін қашанда ұлттық спорттық ойындар, ән мен күй келтіреді. Ұлттық ат спортының барлық түрін қамтыған жарыстар мерекеге жиналған жұрттың делебесін қоздырды. Бозкілемде жүз балуан белдесіп, той қызығын қыздыра түсті. Ал тоғызқұмалақ ойыны кішкентай спортшылар арасында тартысты өтті. Ұлы даланың аспанында ән қалықтады. 500 амангелділік домбырашы Құрманғазының «Балбырауыны» мен халық күйі «Келіншекті» орындады.
– Енді осы жаздың шілде айында өтетін Ұлттық домбыра күні мерекесінде Амангелді ауданынан мың домбырашы күй тартатын боламыз. Онда да Астанадан арнайы келіп өзім дайындаймын, – дейді 73 жастағы дирижер, Мәдениет саласының үздігі, Амангелді ауданының перзенті, патриоты Сапарғали Ахметжанов. Фестивальға Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан, Шымкент қаласынан, Ресейдің Қорған облысынан туристер де қатысты.
– Қызғалдақ пен жусанның иісі, таза ауа қандай керемет десеңші! Адамдардың пейілі, қонақжайлылығы жасыл кілем төсеп тастағандай даланың кеңдігімен пара-пар дегім келеді. Қазақ халқының қолөнерінен, әні мен күйінен, атжарыс қызығынан ләззат алдық, жақсы демалдым, – дейді шымкенттік Валентина Харахордина.
Амангелді ауданындағы тұңғыш облыстық Қызғалдақ фестивалі осындай көркімен, мазмұнымен оған куә болған жанның бәрін де рухани байытып жібергендей еді. Атамекеннің құдіреті бұл.
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы