Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

Шипажайлардың шипасы арта түспек

921 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан хал­­­қына арнаған Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін ста­­цио­­­нарлық емге емес, негі­зінен аурудың алдын алуға ба­­ғыт­талуы тиіс деп атап көрсеткен болатын.

Шипажайлардың шипасы арта түспек

Оңтайлысы да осы. Та­лап биігінен табылатын тө­те жол қайсы? Бұл ең алды­мен, шипажайлардың шипа­сын арттыру. Бурабай бау­райындағы «Оқжетпес» ем­деу-сауықт­ыру кешенінде осы мәсе­ленің мән-жайын терең қамтыған «Ши­­­­па­жай-2019» ІV халықаралық ғы­­лыми-тә­жірибелік форумы өтті. Ең ал­­ды­мен Бурабай курортты аймағын дамы­ту жолдарын іздестіруді көз­деген форум жұмысына Пре­зидент Іс басқарушысының орын­басары Қанат Шөкенов, Ақ­мола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаев, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті ел­ші­сі Андраш Барани, Президент Іс басқар­­масы Медициналық орта­лығының басшысы Алексей Цой, сондай-ақ Ресей, Грузия, Швей­цария, Литва, Чехия, Вен­­грия мемлекеттерінен делегаттар қаты­­сып, медициналық ту­ризмді дамыту жө­нін­де пікір алмасты.

Қазақстанның, сондай-ақ бір­неше шет мемлекеттердің меди­циналық оңалту, кардиология, уро­логия, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру салаларының жетекші мамандары бас қосты. Көп болып ке­ңес­кен істің нәтижелі де болары белгілі. Алдағы уақытта ат­қа­рылуға тиіс жұмыс ауқымы пысықталды.

Санаториялық-курорттық ұйым­дардың негізгі қызмет бағыты – халықтың денсаулығын қор­ғау, аурудың алдын алу. Курор­тология саласындағы зе­йін­ді зерттеулер осы саланың ден­саулық сақтау жүйесінде айрықша маңызға ие екенін әлде­қашан дәлелдеген. Форум­да сөз алған Президент Іс бас­­қа­­рушысының орынбасары­ Қанат Шөкенов Президент Іс бас­қармасы Медициналық орта­лы­ғының емдеу-сауықтыру кешендер жүйесіне 743 орынға шақ­талған ши­­­па­жай кіретінін айтып өтті. Бұл шипажайларда жыл сайын 
20 мыңға таяу адам ем қабылдайды. Ақмола облы­сының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі табиғи мүмкіндіктерді іл­кімді пайдалана отырып, аурудың алдын алудың қанша­­лықты маңызды екенін таратып айтып берді. Щучье-Бура­бай курортты аймағында бір мезгілде 3 мың адамға қызмет көр­сете алатын 15 шипажай жұмыс істейді. Бұл еліміздегі барлық шипажайлардың 9 пайызы. Аурудың алдын алуға таза ауа, мөлдір су, тамылжыған та­­би­ғат септігін тигізіп-ақ тұр. Шипа­жайлар не­­­гізінен тыныс алу, жүрек, қан тамырлары, ас қо­рыту, тірек-қимыл органдары сыр­­қаттарын емдеумен айналысады. Қа­­­­зір замандастарымыз табиғат тартуын жете тү­сінуде. 2016 жылы Бурабай бау­райындағы шипажайлардың шипасын көруге 25 мыңға жуық адам келсе, 2017 жылы 28500 адам емделген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 30 мың адамға жет­кен. Облыс әкімі осындай деректерді айта келе, келесі жылы мұндай форумды Зеренді курортты аймағында да өткізу туралы ұсынысын айтты.

Форум жұмысына қатысқан деле­гаттар – Венгрияның Қазақ­­­стандағы Тө­­­тен­ше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Президент Іс басқармасы Меди­циналық ор­­­­та­лығының басшысы Алексей Цой,­ сондай-ақ Switzerland Tourism компаниясының даму­­шы нарықтар және арнайы жобалар жөніндегі директоры Фе­дерико Маруго мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов ме­ди­циналық туризмді дамыту жөнінде кеңі­нен әңгімелеп бер­се, «Астана» ме­­­дициналық универ­ситетінің ректоры Дайнюс Па­валькис, Венгриядан келген дәрігер-курортолог Ирина Не­­­­­­красова медицина маманда­рын даярлау, Венгрияның ши­­па­жайлары туралы баян­­­дамалар жасады. Ал форумның пле­нарлық отырысында делегаттар білікті ғалымдардың ой-пікір­лерін тыңдады.

Форум аясында «Санаторий-курорт­­тық істегі медициналық оңал­ту­дың әлеуеті. Мәселелер және шешу жолдары», «Меди­циналық оңалтудың болашағы бар ма?», «Курорттық істегі экономика және менеджмент» атты тақырыптарда кон­ферен­циялар өткізіліп, курортты аймаққа ақпараттық тур, «Оқжетпес» шипажайына саяхат ұйымдас­тырылды.

Президент Іс басқармасы­ның Меди­­ци­налық орталы­ғы ұйымдастырған «Шипа­жай-2019» IV халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік форумы барысында аталған басқарманың медициналық орталығы мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы